Махаббат ұлт таңдамайды. Қазақтың тепсе темір үзер тегеурінді жігіттері өзге ұлттың нәзік болмыс иелерінің де жүрегін баураған. Олардың арасында бірге асқақ сезім кешіп, асқаралы биікке қол ұстаса шыққандары да жетерлік. «Махаббат адамды тексеруге, сынауға өте қолайлы таразы» депті Бальзак. Бұл махаббат оқиғасын құқық қорғаушы Елена Травина баяндады. Ол Ақтау қаласы тұрғынының Қазақстан азаматтығын алуы мәселесімен айналысып жүр. Аққыз (аты өзгертілді) апайдың жасы қазіргі кезде 50-ге келген. Ұлты – этникалық түркімен қызы. Әлемдік алпауыт Кеңес Одағы күйрегенге дейін Ақтау қаласына келіп, тұрақтайды. Ол кезде жұрттың бәрінде КСРО паспорты. Содан жергілікті қазақ жігітімен танысып, араларында сезім туындаған. 1992 жылы жастар некеге отырады, жаңа отау тігеді. Бүгінде балаларының барлығы балиғат жасына толып, елеулі азаматқа айналған. Мәселенің мәнісі сол, оның жұбайы да, балалары да – Қазақстан азаматы. Ал саясатпен шаруасы жоқ, отбасы қамымен, бала тәрбиелеумен, өз жұмысымен айналысып жүргенде Аққыз апай азаматтықты рәсімдеу жайына алаңдамапты. Оның үстіне құшағына алып, шуақты нұрына бөлеген Ақтаудан асып шығу да қажет болмапты. Азаматтықтың болмауына қатысты түйткілге алғаш 2001 жылы маңдай соғады. Анасының сырқат екенін естіген ол сол жылы Түркіменстанға сапар шегеді. Іргелес елге ескі кеңестік төлқұжатпен кірген. Алайда кері қайтуда қиындыққа тап болады. Түркіменстан билігі шекарадан өткізбей, бақандай 4 жыл ұстаған. Ерімен және балаларымен қауышу үшін амалсыздан Түркіменстан азаматтығын рәсімдеуге тура келеді. 2005 жылы түркімен төлқұжаты қолға тиісімен ЖСВ виза – жеке істеріне орай Қазақстанға келетін шетелдіктерге берілетін виза рәсімдеуге кіріседі. Қазақстан тарапы еш сергелдеңсіз құжатын рәсімдеп берген. Апай сөйтіп 2005 жылдың қысында қазақ еліне оралады. Кейіндері бір жарым жыл бойы, яғни жарты жыл сайын визасын жаңартып тұрды. 2007 жылы ауыр дертке шалдығып, визасын уақытында қайта рәсімдей алмай қалады. Визасының күші жойылғанына қарамастан, туған Отанына айналған Қазақстанды тастап ешқайда кетпеді, түркімен жақтағы шекараға жуымады. Осылайша, 13 жыл бұрын заң бұзған. Өйткені онысы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 517-бабы 3-тармағына қайшы. Қазақстаннан қуылмауы үшін еліміздің құжаттарын рәсімдеуге де мән берді. «Дегенмен 2013 жылы құжат рәсімдеуге талаптану кезінде көші-қон полициясының қызметкері алдап соққан: оның қолына қарапайым миграциялық картаны қыстыра салып, енді еш алаңсыз, ел аумағында алшаң басып жүре беріңіз деген. Артынша апай мұның өтірік екенін түсінеді, бірақ Түркіменстанға аластатылудан үрейленіп, құқық қорғау органы өкілінің үстінен шағымдана алмады. Клиентім осы жылдар ішінде бірде-бір тәртіп бұзбаған, жауапкершілікке тартылмаған. Еліміздің нағыз патриоты. Қазіргі уақытта оның Түркіменстандағы қарт анасы күтімге зәру, соны көру үшін көрші бауырлас елге барып қайтуға іңкәр. Әйтсе де, «шекарада ұстап алып, айыпты деп танып, елден депортациялап, Қазақстанға кіруге жолды жауып тастай ма?» деп қорқады. Ол кісі үшін күйеуі мен балаларының қасында болмаудан артық азап жоқ», – дейді Елена Травина. Қорғаушы өз клиентінің Қазақстанда отырып барлық құжатын рәсімдеуді, жұбайы мен балалары, үйі мен ошағы орналасқан Отанының толыққанды азаматы атануды қалайтынын айтады. «Полицияға өзі келіп, тағылған бар айыпты мойындауға, айыппұлды төлеуге дайын. Тек елден қумауды, отбасынан айырмауды сұрайды. «Қазақстан азаматтығы туралы» заңына сәйкес, клиентім Қазақстан азаматына тұрмысқа шыққан бұрынғы одақтас республиканың азаматы ретінде елде тұру мерзіміне қарамастан азаматтық алуға құқылы», – дейді Е.Травина. Бүгінде осы жайтқа қатысты бірнеше мәселе туындауда. Біріншіден, өзге мемлекет азаматы елден кетпей-ақ Қазақстанда азаматтыққа құжаттар рәсімдей ала ма? Екіншіден, осы мақсатта Түркіменстанға бармай, В8 визасын ала ала ма? Үшіншіден, 12 жыл бойы көші-қон заңнамасын бұзуы оның көгілдір төлқұжатымызды иеленуге тосқауыл бола ма? Бұл мәселемен көші-қон саласына жауап беретін Ішкі істер министрлігі таныс. Құқық қорғаушының сұрауы бойынша осы оқиғаның мән-жайына да қанығыпты. Заң бойынша мемлекетіміздің аумағында заңды негізде тұрақты тұратын және «тұруға ықтиярхаты» (вид на жительство) бар адамдар Қазақстан азаматтығын ала алады. Сондай-ақ шетелдегі қандастарға да азаматтық беруде көп жеңілдік бар. Өкінішке қарай, бұл игіліктер кейіпкерімізге арналмаған көрінеді. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың түсіндіруінше, «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 7-бабы бойынша Түркіменстан азаматтары В8 тұрақты тұру визасы болса ғана Қазақстанда тұру ықтиярхатын алу туралы өтініш бере алады екен. Аталған визаны алу үшін Қазақстанның Түркіменстандағы шетелдік мекемесіне жүгінуі шарт. Жатжұрттық азамат талап етілетін құжаттардың толық топтамасын ұсынған кезде ішкі істер органдары тұрақты тұруға рұқсат беру мәселесін қарастырады. Тек оң қорытынды жасалғанда ғана тұруға ықтиярхат рәсімделеді. Осы құжат қолға тиген соң Түркіменстан азаматы Қазақстан азаматымен некеге отырғанын негізге ала отырып, оңайлатылған тәртіппен біздің азаматтықты алуға өтініш жаза алады. Әкімшілік кодексінің 61-бабына жүгінсек, әкімшілік жауаптылық мерзімі 1 жылға созылады. Сондықтан ІІМ басшысы Елена Травинаның клиентіне рұқсатнама алу үшін жазаға тартқан күннен 1 жыл өткесін ғана ішкі істер органдарына жүгінуге кеңес береді. Бірақ бұл тәсіл сот айыппұл салу туралы үкім шығарса ғана жарамды. Сот елден аластауға ұйғаруы да мүмкін. Қалай болғанда, түркімен қызының тағдыры, оның қазақтың ері мен еліне деген сүйіспеншілігі таразыға түсіп тұр. Елдос СЕНБАЙ