Сондықтан мемлекет осы сұрақтың нақты жауабын тауып бермеген, дұрысын айтқанда, «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар тауарлардың ішінен нағыз «қазақстандық» өнімдерді айқындап бере алмаған ескі тетіктерден бас тартпақ. Бұл ретте тауардың шығу тегін растайтын СТ-KZ сертификаты мен Индустриялық сертификатты жояды. Орнына басқа тетік әзірленіп жатыр.
Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, 2023 жылы Қазақстанда шай мен кофе өндірісі бірден 17,2%-ға артып, 30 мың тоннадан асқан. Ғажабы сол, елімізде шай плантациялары жоқ, сондай-ақ кофе ағашы да өспейді.
Мұның сырын басқа статистика ашады: былтырғы 10 айда Қазақстан шетелден 28,1 мың тонна қара шай импорттаған. Бұл 2022 жылғыдан 32,5%-ға көп. Негізгі жеткізушілер – Үндістан (12,5 мың тонна немесе бір жылда 1,9 есе өсті) және Кения (9,2 мың тонна, – 0,4%). Яғни, елімізге әкеліп, қапталса болды, шәй мен кофе «отандыққа» жатқызылады.
Сондай-ақ әкімдіктер, министрліктер, қаптаған мемлекеттік мекеме-кәсіпорындар мен ұлттық компаниялар сыйға тарту үшін тендер арқылы «отандық сағаттарды» сатып алады. Бірақ елімізде сағат механизмдерін жасайтын бірде-бір зауыт жоқ. Оның бәрі негізінен, Қытайдан, Швейцариядан, Түркиядан, өзге елдерден тасымалданады.
Бұл «отандық машина жасау» саласына да қатысты: әсіресе, жеңіл автомобильдер, автобустар шетелден әкелінеді, елімізде тек жинастырылады. Тіпті, креслолары да бөтен. Әрі кетсе, дәнекерлеу және бояу жұмыстары ғана Қазақстанда жүзеге асырылады.
Осылайша, оның бәрі «отандық өнім» аталып жүр.
Бұдан да сорақы жайттар кездеседі: қазақстандық компаниялар тауарды дайын күйде жатжұрттардан сатып алады, елімізде оған СТ-KZ пен индустриялық сертификаттарын алады. Нәтижесінде, мемлекеттік сатып алуларға «отандық өнім» ретінде ұсынып, жеңіп шығады. Кәсіпкерлер бәсекелестерінің, тіпті тауардағы Made in China сияқты таңбаларын өшіруге де күш салмайтынын айтады. Қажеті қанша? Сертификаты бар ғой. Тауардың шығу тегін растайтын сертификаттарды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы береді. Мысалы, Қазақстанның кабель зауыттары қауымдастығының арызына орай, Техникалық реттеу және метрология комитеті Шығыс Қазақстандағы Кәсіпкерлер палатасына тексеру жүргізді. Қорытындысында «АльянсЭнергоКомплект» ЖШС-на кабель өнімдеріне сертификат беруде көптеген заңбұзушылық фактілері әшкереленді. Іс Семей қалалық әкімшілік сотына дейін жетті. Құжаттарды фальсификациялау дерегі бойынша материалдар ішкі істер органдарына бағытталды. Сотта сертификаттардың жалған берілгені анықталған.
Қолданыстағы заң бойынша жаза жеңіл: тауардың шығу тегін растайтын жалған немесе дәйексіз құжаттарды ұсыну шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 12 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 20 АЕК, ірі кәсіпкерлік нысандарына – 30 АЕК (110,7 мың теңге) айыппұл салынады. Егер тендер арқылы ондаған миллиард қаражатқа қол жеткізе алса, 110 мың теңге айыппұлды компания шыбын шаққан құрлы сезбесі даусыз.
Сертификат Қытайдың көсегесін көгерте ме?
Мемлекеттік органдар СТ-KZ сертификатының иегерлері тарапынан арамзалыққа бару фактілеріне жиі жолығады. Өйткені аудиторлар бұл құжатты беру кезінде «отандық өндірушінің» сол тауарды шығаруға қажетті зауыт-кәсіпорнының, жабдықтарының, білікті мамандарының бар-жоқтығын тексере бермейді.
Аталған сертификат өнімнің Қазақстанда өндірілгенін растайды және мемлекеттік сатып алулар кезінде оған басымдық беріледі. Салдарынан, шын мәнінде отандық өнімдер де бәсекеге түскен тендерде қытайлық не ресейлік өнім алға озады. Мемлекеттік қолдау бойынша статистика жақсарады, алайда шын мәнінде отандық өнімдер Үкіметтің қамқорлығынан тыс қалады.
Комитет сарапшылары тағы бір схеманы әшкере етті.
«Бірқатар кәсіпкер ғимаратты, орынжайды уақытша жалға алады, оған жабдықты орнатады. Барлығы құжат жүзінде рәсімделеді. Ол жабдықта бірнеше рет өнім өндіріледі. Келесі тұтас бір жылға берілетін сертификатқа қол жеткізген соң, өндіріс тоқтатылады, ұқсас тауар толығымен Қытайдан тасылады», – дейді Техникалық реттеу және метрология комитеті.
Мұның бәрі қазақстандық бизнестің дамуына тежеу болады, әрі нарықты қалпымен делдалдар жайлайды.
Заң бойынша жалған «отандық» өнімдерге сертификат таратуына қатысты алаяқтығы ашылса, сараптаманы жүргізген аудитор бірінші жолы әкімшілік айыппұл төлейді. Тауар туралы деректерді бұрмалағаны немесе тауардың шығу тегі туралы дұрыс емес сараптама актілерін бергені үшін сарапшы-аудиторға 10 АЕК (2024 жылы 36 920 теңге) мөлшерінде айыппұл көзделген. Бір жыл ішінде заңбұзушылықты қайталап жасаса, ол сараптама жүргізуге құқық беретін аттестатынан айрылуы мүмкін.
Әйткенмен, бұл оларды тоқтатпайды. Тек алатын пара көлемінің артуына ықпал етуі кәдік. Құжатынан айрылмауы үшін аудитор бір жыл тыныш жүрсе жетеді. Сонда келесі жылы, келесі жолы тағы да айыппұлмен құтылады.
Масқарасы сол, Қазақстанда тауарлардың шығу тегінің отандық екенін растайтын сертификаттарды жалған кәсіпорындардың, яғни лас қаржыны заңдастырумен айналысатын бір күндік фирмалардың алу оқиғалары жиілей бастаған.
Мұның бәрі Үкіметті салаға түбегейлі реформа жүргізуге итермелеп отыр. Бұл бір жағынан, ұлттық өңдеу өнеркәсібінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Екінші жағынан, адал отандық тауар өндірушілердің мүдделерін қорғау үшін маңызды.
Жаңа реформа не жаңалық әкелмек?
Үкіметке көмекке келген Сенат депутаттары заңға бастамашылық жасау құқығын пайдаланып, «Кейбір заңнамалық актілерге тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын әзірлеп, Парламентке енгізді. Оның аясында реформа өріс алып, бірнеше жаңашылдық енгізіледі. Біріншіден, тауардың шығарылған елін айқындауды сараптау жөніндегі қызметті лицензиялау ұсынылды. Яғни, алаяқтыққа барған эксперт лицензиясынан мәңгілікке айрылуы мүмкін. Сонда ол үшін сараптама кәсібіне жол жабылады.
Салаға жауапты ведомство бұл талаптың тауардың шығарылған елін анықтаумен айналысатын барлық сараптама ұйымы мен сарапшы-аудиторларға қолданылатынын хабарлады. Алайда олардың нақты санын білмейді.
«2024 жылғы қаңтарда, «Атамекен» ҰКП-ның бейресми деректері бойынша Қазақстанда тауардың шығу тегін анықтау бойынша сараптаманы жүзеге асыратын шамамен 70 тен астам жуық сараптама ұйымы жұмыс істейді. Бірақ лицензиялаудың жоқтығына және олардың ортақ тізілімін жүргізу бойынша қолданыстағы заңнамалық реттеудің болмауына байланысты сараптама ұйымдарының нақты тізімін ұсыну мүмкін емес. Себебі біз білмейтін жаңа сараптама ұйымдары болуы ықтимал», – деп түсіндірді Техникалық реттеу және метрология комитетінің мамандары.
Олардың нақты санын біліп, бірыңғай тізілімін түзу үшін де лицензиялау қажет көрінеді. 73 сараптама ұйымында 563 адам жұмыс істейді деп есептеледі. Осы ұйымдардың ішінде қызметкерлерінің саны бойынша тек 51-і ғана мәлімет ұсынған. Қалған 22 сараптама ұйымы үнсіз қалған, олардың құжаттарында 1 қызметкерден ғана көрсетілген.2024 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша аттестатталған сарапшы-аудиторлар саны 138 адамды құрады.
Жалпы, бұл бизнестің табысы шаш-етектен екені байқалады: Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 73 сараптама ұйымы 2022 жылы 2 млрд 363 млн 818,8 мың теңге, 2023 жылдың бірінші жартысында 1 млрд 773 млн 450,9 мың теңге салық төлеген.
Жасыратыны жоқ, еліміздегі сөрелерде, сауда орындарында нағыз отандық тауарлардың үлесі артқан жоқ. Ұлттық палата болса, сертификаттарды шүлен таратқандай, оңды-солды үлестіруін жалғастырды. Мәселен, «Атамекен» ҰКП-ның соңғы деректеріне сәйкес, бүгінде «отандық тауар» шығаратын кәсіпорындарға 48 496 сертификат берілді.
Жауапты комитет кейбір жосықсыз сараптама ұйымдары сараптама кезінде тауардың шығу тегін анықтауға бас қатырмайтынын, өтініш иесінің елімізде өндірісінің болуын, технологиялық процесті жолға қоюын тексермейтінін, заңнамадағы талап-критерийлердің орындалуына жүрдім-бардым қарайтынын мәлім етті.
Мұның соңы мемлекет пен бизнес арасындағы керексіз тайталасқа ұласады: бұл салада 41 әкімшілік іс қозғалды. Соның ішінде «Атамекен» ҰКП-ға қатысты – 8, сараптама ұйымдарына – 8, тауардың шығу тегін анықтайтын сарапшыларға қатысты – 25 іс. Қорытындысында, «отандық өнімдерге» деп берілген 51 сертификаттың күші жойылды.
Проблеманың ушығып бара жатқанын түсінген мемлекет СТ-KZ және индустриялық сертификаттарын жойып, орнына Шығу тегі қазақстандық тауарлардың ортақ тізілімін құратын болды. Бұл да аталған заң жобасының тағы бір жаңалығы.
Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаевтың айтуынша, СТ-KZ және индустриялық сертификаттар өз заманында отандық өндірушілерді қолдауда белгілі бір рөл атқарды, енді жаңа тетік керек.
– Бұл құралдардың әрқайсысының кемшілігі жетерлік. Мысалы, сертификаттар бір-бірін қайталайды, бұл өндірушілердің оларды алуға жұмсайтын шығындарын екі есе арттырды. Сараптама ұйымдарының біліктілігі мен жауапкершілігін, сондай-ақ салалық ерекшеліктерін белгілейтін талаптар бекітілмеген. Өндірістің нақты бар-жоғын тексерудің мүмкіндігі жоқ. Өндірісті растау үшін барлық ақпараттық жүйемен интеграцияланған бірыңғай мемлекеттік ақпараттық база қажет, – деді вице-министр.
Қысқасы, Үкімет бизнес қоғамдастықтың осы өзін-өзі реттеуі жүйесін жойып, бұл саланы Ұлттық палатадан мемлекетке қайтарып алмақ.
Жаңа реестр қалыптастырумен іс бітпейді. Салалық мемлекеттік органдар жергілікті мазмұн мен локализация үлесін арттыруға бағытталған жағдайлар жасап, талаптар түзеді. Мысалы, шетелден әкелінген компонентті, ішірткіні тек қаптамаға салып, құтыға құйып, «отандық препарат» ретінде ұсынуы мүмкін. Фармацевтикалық өндірістерге талап-өлшемшарттарды Денсаулық сақтау министрлігі жазғаны маңызды.
Қазақстанда шығарылған тауарлардың ортақ тізіліміне ену үшін «отандық тауарларды» анықтау мәселесі күн тәртібінде өзекті болып қалады. Сондықтан шығу тегін, өндірісін растайтын тетіктердің айқындығы қамтамасыз етілуі, сарапшы-аудиторлар өндіріс орнынан сапарлауы қажет.
Вице-министр бірыңғай тізілімге әрбір отандық өндірушінің қазақстандық үлесі нақты қанша пайыз екенін, локализациялану деңгейін және оның жыл сайынғы өсу қарқынын, уәкілетті орган бекіткен талаптарды қаншалықты дұрыс орындап отырғанын көрсететін мәліметтер енгізілетінін жеткізді. Тиісінше, тендер кезінде соның бәрі ескеріледі.
Заң қабылданып, күшіне еніп жатса, «Қазақстанда жасалған» таңбалы тауарларды шығаратын кәсіпкерлік субъектілерінің өндірісіне, өндірістік ғимараты, цехы, жабдықтары сияқты объектілерінің болуына қатысты талаптарды орындауына мемлекеттік бақылау енгізіледі. Бәлкім, содан кейін отандық өнім көзбояу емес, нағыз брендке айналар?!
Елдос СЕНБАЙ