Жарысқа еліміздің төрт өңірінен «БИІК-Шымкент», «Ордабасы», «Ақтөбе», «Оқжетпес», «Томирис-Тұран» клубтары қатысады. Футбол додасының жеребе тарту рәсімі 2 сәуірде өтті.
Кейінгі жылдары әлемде әйелдер футболының дамуына ерекше назар аударылып келеді. Еуропаның өзінде әйелдер футболын 144 миллион жанкүйер тамашаласа, 2033 жылы олардың саны 328 миллионға дейін көбейеді деп жоспарланған. QFL үшін осындай деңгейдегі турнирді ұйымдастыру осы саланың дамуы үшін маңызды элемент ретінде саналады. Себебі бүгінде халықаралық федерацияларда бірде-бір коммерциялық немесе футбол науқанын әйелдер футболынсыз елестету мүмкін емес.
«QFL Әйелдер кубогының бірінші жарысы 1-9 мамыр аралығында Шымкент қаласындағы «БИІК» спорт кешенінде өтеді. Турнир айналымдық жүйеде ұйымдастырылып, әр команда 4 матчтан ойнайды. Кездесуде тең есеп қарастырылмаған. Егер ойынның негізгі уақытында есеп тең болса, жеңімпаз бірден пенальти сериясында анықталады. Сондай-ақ ұпай 4 деңгей бойынша беріледі. Негізгі уақыттағы жеңімпазға 3 ұпай, пенальтиден жеңген командаға 2 ұпай, пенальтиде есе жіберген клубқа 1 ұпай беріледі. Негізгі уақытта жол берген команда ұпайсыз қалады», – делінген хабарламада.
Ал QFL Әйелдер лигасы 17 мамыр – 30 қазан аралығына жоспарланған. Лига 4 айналым бойынша Шымкент, Түркістан, Ақтөбе және Көкшетау қалаларында өтеді.