Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында «Көне Тараз» тарихи, этно-мәдени кешенінде «Қыз өсірсең – ұятымен» атты кездесу кеші өтті. Кездесу қонағы – «Құнанбай» фильмінде бір әулеттің емес, күллі қазақ анасының үлгісіне айналған Зеренің рөлін сомдаған актриса, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, аяулы ана Нұрсифат Салықова. Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығы мен Жамбыл облысы Қазақстан студенттері Альянсының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға 14-25 жас аралығындағы қыз-келіншектер мен елге өнеге болып жүрген аналарымыз бен әпкелеріміз қатысты. Кездесудің көздегені – әдет-ғұрып пен салт-дәстүрімізді қыз баланың бойына сіңіре отырып, келешекте ана, ақ босағаның аруы, шаңырақтың құт-берекесі екенін ұғындыру. Әдеп, мейірім мен төзімге, шыншыл болуға тәрбиелеу және иманды да инабатты қазақ келінінің бейнесін қалыптастыру. Қыз – болашақ ана. Қыздың денсаулығы – ұлттың саулығы. Бүгінгі таңда елімізде қыздың, ана мен баланың денсаулығына ерекше назар аударылып отыр. Өкінішке қарай, заман ағымымен, еуропалық сана ықпалымен ұлттық тәрбие негізі өзгеріп барады. Бұл өз кезегінде ұрпақ саулығына да, тәлім-тәрбиесіне де өз әсерін берді. Кездесудегі әңгіме осы ауанда өрбіді Тұмар МЫРЗА