Белгілі спорт комментаторы Уәлихан Қосанбай боксшы Төрехан Сабырханның Олимпиадаға бара алмау себебін түсіндірді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оның айтуынша, боксшының Олимпиадаға қатысуға жасы жетпейді. Басты кедергі осы болып отыр.
«Төрехан Сабырхан Олимпиадаға қатыса ала ма? Алдағы 63,5 келінің іріктеуінде Төрехан Сабырхан бұйырып жеңіп кетсе, Олимпиадаға бара ала ма? Жоқ! Бара алмайды! Себебі оның Олимпиадаға қатысуға жасы жетпейді. ХОК ережесі бойынша бокстан Олимпиадаға сайыс өтетін жылдың 1-қаңтарында 19 жасқа толған боксшы ғана қатыса алады. Ал дәл қазір Төреханның жасы 18-де! Сол үшін ол Олимпиадаға қатыса алмайды», - деп жазды Facebook-тегі парақшасында.
Спорт комментаторы боксшынының тізімге не үшін қосылғанына қатысты да пікір білдірді.
«Төреханды онда бапкерлер неге тізімге қосты? Менің ойымша, тәжірибе жинап, ересектер арасында өнер көрсетуге қаншалықты дайын екенін тексеру үшін. Төрехан Сабырхан биыл елімізде өтетін жастар арасындағы Азия біріншілігіне қатысады!», - деді Уәлихан Қосанбай.
Бұған дейін лицензиялық турнирге баратын боксшылар спарринг арқылы анықталатынын жазған болатынбыз.