– Диляра Радикқызы, елімізде онкологиялық ауруға шалдыққандар саны жыл сайын артып барады. Бұған не себеп? Диагностиканың жақсаруы ма, әлде аты жаман ауруға қарсы иммунитетіміздің әлсіздігі ме?
– Иә, жыл сайын Қазақстанда бүкіл әлемдегідей, статистиканың өсімі байқалады. Былтыр онкологиялық аурулардың 36 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Мұны онкологиядағы скринингтік тексерулердің белсенді жүргізілуімен түсіндірер едім. Біз сүт безі обырының маммологиялық скринингі, жатыр мойны обырының цитологиялық скринингі, колоректалды обыр скринингін жүргізіп келеміз. Скрининг ауруды ерте кезеңде тануға және патологияны ісіну алдында шығаруға мүмкіндік береді.
Қатерлі ісікпен сырқаттану үрдісінің өсуі сақтала береді. Бұл, тұтастай алғанда, халық санының өсуімен және егде адамдар санының артуымен тығыз байланысты. Себебі обыр егде жаста жиі кездеседі. Салыстырмалы өлім-жітім төмендесе де, науқастардың абсолюттік саны әрдайым артып отыратынын түсіну керек. Онкологиялық аурулардың түрлері арасындағы айырмашылықтар туралы да ұмытпау маңызды. Мысалы, жатыр мойны обырымен ауырғандардың абсолюттік және салыстырмалы да саны өседі. Бірақ бұл жерде мәселе профилактикада және алдын алуда жатыр.
Бізде скрининг жүргізіледі, бірақ жатыр мойны обыры жағдайында негізгі қауіп факторы – жыныстық жолмен берілетін адам папилломасының вирусы (HPV) болып отыр. Батыс елдерінің басым бөлігінде оған қарсы екпе ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген. Қазақстанда бұл мәселе бірнеше жылдан бері талқыланып жатыр, оң шешім қабылданады деп үміттенемін.
– Онкологиялық аурулардың арасында сүт безі обыры алғашқы орында тұр. Бұл – әйелге тән сырқат. Оның алдын алу үшін әйелдерге қандай кеңес бересіз?
– Сүт безі обырымен сырқаттанушылардың өсу деңгейі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ДДҰ) мүше елдердің барлығына тән. Соңғы жиырма жылда Қазақстанда сүт безі обырымен ауыратындар үш есе өсті. Статистика агенттігінің дерегі бойынша, елімізде 40 және одан жоғары жастағы әйелдер саны елімізде басым, осы жастағылар сүт безі обырымен жиі ауыратындықтан, бұл аурудың даму қаупі артады деуге болады.
Сүт безі обырының алдын алу үшін ең алдымен әйел өзін жақсы көруі және бірінші кезекте өзіне назар аударуы тиіс! Алдын алудың басы – бұл этиологиялық және қауіп факторларын зерттеу жолымен аурудың алдын алу, қоршаған ортаны қорғау және канцерогендердің адам ағзасына әсерін азайту, отбасы өмірін қалпына келтіру, бала туу қызметін уақытында жүзеге асыру, сәбиді емізу. Егер ерлі-зайыптылардың туыстары ракпен ауырған болса, балаларын профилактикалық мақсатта тексеруден өткізіп тұруы керек.
Бұған дейін айтқанымдай, Қазақстанда маммографиялық скрининг жүріп жатыр. Екі жыл сайын 40-70 жас аралығындағы әйелдер сүт безін өзі тіркелген медициналық ұйымда тегін тексертуге құқылы. Уақыт тауып скринингтен өтсе болғаны. Егер қандай да бір өзгеріс, мысалы мастопатия анықталса, дәрігермен кеңесіп, қажетті емді уақытында жүргізу керек. Сүт безі обырының даму қаупі факторлары барын білу керек және оларды өзіңізде болдырмауға тырысу қажет. Бұл жыныстық, конституциялық факторлар: 60 жастан асқан әйелдерде өсу жоғары. Генетикалық: қаны бір туыстар, сүт безі обырымен ауыратын науқастар; ауыр отбасылық анамнез; BRCA1 және BRCA2 мутантты гендердің тасымалдаушылары. Репродуктивті: ерте кезеңдегі менархе (12 жасқа дейін), соңғы сатыдағы менопауза (54 жастан кейін), жүктіліктің болмауы, алғашқы босанудың кеш болуы (30 жастан кейін); бала емізбеген әйел; түсік тастау; маммограммалардың жоғары рентгендік тығыздығы. Гормональды және алмасу: гиперэстрогения, гиперпролактинемия, гипотиреоз, етеккір циклінің бұзылуы, бедеулік; мастопатия, аднексит, аналық без кистасы, жатыр миомасы, эндометриоз; постменопаузаль жастағы семіздік, қант диабеті, бауыр аурулары, гормональды алмастыру емі; ішке қабылдайтын контрацептивтерді 10 жылдан астам пайдалану. Сыртқы орта факторлары: жоғары әлеуметтік-экономикалық статус; иондаушы радиацияның және химиялық канцерогендердің әсері; алкоголь, майлардың, калориялардың, жануарлар ақуыздарының артық болуы; көкөністер мен жемістердің, тағамдық талшықтардың жетіспеушілігі.
Сүт безі обырының алдын алу үшін ең алдымен әйел өзін жақсы көруі және бірінші кезекте өзіне назар аударуы тиіс! Алдын алудың басы – бұл этиологиялық және қауіп факторларын зерттеу жолымен аурудың алдын алу, қоршаған ортаны қорғау және канцерогендердің адам ағзасына әсерін азайту, отбасы өмірін қалпына келтіру, бала туу қызметін уақытында жүзеге асыру, сәбиді емізу. Егер ерлі-зайыптылардың туыстары ракпен ауырған болса, балаларын профилактикалық мақсатта тексеруден өткізіп тұруы керек.
Биыл Қазақстанда алғаш рет бастапқы ошағы анықталмаған емделушілерде платина препараттарымен және химиотерапиямен салыстырғанда таргеттік терапияның тиімділігі мен қауіпсіздігін және обырдың иммунотерапия тиімділігін салыстыру үшін II фазаны халықаралық, көп орталықты, рандомизацияланған клиникалық зерттеу – II фазаны халықаралық клиникалық зерттеуді іске қосу жоспарланып отыр. Терапия кешенді молекулалық-генетикалық бейіндеуді жүргізу нәтижесінде таңдалады. Зерттелетін препараттар: Alectinib, Atezolizumab, Bevacizumab, Cobimetinib, Entrectinib, Erlotinib, Pertuzumab, Olaparib, Trastuzumab, Vemurafenib, Vismodegib, Carboplatin, Cisplatin, Paclitaxel, Gemcitabine. Зерттеу әлемнің 25-тен астам елінде жүргізіледі. Әлем бойынша 472-ден астам пациент жиналса, ал Қазақстанда 15-ке жуық пациент жиналды. – Мұндай зерттеу бізге не береді? Пациенттер тәжірибе жасайтын «қоянға» айналып кетпей ме? – Клиникалық зерттеулердің бізге берер пайдасы көп, мысалы клиникалық зерттеулерден тыс емделушілер үшін әлі қолжетімсіз жаңа, инновациялық дәрілік препараттарға қол жеткізуге мүмкіндік туады. Дәрілік препараттарды сатып алуға арналған шығындарды қысқартуға болады. Зерттеу орталықтарының, зерттеушілердің және рефералдардың (пациенттердің жолдамасы) барлық қызметтерін зерттеу демеушісі төлейді, медицинаға және ғылымға үлес қосу, тек пациентке/зерттеуге қатысушыға ғана емес, басқа да пациенттерге, сондай-ақ болашақ ұрпаққа пайдалы болуы мүмкін ақпаратты жинау мүмкіндігін аламыз. Сонымен қатар зерттеушілер үшін халықаралық ғылыми қоғамдастыққа бірігуге және инновациялық дәрілік заттармен жеке жұмыс тәжірибесін алуға мүмкіндік береді. – Сіз бірде медициналық аппараттардың 60 пайызының ескіргенін айтқан едіңіз. Медицина жабдықтарын жаңарту қалай жүріп жатыр? Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмінен нәтиже бар ма? – Өкінішке қарай, ескірген жабдықта заманауи ем жүргізу мүмкін емес. Бүгіндері онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі Кешенді жоспарды жүзеге асыру үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде емдеу-диагностикалық жабдықтарды орнату бойынша жобалар сынақтан өтіп, іске асып жатыр. Түрік серіктестерімізбен осындай жобаны іске асырудың табысты мысалы ретінде 2019 жылы ашылған ҚазОжРҒЗИ-дағы позитронды-эмиссиялық томография (ПЭТ) орталығын айтуға болады. Денсаулық сақтау министрлігі 2019 жылы олардың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін емдеу мен диагностикалық қызметтер тарифін қайта қарады. Алдағы уақытта Ақтөбе облысы, Шымкент қаласында ПЭТ орталықтарын ашу бойынша МЖӘ жобаларын іске асыру жоспарланып жатыр. Сондай-ақ МЖӘ жобалары есебінен бізде институтта сәулелі терапия жүргізу үшін жаңа аппараттар, өңірлерде 2020 жылға дейін 9 аппарат орнатылады (Қарағанды облысы, Батыс Қазақстан облысы және басқалар). – Онкологиялық аурумен күрес және алдын алу жұмыстарына бюджеттен бөлінетін қаржы жеткілікті деп ойлайсыз ба? – Онкологиялық аурулардың алдын алу үшін және күресу үшін бюджеттен қаржыландыру ұлғаюда, осылайша алдын алу шығындарын 10 пайызға дейін ұлғайту жоспарланған, 2021 жылға қарай скринингтерді қаржыландыру 5 127 570,0 мың теңгені құрайды, жалпы онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспардың іс-шараларын іске асыру шеңберінде 2021 жылға қарай онкологиялық көмекті жалпы 50 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. – Өзіне обыр диагнозы қойылғанын естіген адам дәрігерден жылы сөз ғана күтеді. Кей орталықтарда науқаспен сөйлескенде этика сақтай алмайтын мамандар кездеседі. Науқас пен оның туыстары бірінші кезекте дәрігерлер этикасына қатысты шағымданады. Медперсоналдарға науқаспен қарым-қатынас мәдениеті туралы талап қоясыздар ма? – Бұл бағытта біздің психологтар үлкен жұмыс атқарып жатыр. ҚазОжРҒЗИ психологиялық көмек және қолдау орталығы пациенттерге стационарда емделуде болған кезде ғана емес, онкологиялық пациенттерге, олардың туыстарына қашықтан да көмек көрсетеді. Өңірлерде онкологиялық көмек көрсететін әрбір ұйымда дәл осы жұмысты атқаратын психолог және әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді. Біздің орталық өңірлер үшін тұрақты негізде кадрлар даярлайды, семинарлар, шеберлік-сыныптар ұйымдастырылады. – Жекелеген өңірлердегі онкологиялық ауруханалардың тозығы жеткені сондай, кейбірін аурухана деп атауға ұяласыз... – Қазіргі уақытта осы бағытта үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр, мәселен 2019 жылы Павлодар қаласында жаңа онкологиялық диспансер салынып, іске қосылды, бұл медициналық ұйым техниканың соңғы үлгісімен жабдықталғанын атап өткім келеді: қазіргі заманғы жоғары энергетикалық желілік жеделдеткіш, КТ-симулятор, ең төменгі инвазивті хирургияға арналған аппараттар, сараптама класының УДЗ аппараттары бар. Сондай-ақ 2019 жылы Петропавл онкологиялық орталығында қосымша құрылыс пайдалануға енгізілді, ол рентгендиагностикалық және сәулелік жабдықтарды орналастыруға мүмкіндік берді, пациенттер үшін барынша ыңғайлы. Биыл Ақтау қаласында онкологиялық орталық салу жобасын аяқтау жоспарланып отыр, ол сондай-ақ ең заманауи жабдықтармен жарақтандырылады. Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында онкологиялық орталықтары бар жаңа, көпбейінді клиникаларды салу жоспар бар. Бұл ретте мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін тарту арқылы жобалар әзірленді, оларды 2022 жылға қарай аяқтау жоспарланып отыр. – Соңғы уақытта обырды жеңгендер көбейді. Бұл – қуанарлық жағдай. Шыныңызды айтыңызшы: ракты жеңу мүмкін бе? – Иә, обырды жеңуге болады. Бүгінгі таңда ерте кезеңде анықталған ауруларды толығымен емдеуге мүмкіндік бар. Қалған жағдайларды заманауи емдеу әдістерінің көмегімен ұзақ уақыт ремиссия кезеңі бар созылмалы жағдайларға ауыстыруға болады. Жалпы, онкологтардың айтуынша, обырды емдеу әдістері нақты науқасқа және нақты ісікке бағдарланған кешенді жұмыс болуы тиіс. Сонда оң нәтижеге жетуге болады. Сондай нәтижеге жетіп, ракты жеңіп, туған-туыстың ортасында өмір сүріп жатқандар көбейіп келеді. – Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Халима БҰҚАРҚЫЗЫ