Лудомания – ғасыр дерті

Адамды ақылынан адастырып, ауыр психологиялық дертке шалдықтыратын лудоманияның салдарынан жыл сайын әр үшінші отбасының шаңырағы шайқалады екен.

Ұлттық статистика бюро­сы­ның көрсеткіші бойынша, былтыр құмар ойындар мен бәс тігуді ұйымдастыру бойынша қыз­мет­тердің көлемі 572 миллион теңгені құраған. Алматы қаласының өзінде лудо­ман­дардың 506 миллион теңгесі қалтадан қағылған, кейін Ақмо­ла қаласы көш бастаса, үштік қатарын Қарағанды аяқтап отыр. Мұндай көрсеткіш нәтижелері баланың тәрбиесіне кері әсерін тигізіп, болашақ ұрпақтың санасына селкеу түсіретінін ұмытпаған жөн.

Өкінішті өшіру үшін орталық аштық

Елімізде былтыр 36 мыңнан ас­­­там адам психологиялық дертке шалдыққан. Ойын ойнап опық же­ген жандардың ішінде қазір қоғам­­ға пайдасын тигізіп жүргендері де бар екен. 

Атырау қаласындағы «Жаңа өмір» психологиялық қолдау орта­­­­лығы лудо­­ма­­нияның тұсауына түс­­­кен жандарға қолдау көрсетіп, ойын­­­құмар ойын­шы­лар мен олар­­­дың жақындарына кеңес беру­­­­мен айна­­­лысып отыр. Айта кетейік, 8 ай бұ­­­­­­рын ашылған тәуелділіктен оңал­­туға көмек­­­­тесетін орталықтың негі­­­зін қала­­­ған Тимур Рамазанов пен Нұртас Нұр­­ғали­­ұлы – құмар ойынның «соңғы қайту нүк­­­тесіне» жетіп, қиын­­­дыққа тап бол­­­­ған жан­­­­­­­­­­дар. Бас­­­­қа түскен оқиғадан соң өзі іспетті жастарға ақыл-кеңестерін беріп, тура жолға түсіру үшін орталықты ашуға бел буған.

«Кішкентайымнан футболға қы­зы­­ғып, үйірмелеріне қатысып өстім. Қате­­­лес­­песем, 2010 жылы өзімнен үлкен аға­­­­­­­­ла­­­рым футболға бәс тігіп жүргенін көр­­­­дім. Содан екі ойыншы команданың қайбірі жеңіске же­тетіні жайындағы бәс­­­­­­­­­тік пікір­­­­лерді менен де сұрап жүрді. Айт­­қан бол­­­­­жам­­да­рым дәл келсе, бір са­­­­­ғат­тың ішінде берген ақшам пәлен теңге­­­мен қай­­тады деп мәз болатын­­­мын. Тіпті, жұрт­­­тардың бір айда тапқан табы­­­­сын бір сағаттың ішінде табуға болады екен деген ой туды менде. Мұн­­дай пікір ата-анам­ды қаржы жағынан мазала­­­мау үшін пайда болып, шә­­­кірт­­­­­ақымды есе­­леп шы­ғара­­­мын деп букме­­­керлік кең­­­се­­­­­лерде спорт­­тық ойындарға бәс тігу­ден бастал­­ды», – дейді 7 жыл бойы лудо­­­­­­мания өкілі болған Тимур. Ай­­­­­туынша, алға­­­­­­шында дерті күшті ойынды жұмыс ретін­­­де қа­­­был­­­даған, ақыр-аяғы бар дүниесінен айы­­­рылған соң ойындағы құ­­­пиясын ана­сымен бөліскен. «Жағ­дайды басқа түс­кен жан ғана біледі» деп өз ісін қайта­­­лаған жандарға пси­­холо­­гиялық кеңе­сін беріп жүр.

«Орталыққа психологиялық жа­­­ғы­нан өте әлсіз ойыншылар жиі ке­­леді. Оларға ең бірінші басқа ойын­шылармен қалай сөйлесу керек екенін түсіндіреміз. Ең бас­тысы, қарызын жаппауды талап ете­­міз. Тура жолға түсемін дегендерге де біз­дің тараптан қойылатын талаптар бар. Тек шындықты айту, тәртіпке ба­­ғыну және тазалыққа аса қатты ден қою. «Ау­руын жасырған өледі» демекші, әр адам құмар ойынға тәуелді екенін мо­йын­­­­­дауы керек. Біз­дің басты мақса­тымыз – орта­лықтың көмегіне жүгінген адамдар­ға ойын­­сыз да өмір бар екенін тү­­­сіндіру», деп сөзін түйді орталық бас­­­шысы. Орта­лық басшысы қазір орта­­­лықа ем-дом қабылдап жатқан 43 адам бар. Кішісі 18 жаста болса, үлкені– 45 жаста. «Ойын­­құмар­лық жас таңдап отыр­майды», – дейді Т.Ра­мазанов. 

Шаңырақ шайқалмасын

Лудоманияның салдарынан ажыра­­сып жатқан отбасы аз емес. Психитар-нарколог Санжар Тұ­­р­­сын­­­­­метовтың пікі­­рінше, отбасын­­­дағы дұрыс беріл­ме­ген тәрбие, ата-ана мен бала арасын­дағы қарым-қатынастың жақсы болмауы салда­­­­рынан балалар түрлі азарт ойынға құмар болып өседі. 

Бүгінде отбасын ойран етіп, адам­ды есінен адастырған індеттің құрбанына айналған қаншама азамат белшесінен қарызға батып жүр. Банк­­­­­ке беретін бере­­ше­гі басындағы шашынан көп түр­кістандықтың бірі отбасының әлеуметтік жағдайы оңып тұрған жоғын айтты. Лудоман­­ның жұбайы Нұргүл Есімованың (кейіпкердің өтініші бойынша есімі өзгертілді) айтуынша, күйеуінің құмар ойынның құрығында жүргенін білсе де, шаңырағының шайқалуына жол бергісі келмеген.

«Қазір екі қызымыз бар. Күйеуім тұр­мыс құрудың алдында лудома­­­нияның өкілі болған екен. Мен оны жақында біл­дім. Тапқан табысында береке жоқ. Жұмыс істейді, бірақ алып жатқан қара­жатын көрмейміз. Біраз қарызға кірген соң болған жағдайды өзі айтып берді. Баламыз бар, ажырасуды ойлаудың өзі қор­­­қынышты еді. Шаңырағым шайқал­масын деген оймен жолдасымның қары­зын жабу үшін банктен өз атымнан несие рәсімдедім. Сөйтіп, күйеуімнің мойнын­дағы 7 миллион қарызын жаптық. Қазір бар тапқа­­­нымыз сол банк берешегін төлеуге кетіп жатыр. Ақша табылады, ал балаларға әке табылмайды ғой», – деді Н.Есімова.

Күйеуі А. есімді азамат құмар ойынға деген қызығушылығының мектеп кезде басталғанын айтты. Ата-анасы тамаққа деп берген ақша­­сын лотоматиктерге салып, кейде ұтыс ұтса, кейде әттеген-ай­лап қала­тын сәттері болғанын жасыр­мады. «Ойынға қайта бармаймын десем де осы соңғысы, мүмкін сәттілік серігім боп миллиондаған қаржыға кенелер­­мін деген ой тұрады. Бұл ойынның басы қызық болғанымен, өкінішпен аяқта­лады. Оны әр ойыншы білсе де одан алыс кете алмайды, бұл – азарт. Сондықтан шекесіне тигеннен кейін емес, одан бұ­рын тоқтатуы керек, жалпы мүлде жола­мауы керек. Ақша қаншалықты оңай жол­мен келсе бұйырмайды, бұл ойын белшеден қа­­­рызға батырып бір-ақ шыға­рады», – дейді құмар ойынның құрбаны болған азамат.

Жыл сайынғы статистика көр­сеткіші артпаса төмендейтін түрі жоқ. Дегенмен жарқын болашақ иесі болуды көздейтін әр адам тура жолдан таймай, тапқанын берекеті жоқ дүниеге жұмсамасы баршаға мәлім. Бастысы, қай саланың болса да ілгері дамуын тежеп, кері тартатын дерт қоғамды құрдымға апармаса игі.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ