Аманбала апаның 110-шы көктемі
Аманбала апаның 110-шы көктемі
Әйел – қашанда сұлулықтың символы, әдеміліктің айнымас болмысы. Олар тек нәзіктіктің, шексіз махаббаттың, мейірімділіктің үлгісі болып қала береді. Ал ғасыр жасаған аналардың болмысы бір бөлек. Қос ғасырдың куәсі болған кейуананың өмір жолы да өзгеше. Тағдыры тауқымет пен тақыретке толы. Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Қамқалы ауылдық округіндегі Жайлаукөл ауылының тұрғыны Аманбала Аманжолова биыл 110-шы көктемін қарсы алды. Ғасыр асып жасаған анамыз небір қилы кезеңдерді бастан өткеріп, бүгінде ұрпағының қызығын қызықтап отыр. Аманбала апа 1910 жылы Сарыарқа даласында дүниеге келген.1926 жылы Балтабай Аманжолов атамызбен жұбын жарастырып, 1928 жылы Сарысу ауданы құрылған тұста елді мекенге көшіп келеді. Ілгерібас колхозында соқа айдап, бидай орып, шөп шауып еңбек етеді. Сондай-ақ сақпан, қой қырқу жұмысына да араласады. Жастайынан еңбекте шыңдалған ана маңдай терін осы колхозға сіңіріп, зейнетке шығады. Бес құрсақ көтерген әжей ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Бүгінде 17 немере, 34 шөбере сүйіп отыр. – Өмір жолымда не көрмедім – 1928 жылғы дүние-мүлікті тәркілеу. 1932 жылғы ашаршылық. Қуғын-сүргін.1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыс, бәрі-бәрін көрдік. Мал-мүлікті тәркілеу кезінде есім кіріп қалған. Ол заман өте қиын болды. Одан кейінгі ашаршылық нәубеті мені шекара асырып, Өзбекстаннан бір-ақ шығарды. Ал 1941 жылы еркек кіндіктілер майданға аттанып жатқанда, ауылдағы бала-шағаның бейнеті соғыстан кем болмады. Соғыс жылдары тас тасып, «Ынталы» су қоймасын тұрғыздық. Сондай-ақ егін егіп, бар жиған-тергенімізді майданға жөнелттік. Қазір Аллаға шүкір, бейбіт күн. Жаратқан құрсағыма бес перзент берді. Олардан немере, шөбере сүйіп отырмын. Жолдасым 80 жасында дүниеден озды. Өсірген балаларым қорғаным болып, бүгінде бар жағдайымды жасап отыр. Елімізге тек тыныштық тілеймін. Нәубет, соғыс болмасын.Бүгінгі тыныш таңды бағалаңыздар, – дейді кейуана өткен күннің ақтаңдақ беттерін еске алып. Қазір Аманбала әжей – екінші ұлы Жаңабай Аманжоловтың қолында. – Анамыз Құдайға шүкір, тың. Жүріп-тұрудан қиналғаны болмаса, тамақтануы жақсы. Күнделікті медбикелер келіп, денсаулығын тексеріп тұрады. Жергілікті билік те барынша жәрдемдесуде. Анам әрдайым «Менің көргенімді Алла бастарыңа жазбасын» деп отырады. Осындай алтын кісілердің бейнет пен тауқыметке толы өмір жолын емес, өмір жасын берсін деп тілеймін, – дейді Жаңабай. Аман­бала апа ұзақ ғұмыр жасаудың құпиясы дұрыс тамақтануда екенін айтады. – Жолдасым Балтабай колхозда мал дәрігері болды. Өзім де ұжымшарда жұмыс істеп жүргендіктен, ағарғанды көп іштік. Одан кейін жылқы етінің де адам бойына берер құнары мол. Осы сүт, айран, қымызды көп ішкендіктен, денсаулығым сыр берген жоқ. Ұзақ жасаудың бір құпиясы осында деп білемін, – дейді әжей. Иә, 110-шы көктемін қарсы алып отырған Аманбала ананың «жасын берсін» деп тілейміз. Осындай алтын құрсақты аналарымыз аман болғай.   Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы