Бұл іс-шараға Қазақстан Парламентінің Сенат және Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен шетелден келген қонақтар қатысты.
Қазақстан мен Өзбекстан – тамыры бір, тағдырлас, тату көрші мемлекеттер. Өзбекстан Республикасының Cтaтиcтикa жөнiндeгi мeмлeкeттiк кoмитeтiнiң мәлiмeтiнe сәйкес, Өзбeкcтaн xaлқының жaлпы caнынaн (34 558 900 aдaм) қaзaқтaр 2,2% нeмece 821 200 aдaмды құрaйды.
Жоба шеңберінде Өзбекстан Республикасының Ташкент және Науаи облыстарындағы қазақтардың рухани мұралары жинақталып зерттелді. Нәтижесінде, қазақ халқының рухани мұрасын ұстанушы 50-ге тарта көзі тірі мұрагермен (адаммен) тікелей жүздесіп, (орындаушылық өнерді, әдет-ғұрып, салт-дәстүрге байланысты) 250-ден астам аса құнды материалдар (музыкалық шығарма, ауыз әдебиетінің үлгілері т.б.) (видео, аудио, фото форматта) жазылып, сақталды. Сонымен қатар Өзбекстандағы қазақтардың этнографиясының нышаны болатын, 15-ке жуық тұрмыстық жәдігерлер Ұлттық музей қорына алынды.
«Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы:
Тарихын танып, дәстүрін жалғап келе жатқан көнекөз қариялардың жыл өткен сайын қатары сиреп барады. Ал олардың бойына жинаған қазынасын, халқымыздың рухани мол мұрасын бүгін жазып, жинақтамасақ ертең кеш болары анық. Сондықтан біз осы бағыттағы жұмыстарды қолға алдық. 2022-2023 жылдары ұзақмерзімді ғылыми экспедиция ұйымдастырдық. Жобаны ҚР Ұлттық музейі Мәдени мұраны ҒЗИ қазақтың дәстүрлі мәдениеті бөлімінің жетекшісі, өнертану PhD докторы Маулет Ардаби бауырымызбен бірлесіп, жұмыс жүргіздік.
Бұл салтанатты іс-шара Қазақстан мен шетелдегі қазақ диаспоралары арасындағы рухани көпірді нығайтуға және олардың мәдениетін әлемге танытуға бағытталған маңызды қадам болды. Қонақтар мен сөз сөйлегендер Өзбекстандағы қазақтардың рухани мұрасын зерттеу және сақтау жұмыстарының маңыздылығын баса айтты. Осы іс-шара арқылы қатысушылар шетелдегі қазақтардың мәдениетін, әдет-ғұрпын және өнерін Қазақстанға жақындастыру және олардың мұрасын болашақ ұрпаққа жеткізу жолдарын талқылады.
ҚР Ұлттық музейінің директоры Айбек Жексеналыұлы:
"Бүгін, міне, сол 2 жылдық экспедицияның қорытынды есебі ретінде дөңгелек үстел ұйымдастырып отырмыз. Өнертанушы, мәдениеттанушы, фольклортанушы, ақын-жазушыларымыздың басын қосып, осы бір атқарылған игі істің куәсі болдық. Қазақтың материалдық емес құндылықтарының проблемасы шынымен де қазіргі таңда өзекті, жақында ғана қоғам қайраткері, Мәжіліс депутаты, бүгін міне ортамызға қонақ болып келіп отырған Жанарбек Садықанұлы Парламент мінберінен, осы рухани құндылықтардың мәселесі туралы Үкіметке өте өзекті сауап жолдады. Іле-шала осы мәселені Жанарбек ағамыз Ұлттық құрылтайда да көтерді. Барлықтарыңыз көрдіңіздер, шынымен де рухани құндылықтардың мәселесі қазіргі таңда күн тәртібінде тұрған дүние. Бүгінгі осы іс-шарамыз сол рухани мұраны жинау, сақтау, қорғау мәселесіне тікелей қатысты жұмыс", – деді.
Бұдан басқа, дөңгелек үстелде атап өткендей, шетелдегі қазақтардың рухани мұрасын жинақтау және зерттеу жұмыстары тек Қазақстан мен Өзбекстандағы қазақтарға ғана емес, сонымен қатар Ресей, Қытай, Моңғолия сияқты басқа елдердегі қазақ диаспораларына да жүргізілуі тиіс. Бұл жобалардың мақсаты – қазақ халқының бай рухани мұрасын түгендеу, сақтау және зерттеу арқылы ұлттық идентификацияны нығайту және қазақстандық мәдениеттің жаһандық деңгейде танымал болуына үлес қосу.
Дөңгелек үстелге ҚР Парламент Сенаты және Мәжіліс депутаттары Ә.Сатвалдиев, А.Толамисов, Б.Керімбек, Челябинскідегі қазақ мәдени орталығының басшысы А.Беркімбаев, драматург, жазушы Ұ.Нұрғалымұлы, т.б. зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Садықанұлы елімізде материалдық емес құндылықтарды түгендеу түбегейлі жолға қойылмағанын, арнайы заңның қажеттілігін тілге тиек етті.
Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы, белгілі фольклортанушы ғалым Ақеділ Тойшанұлы экспедицияда жинақталған мұраның маңыздылығын, бізде ұмытыла бастаған кейбір салт-дәстүрдің осы сапардан табылғанын ғылыми жетістік деп бағалады.
Белгілі түрколог Қаржаубай Сартқожа шетелдерде сақталған рухани мұрамызды елге қайтару мәселесін қозғады. Атап айтқанда, кезінде Қытайда қазақ тілінде жарық көрген көптеген газет-журналдың елге жетпей қалғанына қынжылды. Сондықтан бүгінгі заманауи техникалық жетістіктерді пайдалана отырып, көшірмелерін қазақ оқырмандарымен қауыштырсақ деген тілегін білдірді.
Белгілі ақын, жазушы Сұраған Рахметұлы көшпенділердің әскери ұрыс тәсілдерінің қазақтың тілдік қолданысында сақталғанын, жорық кезіндегі азық-түлік тағамдарының пайдалану әдістері тәрізді ғылыми-зерттеулердің қажеттілігіне тоқталды.
Еуразия ұлттық университетінің доценті, мәдениеттанушы ғалым Құралай Серғабылқызы шетелдік сериалдар сияқты, бізге де ұлттық құндылықтарды киноларымызға сіңіру керегін, әсіресе балаларға арналған анимациялық фильмдерге ауадай қажет екенін айтты.
Орынбордағы Халықаралық қазақ тілі қоғамының басшысы Сауле Таикешева бұл жобаның өзектілігіне тоқталып, алдағы уақытта осындай іс-шараларды шетелдегі қандастар арасында кеңінен насихаттауды ұсынды.
Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Төлендіұлы мәдени-рухани мұрамызды жастарға бүгінгі заманға сай түрлі платформаларда кешенді түрде ұсыну керектігін, интернет кеңістігіндегі жастардың бетін ұлттық мұраға қалай да бұру мәселесін сөз етті.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ ұлттық құндылықтарды дәріптеуде Моңғолия, Жапония сияқты елдердің дәстүрін ұстансақ деген пікірін білдірді. Атап айтқанда, олардың салтанатты жиындарға ұлттық киіммен баратынын, ерекше құрметтейтінін мысал етті.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болат Бақбергенұлы шетелдегі қазақтардың мұрасы бойынша жинақтаушы мұрагерлердің картасын жасақтап, сол бойынша жүйелі зерттеу жұмыстарын жүргізу керектігіне баса назар аударды.
Шарада депутаттар мен ғалымдар Отандастар қорының шетелдегі қазақтармен болған рухани саладағы жұмыстарына жоғары баға беріп, алдағы уақытта да осындай жобалардың жүзеге асуының маңыздылығына тоқталып, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, рухани мұраны түгендеуге қатысты өзекті ұсыныстар айтылып, ғылыми экспедиция жетекшісі Ардаби Маулеттің жұмысына жоғары баға берілді. Өзбекстан еліндегі қандастардың мұрасына байланысты жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жыл соңына дейін ғылыми еңбек жарық көрмек.