«АMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Ербол Данағұлов су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға қол ұшын созған елордалықтарға алғысын айтты.
«Сүрінгенге сүйеу, қиналғанға демеу болу – негізінен қазақтың қанында бар қасиет. Қолда барын бөлісіп, бір-біріне қамқор, тілеулес болған ұлтымыздың ұлылығы да осында. Сын сағатта бірлесе әрекет етіп, тасқынға тосқын жасап жатырмыз. Қолдан келген жәрдемін ұсынып, достық пейілін танытып жатқан Астана тұрғындарына, «АMANAT» партиясы Астана қалалық филиалына алғысымыз шексіз. Бірліктің арқасында бұл қиындықты да еңсереміз», – деді Ербол Данағұлов.
Партияның Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбектің айтуынша, астаналықтар игі істе ерекше белсенділік танытып, партияға тәулік бойы азық-түлік пен киім-кешек жеткізген. Жылу жинау жұмысына депутаттар мен кәсіпкерлер де атсалысқан.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе өңіріне Маңғыстау, Атырау, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласынан гуманитарлық көмек жетті.