Қоғам белсенділерінің және волонтерлердің бастамасымен облыс аумағындағы 17 ауданда, сондай-ақ Түркістан қаласында гуманитарлық көмек жинау бекеттері ашылды.
Жанашырлық танытқан азаматтар гуманитарлық көмек жинау бекеттеріне киім-кешек, көрпе-төсек, тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлік тауарларын тапсыруда. Волонтерлік ұйымдардың өкілдері тауар тасуға арналған автокөліктерді қоғамдық орындарға қойып, көмек беремін деген азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасады.
Бірлігі жарасқан елдің жанашырлығы сыналатын шақта жергілікті әкімдіктер мен мәслихаттар, депутаттар, партияластар, бюджеттік және азаматтық ұйымдардың өкілдері, дін қызметкерлері, жастар тарапы белсенділік танытып, халықтың күші бірлікте екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қарғын судан зардап шеккен ауылдарға, ең алдымен Мақтаарал жұртшылығынан жиналған көмек керуені жолға шықты. Жақсылық жасауға асыққан мақтааралдықтар Ақтөбе облысындағы су басқан аумақтардың тұрғындарына азық-түлік өнімдерімен бірге жылы киімдер, төсеніштер, күнделікті тұрмысқа қажетті тауарларды жіберді.
Облыс аумағындағы қала және аудан тұрғындарынан жиналған гуманитарлық көмекті Түркістан өңіріндегі «Жастар ресурстық орталығында» құрылған штаб үйлестіріп, әр өңірге жөнелтеді. Волонтерлер мен белсенді жастар, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері 30 тоннаға жуық гуманитарлық көмекті жүк көлігіне тиеді. Аталған керуенді шығарып салуға жастар ұйымдарының жетекшілері мен белсенділері жиналды.
Түркістандық гуманитарлық керуенге сәт-сапар тілеген «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев халқымыздың «Қол жұмылмай, жылынбайды» деген аталы сөзін мысалға келтіре отырып, ел басына күн туған қиын сәтте белсенді азаматтарымыз көмек қолын созып жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар ол қайырымдылық іс-шарасына депутаттар мен партия еріктілері де атсалысып жатқанын атап өтті. Депутат өз сөзінде жастардың азаматтық белсенділігіне ризашылығын білдіріп, жылы лебізін жеткізді.
Сондай-ақ партияның өңірлік филиалының ұжымы тасқын судан зардап шеккен отбасыларға көмек көрсету ниетімен бір күндік жалақысын арнайы қорға аударуды ұйғарды.