Соңғы жолдамаға талас: Тайландқа кім барады?

Қазақстан бокс федерациясы жаңа президенттің келуімен тың бастамаларды қолға алды. Бұған дейін жеңімпаз боксшыларға жоғары сыйақы берумен шектелген ұжым енді үлкен ауыс-түйіс пен өзгерістерге бет бұрған.

Соңғы бір аптаның ішінде Шахмұрат Мүтәліп бастаған команда жолдамасыз қалған салмақтарда спаррингтік тур­нир өткізетінін хабарлап, әйелдер құ­ра­масының бас бапкерін ауыстырды. Сондай-ақ төрешілер алқасының жаңа жетекшісін сайлап, Париж Олимпиадасының жүлдегерлеріне берілетін сыйақы мөлшерін жариялады. Еліміздегі нөмірі бірінші спорт түріндегі  басты жаңалықтарды AIQYN тілшісі сараптап көрді. 

Жанкүйерлер ерлер ара­сын­дағы бір, әйелдер арасындағы төрт салмақта спаррингтік турнир  өткізілетінін қуана қабылдады. Себебі нағыз жеңімпазды шынайы әрі әділетті таңдаудың жолын көпшілік айтып та жүрген. Бұл жаңалықты бокссүйер қауымның жақсы қабылдағаны анық. Бірақ мұның да ескеретін тұстары барын ұмытпаған жөн. 

Алдымен ерлер арасындағы 63,5 келі салмақ дәрежесіне тоқ­та­лайық. Жеті олимпиадалық салмақтың ішіне, әзірге жолдама бұйырмағаны осы. Астанадағы турнирде бұл салмақта алты бокс­шы өзара мықтыны анықтайды. 

Ертуған ЗЕЙНУЛЛИНОВ

Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарында Ертуған Зей­нул­линов ел намысын қорғап, ширек  финалда моңғолиялық Чинзориг Батарсуйхиннен жеңілді. Ке­йін моңғол боксшысының до­пи­нг қабылдағаны туралы ақ­парат шықты. Бірақ ресми түр­де жарияланған жоқ. Бізге белгілі мәліметтер бойынша, Чинзорингтің В сынамасын ашу туралы шешім қабылданған. Егер моңғол боксшысының ты­йым салынған препаратты қабылдағаны рас болса, бұл  процесс 6-7 ай уақытқа созы­латыны тағы бар. Тіпті, оның  кінәсі дәлелденсе де, Зейнуллиновке жолдама емес, жазғы ойындардың қола жүлдесі ғана бұйырады. Жақында жур­на­листерге сұхбат берген Ертуған жаттығу жоспарын дереу өзгертіп, спаррингтік турнирге дайындалып жатқанын жеткізді. 

Мұхаммедсабыр БАЗАРБАЙҰЛЫ

Ақпанның соңында Италияда өткен әлемдік іріктеу турниріне соңғы Спартакиада жеңімпазы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы қатысты. Жанкүйерлер арасында тап осы боксшы өз бағасын алмай жүргені туралы жиі айтылатын. Бірақ Базарбайұлы да алысқа шаппады. Лицензиялық турнир­дің екінші айналымында Еуропа чемпионы Родослав Росеновке жол берді. 

Дулат БЕКБАУОВ

Бұл салмақтағы мәселені бапкерлер өзара спарринг өткізуі арқылы шешсе де болар еді. Алайда ойынға Дулат Бекбауов пен бапкері Нұрлан Ақүрпеков араласты. Бұған дейін Олимпиада бағдарламасына енбеген 67 келіде жұдырықтасқан Бекбауов жазғы ойындардың басталуына төрт ай қалғанда салмақ ауыстырамын деп шешті. Асылында, Дулат былтыр қарашада өткен ел Спар­такиадасынан соң 63,5 келіге ауы­сатынын айтқан. Бірақ Ташкенттегі әлем чемпионатынан соң қомақты қаржыға кенелген боксшы тағы да қалтасын тол­тыруды ойлаған сыңайлы. Ха­лықаралық бокс қауымдастығы (ІВА) ұйымдастырған коммер­циялық «Чемпиондар түні» тур­нирінде бірнеше рет жұдырық­тасып, күні кешеге дейін жүріп алды. Бұл бәсекеде жеңілген боксшылардың өзі сыйақы ала­тынын ұмытпаңыз. 

Жаңа маусымда да Дулат сал­­­мағын түсіруге асыққан жоқ. Болгариядағы дәстүрлі «Ст­ран­джа» кубогін 67 келіде же­ңіп алды. Кейін әлеуметтік же­лі­лерде Дулат Бекбауовтың салмағы түскені жайлы ақпарат­тар жиі жазыла бастады. Соң­ғы лицензиялық жарысқа Дулатты апару керек дегендер де көбейді. Осының бәрін ескерген федерация ешкімнің ішінде өкініш қалмауы үшін де спаррингтік турнир өткізу туралы шешім қабылдады. 

Негізі, салмақ ауыстыру оңай процесс емес. Заманауи дие­тологтер салмақты түсірудің еш проблема емесін айтса да, бұл салмаққа бейімделіп, ел ішіндегі және шетелдегі қарсыластарды бағамдау үшін де уақыт керек. Дулат Бекбауовтың өзі үшін сәт­ті болған Ташкенттегі әлем чемпионатынан соң олим­пиадалық салмаққа бірден ауыс­пау себебін біз  тек коммер­циялық турнирлерде табыс  табу мақсатымен ғана байланыстыра аламыз. Боксшының өзі бол­са, салмақ ауыстыруды әсте қиын емесін айтады. Десе де, Олимпиадада ел намысын қорғау­ды ойлаған боксшы ертерек қам­данатынын да ұмытпаған жөн. 

Серік ТЕМІРЖАНОВ

57 келіде Токио олимпиада­сына қатысып, Сербиядағы әлем чемпионатында күміс алған Се­рік Теміржанов құрамадағы орнын Махмұд Сабырханға бо­сатып берді. Осылайша, 63,5 ке­ліге ауысқан павлодарлық боксшының әзірге жолы болар емес. Ел Спартакиадасында екі рет есе жіберіп, жақында Бакуде өткен халықаралық турнирдің бірінші кезеңінде ұтылды. Спорт­шының жеке бапкері Азамат Мақажанов та өз боксшысы ла­йық болмаса, лицензиялық жа­рысқа жібермейтінін айтыпты. Құрамада біраз ысылып, тәжірибе жинаған Теміржанов енді іріктеуге қатысу үшін барын салады. 

БҰРЫМДЫ БОКСШЫЛАР

Қыздар арасындағы турнир де қызу тартысқа толы болмақ. Мұнда бірден төрт салмақ бойын­ша іріктеу турниріне қатысатын бұрымды боксшылар анықталады. 

50 келі салмақта Алуа Балқы­бекова мен Назым Қызайбай та­ласқа түседі. Екеуі бір бап­кер­дің шәкірттері. Десе де, олим­пиадалық салмақта  екеуінің де жолы болар емес. Назым 48 келіде әлемді екі рет бағындырса, Алуа сол салмақта финалға дейін жеткен. Енді 50 келінің мәселесін шешуге тырысады.

Қызайбай жазғы Азия ойын­дары­ның бірінші кезеңінде ұтылса, Балқыбекова Италиядағы іріктеу турнирінің ширек финалында жеңілді. 

54 келіде жеті боксшы қыз бақ сынайды. Олардың қатарында әлем чемпионы Дина Жоламан, әлем чемпионатының жүлдегері Жайна Шекербекова, жастар арасынан өткен Элина  Базарова, Анель Сақыш, Сымбат Әлиасқар, Ұлжан Сәрсенбек және Балауса Мұздыман бар. Спаррингтік тур­нирге атышулы Ангелина Лукас та шақырту алған. Бірақ ол өз еркімен жарыстан бас тартты. 

66 келіде Лаура Есенгелді, Ми­­лана Сафронова, Наталья Бог­­данова, Жасмин Қизатова мен Дариға Шәкімова (Рио Олим­пиадасының қола жүлдегері) бақ сынайды. 

75 келіде Гүлсая Ержан, Ва­лен­тина Хальзова және Жібек Жарасқызының жекпе-жегін та­ма­шалаймыз. 

Айтпақшы, соңғы лицензия­лық жарыс алдында федерация тәуекелге барып, әйелдер құра­масының бас бапкерін өзгертті. 2021 жылдан бері бас бапкер қыз­­­метін атқарған Шәміл Са­фиуллиннің орнына Елдос Сай­далин тағайындалды. Сайдалин соңғы жылдары жастар мен жас­­өпірімдер құрамасын жат­тық­тырған. 

Сондай-ақ федерация па­риж Олимпиадасында жүлде алатын боксшыларға берілетін сыйақы мөлшері жариялады. Төртжылдық додасында алғашқы алтылыққа енген былғары қолғап шеберлері қошеметтен құр қал­майды. 

1-орын: 220 000 $

2-орын: 120 000 $

3-орын: 70 000 $

4-орын: 30 000 $

5-орын: 10 000 $

6-орын: 5 000 $

Ал бас бапкер мен жаттық­тыру­шылар алқасы орын алған боксшы сыйақысының 30 пайы­зына пара-пар қаржылай сыйақы алады.

Еске сала кетейік, Астанадағы спаррингтік турнир 8-10 сәуірге жоспарланған. 

Ақырыс СЕЙТҚАЗЫ