«Тараз» қарызынан қашан құтылады?

«Тараз» футбол клубы талай талантты тудыр­ға­ны белгілі. Алайда кейін­гі жылдары клуб жү­рісінен жаңылып, футбол­шылардың сүреңсіз ойы­ны жанкүйерлердің жүйкесіне ши жүгіртті.

Ал былтыр жергілікті команда тіпті төменгі лигаға түсіп қалып, онда да оңды ойын көрсетпеді. Маусымды 11-ші орынмен аяқтап, бас шайқатты. Биыл да клубтың жағдайы мәз емес: белшесінен батқан қарыздан әлі құтыла алмай келеді. 

Жалпы, бұл «Тараз» футбол клубының басына бірінші мәрте туып отырған жағдай емес. Ең әуелі 2021 жылдың мамыр айында «Тараз» футбол клубы ойыншыларына айлық жалақы төлей алмай, қаржылық қиындықтарға тап болып жатыр» деген әңгіме әлеуметтік желілерде желдей есті. Алайда клуб басшылығы жанкүйерлер мен футболшыларға барынша басу айтуға тырысты.

«Тараз» футбол клубының бюджеті миллиардтаған қаржыдан құралмайды. Қазынасы былтырғы жылдардағыдай биыл да 1,2 мил­лиард теңгені құрады. Бұл – премьер-лигадағы өзге клубтармен салыстырғанда ең аз көрсеткіштердің бірі. Сондай-ақ бұл сома тек негізгі құрамға ғана бөлінген қаржы емес. Жасөспірімдер тәрбиеленіп жат­қан футбол орталығы, қосалқы ко­ман­далар, футбол орталығының жұмы­сы, стадион мен оқу-жаттығу базасын қамтамасыз ету, клуб қызмет­керлерінің жалақысы секілді көптеген бағытқа арналған. 

Дәл қазір клуб ойыншыларға да, басқа қызметкерлерге де жалақысын кешіктірмей келеді және ешкімге қарыз емес» деп сол тұста клуб тізгінін ұстағандар мәселенің тігісін жатқызуға күш салды. Алайда «ауруын жасырған өледінің» кері келіп, арада екі ай өтпей клубтың қаржылық мәселесін футболшылардың өзі көтерді. «Жалақы алмадық» деп жанайқайын ойыншылардың өздері жеткізгендіктен, клуб басшылығы қаржы мәселесі қос бүйірден қысып тұрғанын жасырмады. 

«Ойыншылардың тамыз бен қыркүйек айының жалақыларын бере алмай отырмыз. Одан бөлек, 2 сыйақыға қарызбыз. Өздеріңіз көріп отырғандай, биыл бірінші лигада өнер көрсетіп жатқан «Тараз-Қаратау» командасы құрылды. Екінші лигада да ойнайтын жастарымыз бар. «Футбол орталығы» сынды тағы бір базамыз жұмыс істейді. Осылардың барлығына клубтың ортақ қазынасынан қаржы бөлініп жатқандықтан, жоғарғы лигадағы командаға жетпей қалып жатыр. Биылғы маусымда бізге 1 миллиард 200 миллион теңге берілді. Үстінен түскен қосымша қаржымен біз ойыншылардың былтырдан қалған еңбек демалыстары мен өзге де берешектерімізді төледік. Осы таңға дейін «Тараз» футбол клубында бірде-бір демеуші болған емес. Ойыншылардың жейдесінің өзін 150 миллион теңгеге қарызға тіктірдік», – деген еді клубтың сол кездегі дирек­торы Талғат Тұрлыбайұлы. 

Тіпті клуб басшылығы сас­қан үйректің керін келтіріп, «футбол­шылар қаржысын үнемдеп жұмсасын» деп ойыншылардың шамына тиді. Осы жағдай түрткі болды ма, әлде басқа да себеп болды ма – белгісіз, ақырында Талғат Тұрлыбайұлы қыз­­метінен кетіп тынды. Алайда бұрынғы басшы соңғы күніне дейін «мен клубтың қаржысына қол салған емеспін» деп ант-су ішіп, ақталумен кетті. 

«Әлеуметтік желілерде клубтың қар­жылық қиындыққа тап болғанына мені кінәлап жатыр. Тіпті, «ақшаны жым­қырды» деген айып та тағылуда. Алайда мен облыс әкіміне де, өзге де құзырлы органдарға қай кезде болса да келіп тексеруіне болатынын айттым. Бюджеттен бөлінген соңғы тиынға дейін санап бере аламын. Егер ашып айтатын болсам, клуб ақшасының төрттен бір бөлігі салыққа кетеді. 350 миллион теңге жас футболшыларды тәрбиелеуге, 100 миллион 1-ші лига командасына, 200 миллион теңге 2-ші лига командасына жұмсалады. 100 миллион теңгеден аса қаржы орталық стадионның коммуналдық төлемі және техникалық қызметкерлердің жалақысына бағытталады. Мұн­­дай шығыннан кейін өздеріңіз есеп­теп көріңіз­дерші, премьер-лига кома­ндасы үшін қанша ақша қалады?» – деген клуб директоры сырын айтамын деп шынын айтқан. 

Алайда бас­­шы ауыс­қаны­­мен, қарыз сол бойы қалып келеді. Бұл мәселемен енді Жамбыл облысы әкімдігі Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметовке қайырылдық. Басқарма басшысының айтуынша, «Тараз» футбол клубы 2022 жылы 1,3 мил­лиард теңге қарызға батқан екен. Былтыр 750 миллион теңге қарызы жабылыпты. Клуб биыл қарыздан толық құтылады деп жоспарланып отырған көрінеді.

– Басқарма тізгінін қолға алған сәттен бастап клубтың мәселесіне көңіл бөліп, тығырықтан шығарудың барлық жолын қарастырып келемін. Қарызы көбейіп кеткендіктен коман­даны бірінші лигада ойнатуға шешім қабылдадық. Олай жасамасақ, клуб банкрот болатын еді. Бүгінде клубтың демеушісі жоқ. 2022 жылы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жақсы көмектескен. Бі­рақ жоғары нәтиже көрсете ал­ма­ған­дықтан, компания былтыр қолдау көрсетуден бас тартты. Қазір командада 17-18 жастағы жергілікті жердің жігіттер ойнауда. Олар қолдарына 100 мың теңге жалақы алады. Жастарымыздың қарқыны жаман емес. Қаржылық қиындықтан кейін клуб түлектері жан-жақта ша­шырап кетті. Қазір соларды қайтару бо­йынша сөйлесіп жатырмын. Алай­да ең бірінші кезекте қарыздан құтылуымыз қажет. Жастарды қолдау бойынша да жүйелі жұмыстар жүр­гізілуде. Клуб қарызға батқаннан кейін жастар құрамасы назардан тыс қалған екен. Тіпті, жаттықтырушылар 7 ай бойы айлық алмаған. Қазір бәрі қалпына келді. Жастар ке­рек-жарақпен қамтылды. Түрлі тур­нирлерге қатысып, тәжірибелерін толықтыруда. Орталық стадионның мәселесі де біздің назарымыздан тыс қалған емес. Клуб банкрот болған жағдайда стадионның сатылып кетпеуін қамтамасыз ету үшін жеке­ге шығардық. Бірақ қарыздар жа­былғанда стадион клубтың мен­шігіне қайта қайтарылады, – деді Арман Бақытжанұлы.

Қазір клубтың директорлық қыз­метіне конкурс жарияланған. Алайда үміткер ретінде тіркелген төрт азамат та сынақтан сүрініпті. Олардың қата­рында Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров та бар. Бұдан бөлек, клуб басшылығына даңқты футболшы Самат Смақов та кандидат ретінде құжат өткізгені айтылған. Алайда облыс әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. 

Негізі, «Тараз» футбол клубының басшылық қызметіне байланысты бұқара арасында дау-дамай көп. Тіп­ті, қоғам белсенділері күні кеше басқарма басшысы Арман Таш­­метовпен текетіреске түсіп, алайда кейіннен райынан қайтып қалған Ақжүрек Таңатаровтың кан­ди­датурасына да қарсы шықты. Де­мек, клубқа басшы тағайындау оңайға соқпауда. Өйткені онсыз да қарызға белшеден батқан клубқа жанкүйерлер де, қоғам белсенділері де майшам салып қарап отыр. Енді бұл клубтың ертеңіне қаншалықты әсер ететіндігі белгісіз. Әйтеуір, жаңадан тағайындалған директор жергілікті команданы қарыздан құтқарып, «Таразды» бұрынғы биігіне көтереді деп сенеміз. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы