Атырау облысындағы Жылыой ауданынан қауіпсіз аймаққа эвакуацияланған тұрғындар саны 31 мыңнан асты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Атырау облысының жедел штабы мәлім еткендей, Жылыой ауданының су басқан елді мекендерінен тұрғындарды эвакуациялау жалғасып жатыр.
«Жылыой ауданынан 5 сәуірден бері 31 009 адам эвакуацияланды. Оның ішінде Маңғыстау облысына 20 821 адам көшірілді. Ал, Теңіз кен орнындағы вахталық кентте дайындалған жатақханаларға 7445 адам орналастырылды. Атырау қаласына 2743 адам келді», – деп хабарлады облыстық жедел штабтан.
Сондай-ақ, 274 адамның кейбірі уақытша эвакуациялық пункттерге, кейбірі туысқандарының үйіне баруға шешім қабылдаған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында төтенше жағдай жарияланғаны хабарланды.