Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада белгілі сатирик-жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы Сатира кеңесінің төрағасы, Ақпарат және мәдениет саласының үздігі Ермахан Шайхыұлының «Сатира сарқыты», түрік тілінде жарық көрген «Әйелім базарда», сондай-ақ балаларға арналған «Медина мәзірі» атты үш кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.
Мәнді де мазмұнды өткен шара тізгінін қолға алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Қансейіт Әбдезұлы сатира сардарының өмірі мен шығармашылығына кеңінен шолу жасап, қаламгерлік, суреткерлік ерекшеліктеріне тоқталды. Сонымен қатар сатираның поэзиялық және прозалық жанрларында қатар қалам тербеп, осы салаға әкелген жаңалықтары мен артықшылығын атап өтті.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы атынан сөз алған қос орынбасар, ақындар Қасымхан Бегманов пен Бауыржан Жақып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Кәкен Қамзин, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, әдебиеттанушы-ғалым Нұрдәулет Ақыш, сондай-ақ белгілі журналист-жазушылар Тілеуқабыл Мыңжасар, Жұмаш Кенебай, Болат Шарахымбай, Көлбай Адырбек, Гүлзейнеп Сәдірқызы, Сәкен Сыбанбай, «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов, «Шалқар» радиосының директоры Болатбек Төлепберген, «Ақ желкен» журналының бас редакторы Есей Жеңісұлы өз құттықтауларында сатирик-жазушының шығармашылық жетістіктеріне тоқталып, оның әдебиет пен журналистика саласына сіңірген еңбегін ерекше бағалады.
Балғабек Қыдырбекұлы атындағы сыйлықтың екі дүркін лауреаты, «Алтын қалам» сыйлығының иегері Ермахан Шайхыұлының қолынан қаламы түспей, қызмет етіп келе жатқанына қырық жылдың жүзі болды. Осы жылдар аралығында ол сатира мен журналистика һәм балалар әдебиеті саласында жазылған 16 елеулі кітаптың авторы атанды. Атап айтар болсақ, «Ауыз тие отырыңыз», «Біртүрлі кітап», «Қазіргі қазақ сатирасы», «Жатыпатар», «Мынауың жынды екен», «Аққудың сыңары», «Ағынан жарылсақ», «Сандалған сауал», «Шылдыр шүмек», «Әріп әлемі», «Қоңыр қажының күнделігі», «Атақты айтқыштар» тағы басқа кітаптарын оқырман қауым жылы қабылдап, лайықты бағасын берді.
Автор «Сатира сарқыты» кітабында қазіргі қазақ сатирасының тарихы, оның жетістіктері мен кемшіліктері һәм жанрлары туралы сөз болады. Мерзімді баспасөздегі сатиралық қосымшалар, беттер, мүйістер туралы және онда жарияланған жас авторлардың шығармалары ғылыми негізде терең талданып, таразыланады. Сондай-ақ бұл жинаққа әрбір жылдары әдеби жыл қорытындысында жасалған баяндамалар мен сатира саңлақтарының шығармашылығы жайлы ғылыми еңбектер және қазақ сатирасының сардарларымен болған сұхбаттар топтастырылған.
– Қазақтың сатирик қаламгерлерінің үлкен-кішісі бар, кешегі өткен алыптары мен ардагері бар, өз мектебін, шеберлік шеберханаларын жасап кеткендері бар, бірде-біреуін жол жиегінде қалдырмай, түгел саралап, санамалап, таразы басына салып, бағалап шығатын осынау еңбекті журналист-публицист, сатирик-жазушы Ермахан Шайхыұлының бүгінгі белестегі бас кітабы ретінде бағалаймын. «Қазіргі қазақ сатирасы», «Сатира саңлақтары», «Әдеби жыл қорытындысында жасалған баяндамалар», «Сатира сардарларымен сұхбат», «Қаламдастар құрметі», «Әріптестер әзілі», «Айқынның» қоржыны», «Әзілкештер әзілі» тағы басқа 11 бөлімнен тұратын құнарлы, мазмұнды кітап бөлімдері атауының өзі көп жайды аңғартады. Әсіресе «Қазіргі қазақ сатирасы» атты бірінші бөлімде «Қазақ пародиясы хақында», «Асқар Тоқмағамбетовтің мысалдары», «Қазіргі сатирадағы жастар шығармашылығы», «Балғабек Қыдырбекұлының фельетондары», «Қазақ сатирасы және сүреңсіз сахна» тағы да басқа тақырыптағы туындылардың мәні де, мазмұны да зор. Әрбір тарауға, тіпті әрбір тақырыпқа автор ұзақ дайындалған. Сол әрбір тараудың бел омыртқасын ұстап тұрған терең зерттеушілерді, сөз болатын авторлардың шығармаларындағы алтын өзекті айнытпай, дәл ұстап, тереңіне үңілетін қаламгер бір сөйлемінен де жаңылмайды. Сатира тарихы мен теориясын жан-жақты білетін автор өз талдауларын шашыратып алмай, тас-түйін жинақтап, өзіне мақсат етіп қойған үдесінен шығады да отырады. Тіл құнарын да басты назарда ұстайды. Кітаптың танымдық, тағылымдық, ақпараттық, ғылыми мәні мен маңызы да осынау тұғырда тұрғандықтан самғау биікке көтерілген.
Қара шаңырақ – КазГУ-ден түлеп ұшқан қабырғалы қаламгерлерден бастап, жас сатириктердің тырнақалды туындыларына дейін жіліктеп, егжей-тегжейлі тоқталатын кітап авторы күллі сатира жанрының тарихын түгелдеп шыққандай әсерде болғанымды несін жасырайын?! – дейді әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы.
Түрік тіліндегі «Әйелім базарда» атты жинақ Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Өміроғлының мұрындық болуымен Анкара қаласында жарыққа шықты. Бұл кітаптың тұсауы да осы шаһарда кесіліп, оқырмандарға жол тартты. Туындыны түрік тіліне тәржімалаған – белгілі жазушы һәм мықты аудармашы Мәлік Отарбаев. Ол жинаққа қаламгердің сатиралық шығармалары енгізілді.
Ермахан Шайхыұлының «Медина мәзірі» жинағы жаңылтпаштардан тұрады. Автор ең алғашқы жаңылтпаштарын өзі мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде жазған екен. Ол тырнақалды туындылары балалар басылымдарында жарық көрген. Содан бастап, бүгінгі күнге дейін жазылған жаңылтпаштарын жинақтап, «Мединаның мәзірі» деген атпен барша қазақ балаларына базарлық ретінде ұсынып отыр. Жаңылтпаштардың тілі жеңіл, тез жатталады. Бұл жинақ – балалардың есте сақтау қабілетін дамытып, тілін жаттықтыруға таптырмайтын құрал.
– Әлқисса, жаңылтпаш ¬¬– халқымыздың асыл қазынасы – қазақ ауыз әдебиетінің күретамыр бір саласы. Ұшқыр ойлап, ұтқыр сөйлеуге жетелеу – жаңылтпаш жанрының ең басты міндет-миссиясы. Демек, фольклордың бұл саласы – сауатты сөз саптауға бағыттайтын, шешендік қабілет-қарымды шыңдайтын әбден сыннан өткен көне мектеп. Үстірт ойлағанға, сырт қарағанға жаңылтпаш құрау – жеңіл, түкке тұрмайтындай оңай көрінуі кәдік. Бірақ аталмыш жанрға қойылар поэтикалық талап қатал. Жаңылпашта ұйқас, ырғақ, буын һәм нақты мән-мағына, яки ой айқындығы қатаң сақталуы шарт. Демек, жаңылтпаштың айтар ойы шымыр, айналасы жұмыр келіп, ал сөзі сыңғыр қағып тұруы тиіс. Сонау есте жоқ ескі заманнан бері тіні үзілмей келе жатқан жаңылтпаштың көш-керуенін біздің дәуірімізде көрікті етіп жүрген ат төбеліндей аз ғана қаламгерлердің бірі – Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ. Ерекеңнің жазған жаңылпаштары бұл жанрдың жоғарыда өзіміз атап өткен қадау-қадау ерекшеліктеріне толық сәйкес келеді. Біздің үшбу уәжіміздің ақиқатына осы жаңылтпаштар жинағын оқыған үлкен-кішінің түпкілікті көз жеткізері хақ. Қазақ фольклорын зерттеуші ғалымдар жаңылпашты тіл ұстартудың керемет тәсілі ретінде қарастырады. Ендеше, бұл кітап та балдырғандардың ойы ұшқыр, сөзі өткір тұлға болып қалыптасуына игі әсерін тигізері шүбәсіз, – дейді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин кітапқа жазған алғы сөзінде.
Сөзімізді қорытындылай келе, қаламгерге шалқар шабыт, толағай табыс тілейміз! Алар асулар бұдан да биік болсын!
Айгүл РАМАЗАН,
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің
профессоры