Абай облысынан сайланған депутат Нұртай Сабильянов су тасқынына байланысты халықтың жағдайын білу үшін өңірге келді. Сапар барысында Аягөз ауданы Бозай елді мекеніндегі қарғын су шайып кеткен көпірге барды. Бұдан кейін Көкпекті, Жарма аудандарында болып, суға кеткен нысандарды көріп, жергілікті тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Мәжіліс депутаттары Ерлан Саиров пен Ұлықбек Тұмашинов су тасқынының алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмысты көру үшін Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданына барды. Өңірде қазіргі таңда қауіптің беті қайтқан. Жағдай жергілікті әкімдіктің және мәслихат депутаттарының бақылауында. Облыстық маңызы бар Ақсуат–Бәкей–Қарасу–Ақжар тасжолының бөлігі кесіліп, тасқын суды жолдың келесі бетіне кедергісіз өткізу шаралары жасалған.
Батыс Қазақстан облысында Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Орал қаласындағы эвакуациялық пункттердің жағдайымен танысты. Бүгін еріктілермен бірге Қаратөбе ауданына қарасты Қаратөбе ауылына гуманитарлық көмек жеткізді. Оны жинауға бірқатар қаланың кәсіпкерлері атсалысты. Сондай-ақ түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті тұрғындармен кездесті.
– Су көп келетіндіктен Теректі ауданы Ұзынкөл ауылындағы көлемі 80 млн текше метр гидротехникалық құрылыстар апатты жағдайда тұр. Бөгет бұзылса, бес ауылдық округке су басу қаупі төнеді. Қиындыққа қарамастан ауыл тұрғындарын үйлерін тастап кетуге көндірдік. Бұл жұмысқа мыңға жуық полиция қызметкері жұмылдырылды, – дейді Абзал Құспан.
Депутат Еркебұлан Мәмбетов Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы жағдаймен танысты. Вагулино кентінде 50 тонна инертті материал, жүк тиегіш, экскаватор, бульдозер, мотопомпа түріндегі арнайы техника дайындалған. Жергілікті мектепте ауыл тұрғындарын қабылдау пункті ашылған. Якор, Ольшанка, Соколовка секілді көршілес елді мекендерде дайындық қызу жүріп жатыр.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Қостанай облысының су тасқынынан зардап шеккен Амангелді ауданы мен Арқалық қаласына барды. Олар ең қажетті деген заттар – су, жарма, консервілер, төсек-орын жабдықтары, майшамдар, жеке гигиена құралдарын жеткізіп берді.
Мәжіліс депутаттары Бауыржан Смағұлов пен Арман Қалықов Қарағанды облысына аттанды. Мұнда олар Нұра және Бұқар жырау аудандарындағы Жаңаталап, Ростовка, Тегісжол, Қызылжар сияқты елді мекендерді аралады. Бұл ауылдардағы жағдайды қалыпты деуге болады, бірақ су басу қаупі бар.