Қырық жыл жол жөндеген
Қырық жыл жол жөндеген
164
оқылды
Ол «темір тұлпарды» тізгіндеп, азаматтармен қатар күрежолдың үстінде жүреді. Ол – ер азаматтардың ортасында іскерлігімен, ер мінезімен ерек­ше­лен­ген жан. Ол – Көкпекті ауданының жол құрылысына белсене ара­ла­сып, осы салада қырық жылдан артық жемісті еңбек етіп жүрген «Қазавтожол» ЖШС-іне қарасты «ДЭУ – 29» учаскесінің  басшысы Гүлрайхан Мұхамадиева. Жұртқа сыйлы, ортасына беделді Гүл­рай­хан Закариянқызы еңбек жолын қатар­дағы қарапайым жұмысшыдан бастап, жол маманы, мекеме басшысы секілді жауапты қызметтерді абыроймен атқарып келеді. «Әкеге тартып туса игі, әке жолын қуса игі» дегендей, әкесі Закария ақсақал ба­ла­сының адал, еңбекқор болып өсуін қа­да­ғалап, жас кезінен соған сай етіп тәр­бие­леді. Гүлрайхан Закариянқызы басшылық жасайтын «Жол пайдалану учаскесі – 29» мекемесі республикалық маңыздағы «Омбы–Майқапшағай» жолына қызмет көр­сетеді. Аталған учаскеге Жарма ауда­ны­на қарасты Кеңтарлау ауылынан бастап Тарбағатайдың Боғас бекетіне дейінгі үш ауданды жалғап жатқан 162 шақырым жол кіреді. Әрі қыс бойы бораны бір басыл­­май­тын әйгілі Байбура асуы да, бітіп бер­мес жазық дала мен таулы аймағы көп ұзын жол да осы учаскеде. Гүлрайхан Зака­риян­­қызы осы салада 1979 жылдан бастап қырық жылдан астам уақыт табанды қызмет атқарып келеді. Ұжымның алдында беделді, елге абыройлы, ер мінезді, әділ де турашыл жерлесіміз Көкпекті ауда­ны­ның құрметті азаматы. Қыста қарлы боранмен алысып, жолда қал­ған жолаушыға жәрдем бере жүріп қауырт жұмыс істейтін, 11 техникасы әр­қа­шан сақадай-сай 27 ер азаматтан құрал­ған ұжым жаз уақытында да арқаны кеңге салған емес. Күн жылынып, көктем келе жолды қалыпқа келтіру бағытындағы тынымсыз тірлік басталады. Ел мен жерге еселі еңбек сіңіріп келе жатқан үлкен әулеттің бүгінгі өкілі Гүлрайхан әке өсиетін мінсіз орындап, аманатын адал атқара білді. Жастайынан өз ісіне мығым ол әке атына кір келтірмеді. Кіш­кентайынан 5 ағасының соңынан ерген, қайсар мінезі мен алған бетінен қайт­­пайтын, әкесі жастайынан үлкен үміт күткен Гүл­райханды былайғы жұрт бұрын­нан еркелетіп Гүлдарай атап кеткен. Қызығынан гөрі қиындығы басым құ­ры­лысшы мамандығының қыр-сырын мең­гере отырып, кәсібіне төселіп, біраз жыл жол құрылысы шебері, прораб, жол жұ­­мыстары қоры бойынша инженер мін­дет­­терін атқарды. Ал 2011 жылдан бастап «ДЭУ – 29» мекемесінің басшысы лауазы­мы­на көтерілді. Гүлдарай «жетістікке жеттім» деп бір сәт те тоқмейілсіген емес. Бүгінде зейнет жасында болса да, әлі еңбек майданының кө­рігін қыздырып жүрген кейіпкеріміз өне­гелі отбасының ұйытқысы. Үш қызғал­да­ғы – Айнұр, Мира, Раушаннан өрбіген жиендерінің қызығына батып, бақыттың базарында, халқының ортасында шадыман күй кешуде. – Әрине, жол саласындағы жұмыс оңай де­мес едім. Бірақ өз ісіңді беріліп атқарсаң, жауапкершілікті бар ынтаңмен сезінсең, кез келген қиындықты артқа тастауға бола­ды, – дейді Гүлрайхан.   Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы