Атырау облысының Жылыой ауданында су тасқынына байланысты мектептердегі сабақ онлайн форматқа ауыстырылды. Сондай-ақ аталған елді мекенде балабақшалар уақытша жабылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жылыой ауданында кеше, 4 сәуір күні тасқын судан төнген қауіпке байланысты төтенше жағдай жарияланған болатын. Белгілі болғандай, Жем өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, Қарағай елді мекеніне кіру қаупі туындады. Аудан орталығы – Құлсары қаласы мен Мақат ауданындағы Доссор кенті аралығындағы жолдың бір бөлігін су басты.
«Төтенше жағдайға байланысты мектептер онлайн форматқа көшірілді. Ал балабақшаларды уақытша жабуға шешім қабылданды», – деп хабарлады Жылыой ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жылыой ауданында жалпы орта білім беретін 20 мектепте 18 830 оқушы білім алады. Сондай-ақ ауданда мектепке дейінгі тәрбие беретін 20 балабақша бар. Аталған мекемелерде 5 мың бала тәрбиеленіп жатыр.