Құтқару жұмыстарына тартылған адамдардың саны – 6000. Апаттан ең қатты зардап шеккен аймақ – Ақтөбе облысы. Ал Оралда тіпті әкімдіктің ғимаратын да су басқан, - деп жазады Aikyn.kz.
БҚО-да қыста қар қалың болды, неге соған ертерек дайын болмаған? Болжам жасамаған ба сонда? "Ашық алаңда" жүргізуші Назым Жанғазинова өңірлік ТЖД өкіліне осы сауалды қойды.
"Биыл сіздерде қар көп жауды ғой. Біз жаңалықтардан да көріп отырмыз, осы қардың қалыңдығынан жедел жәрдем жүре алмай жатқан видеоларды да көрдік. Сонда қалай, сіздер қалың қарды көре тұра, осындай апат болатынын білмедіңіздер ме? Болжам болған жоқ па сіздерде?" - деп сұрады журналист.
Департамент өкілінің сөзінше, бұл мәселе облыс басшылығымен бірнеше рет талқыланған.
"Бірнеше рет облыс төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырысында қаралды, бұл заң шығару жұмыстары тұрақты жүргізіліп тұрды. Апта сайын әр елді мекенде сенбіліктер де ұйымдастырылып тұрды, бірақ дегенмен күтінген мөлшерден өте жоғары жауын-шашын болды, одан кейін күн бірден жылынып, осындай қиын жағдай туғызды", - деді ол.