Қазнетте, Рунетте ғана емес, бүкіл жаһандық ғаламторда Александра Элбакян Sci-Hub атты бірегей «ашық ғылыми кітапхананың» негізін қалаған адам ретінде танымал.
Ол «білім бұлағының қоймасын» 2011 жылы құрды, содан бері онда электронды форматтағы ғылыми жарияланымдар мен ашылымдарды және басқа да құнды материалдарды, мерзімді басылымдарды жинап, тегін таратып келеді. Кейбір деректер бойынша. әлемде бар бүкіл ғылыми еңбектердің жартысына жуығы сонда жинақталған. Яғни, бүкіл адамзаттың игілігіне еңбек ететін «Атымтай жомарт» деуге келеді. Онда оны әлемнің алпауыт елдерінің құзырлы органдары неге қудалайды? Мұның түп-төркінін «тегін таратады» деген сөзден табуға болады.
Копирайт күресі әділдік үшін бе?
Әлемде рецензияланатын ғылыми әдебиеттерді, ғалымдардың жарияланымдарын, ғылыми мақалаларын, ғылыми мерзімді басылымдарды және басқаларын орналастыратын бірыңғай библиографиялық, реферативтік дерекқорлар, порталдар, хабтар және басқасы толып жатыр. Олардың бәрі дерлік бұл қорларын сатады, ақы жинайды, жазылуды талап етеді.
Содан интеллектуалдық меншікті, авторлық және сабақтас құқықтарды қатаң сақтайтын дамыған елдер сыртында, тіпті Ресейде де Sci-Hub жобасы заңнан тыс деп жарияланған. Осылайша, Қазақстанның тумасы бітіспес жау Батыс пен Ресейді біріктіріп тұр.
Ақпарат құралдары сұхбат алғанда, Александраны «ресейлік» деп таныстырып жатады. Шын мәнінде, Элбакянның мойындауынша, РФ азаматтығынан ол идеологиялық тұрғыдан бас тартыпты.
Элбакянмен байланысты тағы бір тегін кітапхананың атауы латын әліпбиінің соңғы әрпінің атауымен Z-Library аталады. 2021 жылғы дерек бойынша онда 6,5 млн кітап, 80 млн мақала орналастырылған.
Мұндай тегін кітапханалардың қызметі әу бастан алдыңғы қатарлы елдердің биліктеріне ұнамады. Олар ескерту жасамай, әй-шәйға қаратпай белсенді бұғаттауға кірісті. Салдарынан, бүгінде кітапхана «көшпендіге» айналды: домені үнемі көшіп жүреді. Әзірге Қазақстанда ашылатын z-lib.is мекенжайында тұрақтады.
Осының алдында, 2022 жылғы қарашада Америка Құрама Штаттарының Әділет министрлігі мен Федералдық тергеу бюросы (ФТБ немесе FBI) Z-Library-ге үстемелете қуатты соққы берді. Ең алдымен, оған тиесілі қаптаған домендік атауларын тауып, шетінен ағытып тастады.
Ізінше ФТБ Аргентинада бас сауғалаған Ресей азаматтары, релоканттар Антон Напольскийдің және Валерия Ермакованың тұтқындалуына қол жеткізді. Оларға «авторлық құқықты қылмыстық бұзу, электронды байланыс құралдарын (wire-fraud) пайдалана отырып, алаяқтық жасау, сайтты ұстап тұру үшін қаржыны жылыстату» деген ауыр айыптар тағылып отыр. Ақпарат құралдары олардың Кремльмен байланысы туралы да жазды.
Қалай болғанда, бұларды Элбакянның «копирайтқа қарсы мылтықсыз майдандағы» білікті серіктестері деп атауға болатын еді. Содан Z-Library жұмысы біраз уақытқа дағдарды. Байтал түгіл, бас қайғы болған Напольский де, Ермакова да Аргентинаның сот инстанцияларында арпалысып, өздерін Америкаға экстрадициялауға жол бермеуге тырысып жатыр.
Сөйтіп, ғұламалардың шығармашылық, зияткерлік ақыл-ойының туындыларын сатып, ұшан-теңіз табыс табатын жаһандық «копирайт элитасы» масайрады, мерейі үстем болды. Олар осы арқылы өздерінің ойын ережелері мен заңдарына бағынбайтындардың күні қараң болатынын паш еткендей.
Ғылым мен білімді адамзатқа тегін таратқысы келетіндермен күрестің сұрқы шынында сұрапыл: кейінгі жылдары Z-Library-ге тиесілі 241 домен бұғатталды, олардың арасында ең бастысы саналған z-lib.org, book4you.org, u1lib.org, bookmail.org, b-ok.org, b-ok.cc, booksc.xyz, bookos-z1.org, vn1lib.club, zlibcdn.com, usa1lib.org және басқасы бар.
Ғылымның мөлдір бастауынан сусындағысы келетін, бірақ сол үшін ақы төлегісі келмейтін немесе оған қаржысы жетпейтін білім қуған жастар, зерттеушілер ескі әдетпен осы сайттарды тере қалса, оларды басқы бетте АҚШ Әділет министрлігінің жеңімпаз ұраны қарсы алады: «Бұл домен Нью-Йорктің Шығыс округінің АҚШ округтік сотының ордеріне сәйкес, Федералдық тергеу бюросымен тәркіленген!». Бұл таспадан ары қарай аттап басуға мүмкіндік жоқ.
Бұғаттау қақпасы тарс етіп жабылған сайын, еркін желілік кітапханалар бағдарынан айырылып, барар жер, басар тауы қалмай барады.
Әрине, нарық заманында бәрі дерлік ақылы болатыны белгілі. «Кез келген еңбектің адал ақысы төленуге тиіс» деген қағида да бар. Сондықтан өзгенің еңбегіне «қарақшылық» жасап, тегін үлестіретіндерді бірде бір мемлекет қолдап, қолпаштай алмайды.
Алайда филолог, аналитик Сергей Голубицкийдің айтуынша, ғылыми және басқа да әдебиеттерді, жарияланымдарды ақыға ұсынатын дерекқорлардың бәрі бірдей соның авторларына тиесілі еншісін, ақысын аудара бермейді. Тек мықты заңгерлері бар немесе құқығын білікті қорғайтын фирмалардың клиенті саналатын авторлар еленеді, қошеметтеледі. Ол тарапта да әділдік шамалы.
«Жалпы, бұқараға ашық, тегін кітапханалар ұсыну – ақпаратқа деген кеңестік ескі көзқарас, ол нарық заманына жарамайды деп айтылып жатады. Алайда Кеңес кезінде халықтың оқитын кітабы қатаң бақыланатын, шектелетін. Одаққа кірген халықтар «темір шымылдықтың» ар жағындағы дамыған елдердің, адамзат өркениетінің мәдени және ғылыми мұрасына қол жеткізе алмады. Салдарынан, адамдар оларды өз бетінше көшіріп басып, «самиздатпен» шығаратын. Александра Элбакянның Sci-Hub жобасы қарапайым адамдардың ақпаратқа қолжетімділігін арттыруға бағытталған», – деді Сергей Голубицкий.
Тегін кітапханаға беделді ЖОО-лар құмар
Қазнетте, рунетте қазақ және орыс тілдеріне аударылған әлем әдебиетінің түрлі туындыларын тегін табуға болады. Бірақ тәжірибеде копирайтпен қорғалған барлық құнды кітаптар, қолжазбалар, жарияланымдар жабық болып қала берді. Жазылыммен істейтін сервистер өріс алып, сұрайтын ақысының көлемі артқан сайын бұл проблема ушыға түсті.
Ал Sci-Hub сияқты жобалар барлық дерлік мемлекетте заңға қайшы деп танылып, ұдайы қылмыс ретінде қудаланады. Александра Элбакянның үстінен АҚШ, Ресей, Швеция, Бельгия, Франция, Ұлыбритания, Үндістан және басқа елдерде іс қозғалған. Соның негізінде домендері тәркіленіп, жергілікті валютадағы көлемі миллиондаған айыппұлдар салынған.
Соған қарамастан, Р2Р схемасы, яғни жазылушылардың жеке аккаунттары арқылы байланыс ұстаған, Телеграмды пайдаланған Sci-Hub дамуын жалғастырды. Копирайт лоббиі Sci-Hub, Z-Library, Anna's Archive, Library Genesis және басқа еркін, тегін электронды кітапханалардың қызметін «артта қалған, қайыршы елдердегі маргиналдар ғана тұтынады» деген теріс көзқарасты нығайтуға тырысады.
Анығында, тегін кітапханалармен әлемдегі 370 университеттің байланысы анықталған. Оның 150-і АҚШ-та, 39-ы – Ұлыбританияда, 30-ы – Канадада, 10-ы Швецияда орналасқан. Және кейінгі эшелондағы емес, Кембридж, Оксфорд, Империялық колледж, Корольдік колледж сияқты жетекші ғылым ордалары бар. Олар өз студенттеріне, аспиранттарына, қызметкерлеріне төл кітапханаларындағы компьютерлер арқылы заңнан тыс деп танылған тегін е-кітапханалардан заңсыз жарияланған, копирайтпен қорғалған ғылыми еңбектерді еркін жүктеп алуына рұқсат етеді.
Сарапшылар бұл мәселенің төрелігін сұрап, Жасанды интеллектіге жүгінді: «Александра Элбакянның айналысып жүрген ісі жақсы ма?» деген сауал қойылды.
«Бұл сұрақтың жауабы адамдардың нені «жақсы» деп танитынына байланысты. Бір жағынан, Sci-Hub сатып алуға қаражаты жоқ адамдарға ғылыми еңбектерге тегін қолжетімділікті ұсынады, бұл әлемде, кедей дамушы елдерде ғылымның өркендеуіне, білім деңгейінің артуына септеседі. Ғылымның ашықтығына ықпал етеді. Екінші жағынан, Sci-Hub авторлық құқықты бұзады, жариялауға авторлардың рұқсатын алмайды, сол арқылы баспаханалар мен ғалымдарға зиян келтіруі мүмкін. Ол жарияланатын еңбектердің сапасын тексермегендіктен, псевдоғылымның дамуына жол ашады», – деген жауап берді Google Bard жасанды зердесі.
Қазақстан тумасы Александра Элбакянның еңбегіне бағаны әркім өзі бергені жөн.
Елдос СЕНБАЙ