Депутаттар төтенше жағдай кезінде жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірге қаланың шеткі бөлігіндегі тұрғын алаптары мен елді мекендердегі су басқан аумақтарды аралап, тұрғындардың дер кезінде көмек алуына көмектесуде.
Мәселен, қаладағы Қызылжар-3 ауылына қауіп төнгенде ер-азаматтар тұрғындарға көмек көрсетіп, бірнеше үйді тасқын судан аман алып қалды. 41-разъезд маңындағы су ағынын бұрып, құм төсеп, бөгет қою, су соратын сорғылар мен көліктердің жұмыстарын бақылап, түнімен кезекшілікке шықты. Халық қалаулыларының кейбірі өз қаражатына құм түсіріп берсе, бірі сырттан келген суды бұру жұмыстарына атсалысты. Тағы бірі су келген аумақтарды қаптармен жабу жұмыстарына бел шеше араласуда.
Төтенше жағдай жарияланғанда облыстық мәслихат депутаттары Қарғалы және Елек өзендеріне жақын орналасқан аумақтардағы бау-бақша ұжымдарын аралап, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге үндеді. Олар түні бойы облыстық ТЖД қызметкерлері, еріктілер мен белсенді азаматтармен бірге тұрғындарды қабылдау пунктеріне орналастырды. Бірқатар депутаттар мектептерде орналасқан қабылдау пункттеріне қажет заттар мен азық-түлік түрлерін жеткізіп берді.
Сондай-ақ депутаттар 11, 12-ші шағын аудандағы Сазды өзені аумағында жұмыс жасаған құтқарушыларды, әскерилер мен жұмысшыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етті. Депутат Күлшат Масалимованың айтуынша, су тасқыны кезінде халықтың ауызбіршілігі, құтқарушылар мен әскерилердің, еріктілердің тынымсыз еңбегі көрінуде.
Облыстық мәслихат депутаты Күлпаршын Айдарханова екі бірдей жүк көлігі мен топырақ тасытып аулаларын су басқан тұрғындардың үйлерінің ауласын құрғату ісіне белсене араласуда. Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, «Анвар» ЖШС директоры, меценат Талғат Салфиков 26 орта мектеп пен М.Арын атындағы Қарғалы қазақ орта мектебінде орналасқан тұрғындарға азық-түлік, қажетті тұрмыстық заттар мен аяқкиімдер жеткізіп беруде.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, жергілікті депутаттар мен «AMANAT» партиясы мүшелерінің бірлікте іс тындырып жатқанына тұрғындар ризашылықтарын білдіруде.
Берік БЕК