Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесінде облыстың түкпір-түкпірінен түрлі салада жетістікке жеткен 20-дан астам ардақты ана, қыз-келіншектерге құрмет көрсетілді. Олардың арасында спорт, мәдениет, медицина, кәсіпкерлік, білім, журналистика саласының өкілдері және көпбалалы аналар бар. Шарада Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ардақты аналар мен қайсар қыздарымыздың қоғамды дамытудағы еңбегі зор екеніне тоқталды.
«Түркістан облысында Nur Otan партиясының 85 мыңнан астам мүшесі бар. Оның елу мыңға жуығы әйелдер қауымы. Осыдан-ақ қыз-келіншектердің саясат, қоғамда белсенді әрі елге жанашыр екені байқалып тұр. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен Түркістан облысы түрленіп, Түркістан қаласы гүлденіп жатыр. Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының «Үйлер, ғимараттар салына береді. Бірақ біз құрылыспен бірге мәдениетті, білімді көтеруді, дәстүрді жалғастыруды ойлауымыз керек» деген сөзі бар. Сіздер қоғамның түрлі саласында елге қызмет етіп, жас ұрпақты тәрбиелеп жүрсіздер. Nur Otan партиясы сіздерді қабылдауға, мәселелеріңізді шешуге көмектесуге, бірлесіп жұмыс істеуге әрқашан дайын. Партияның кадрлық резервіне әйелдер қауымын көбейту бағытында да нақты жұмыс жүріп жатыр», – деді Бейсенбай Тәжібаев.Мерекелік жиында білікті ұстаз, кентаулық Гүлдариға Жұмагелдиева ілтипат білдірген партия филиалына алғыс айтып, замандастарын мерекемен құттықтады. Ал партия ардагері, өңірдің дамуына еңбегі сіңген Таскүл Махмудова мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларды қолдауға, әйелдердің қоғамның сан саласында жұмыс істеуіне жағдай жасалып жатқанын жеткізді. Осы күні тоғызқұмалақтан әлемнің 9 дүркін чемпионы Әсел Дәлиева, спортшы Айжан Жылқыбаева, көпбалалы ана Ақнұр Берікқараева мен көпбалалы кәсіпкер Бибімария Тұрмаханова және өзге де әйелдерге құрмет көрсетілді. Әсерлі кеште марапатқа ие болған түркістандық аналар жетігенмен ән шырқаса, ақ жаулықты әжелер ақ батасын берді. Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы