Су тасқыны болған аймақтарда оқушылар онлайн оқиды

Тәуекелдерді азайту және төтенше жағдайда білім беру процесін жалғастыруды қамтамасыз ету үшін Ақтөбе облысындағы колледждер қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.

Су тасқыны болған аймақтардағы мектептерде сабақ онлайн форматқа көшіріледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штаб жұмысының аясында 88 білім беру ұйымы төртінші тоқсанды қашықтан оқыту форматында бастайды.   

Қашықтан оқыту су тасқыны қаупі сақталған аумақтардағы 56 мектепте, сондай-ақ эвакуациялық пункттер ретінде айқындалған 32 мектепте ұйымдастырылып жатыр.   

«Осы дүйсенбіден бастап 3 миллионнан астам қазақстандық оқушы үшін 2023-2024 оқу жылының төртінші тоқсаны басталады. Бұл ретте су тасқыны жағдайы сақталған өңірлердегі оқушылар қашықтан оқуға көшіріледі. Жергілікті жерлерде Оқу-ағарту министрлігінің аумақтық білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері мен өңірлік білім басқармалары істеп жатыр. Эвакуациялық пункттердегі балаларға қажетті көмек көрсету үшін психологиялық қызметтер іске қосылды. Балалар қашықтан оқу үшін қажетті оқу құралдарымен, киім-кешекпен және техникалық құралдармен қамтамасыз етілді. Эвакуацияланған 1-4-сынып оқушыларын тамақпен қамту мәселесі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деп атап өтті ведомствоның ресми өкілі – баспасөз хатшысы Мереке Амангелдіқызы.

Оқу-тәрбие процесі мемлекеттік жалпыға бірдей білім беру стандарттарына сәйкес ұйымдастырылады. Сондай-ақ, тәуекелдерді азайту және төтенше жағдайда білім беру процесін жалғастыруды қамтамасыз ету үшін Ақтөбе облысындағы колледждер қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.