Тасқын судан қауіпсіз жерге көшірілген төрт түліктің саны 69 мың бастың үстінде. Тәулік бойы ұйқы көрмей, тұрғындарға қызмет көрсетіп жатқандардың қатарында волонтерлер де бар.
Бүгінде елімізде 600-ден астам волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Республикадағы еріктілер қозғалыстарының жұмысын үйлестіріп отырған орталық – «Ұлттық волонтерлік желісі» Мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл департамент басшысы Айбек Досымбетовтің сөзінше, еліміз аумағы бойынша 20 өңірде жедел телефон штабтары ашылып, қызмет көрсетіп жатыр. «Ол жердегі волонтерлер тұрғындардан келген әртүрлі сұраққа жауап беріп, қоңырау шалған азаматтың қажеттілігіне орай кеңес айтып, бағыттап отырады. Еріктілер штабта тек тұрғындардан телефон қоңырауын қабылдап қана қоймай, төтенше жағдай қызметі, құтқарушылар, әскерилермен де байланыс орнатып, апат болған жерде қызмет көрсетушілермен арадағы өзара байланыс секілді түрлі қызметті үйлестіріп отыр», – дейді ол.
Қазіргі сәтте еліміздің 15 аймағында гуманитарлық көмек орталықтары ашылды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, республика жұртшылығы да су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға қолдан келгенше қол ұшын созуға тырысып бағуда. Аталған гуманитарлық орталықтарда жұмыс істеп жатқан волонтерлер алдымен жиналған көмек заттарды сұрыптап, жинастырып, реттейді. Содан кейін жүк көліктеріне тиеп, су басқан өңірлерге жөнелтіп жатыр. «Бүгінге дейін республика бойынша 550 тонна гуманитарлық көмек жиналды. Дәл қазір 25 мыңнан астам ерікті волонтерлік қызмет көрсетуде», – дейді Айбек Досымбетов.
Қарғын судың салдарынан жапа шеккендерге көмек беруде алматылықтар да қол қусырып отырған жоқ. Өткен аптада өңірлерге гуманитарлық көмектің алғашқы партиясы жөнелтілді. Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы берген деректерге сүйенсек, алты күннің ішінде 10 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жиналған. Соның ішінде 2,5 тоннадан астам киім-кешек, 1 тонна гигиеналық өнімдер, 3,5 тоннадан астам азық-түлік, тұрмыстық заттар және тағы басқа бар. Біз Алматы қаласында орналасқан қабылдау пунктерінің жұмыс қарқынын білу мақсатында Алматы қаласы еріктілер фронт-офисының жетекшісі, Qamqor Charity қоғамдық қорының төрағасы Бағдат Анарбаевамен байланысқа шықтық. Бағдат Бекболатқызы еліміздің батысы мен солтүстігінде су тасқыны болуына байланысты арнайы штаб өз жұмысын бастағанын, сондай-ақ көмек қабылдау пункті үзіліссіз жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, штабтың жұмыс уақыты таңғы сағат 10.00-ден кешкі 19.00-ге дейін болса да, еріктілер мезгілге қарамастан көмек беруде. «Біз күн сайын әр өңірмен байланыстамыз. Су тасқынынан зардап шеккен аймақтар қазіргі ахуалды және қандай заттар қажет екенін хабарлап, бізге барлық ақпаратты жолдап отырады. Алдыңғы аптада еріктілермен бірге Орал қаласына 10 тонна гуманитарлық көмекті табыстап қайттық. Ал қазір Атырау облысына гуманитарлық көмек жинап жатырмыз. Бүгін біз гуманитарлық көмектің 1 партиясын жіберуді бастадық. Жиналған заттардың бір бөлігін Атырау облысына Air Astana және Fly Arystan компаниялары, екінші бөлігін қаламыздың кәсіпкерлері тегін жеткізіп беруге ниет білдірді. Біз сұраныс бойынша барынша қолдау көрсетіп, көмек беруге тырысамыз. Сондай-ақ бізде күнделікті call-орталығы жұмыс істейді», – дейді Б.Бекболатқызы.
Айта кету керек, алматылық еріктілер осыған дейін Қазақстанда және әлемде болған табиғи апаттар кезінде де үнсіз қалмай, қолдан келген көмегін аянып қалған емес. Былтыр Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен зардап шеккендерге 50 тонна, ал Абай облысындағы қызыл жалынның салдарынан қиындық көрген тұрғындарға 5 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинады. Одан өзге еріктілер фронт-офисі демеушілер тарта отырып, бір жылдың ішінде 10 мың аз қамтылған отбасыға, 350 жетім балаға, 800-ден астам қартқа көмек көрсеткен.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқарма басшысының орынбасары Азиз Кажденбек гуманитарлық көмекті жинауға қатысқандар әртүрлі жастағы адамдар екенін айтады. «Игі іске атсалысқан қаламыздың әрбір тұрғынына белсенділігі мен қолдауы үшін қала әкімдігі атынан алғысымды білдіремін. Сондай-ақ қиын сәттерде көмек берген еріктілеріміздің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Еріктілердің еңбекқорлығы мен қала тұрғындары көмегінің арқасында біз су басқан аймақтарға аз уақыт ішінде көмек қолын созып жатырмыз, – дейді ол.
Су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе облысына да алғашқы жәрдем жеткен. Аймаққа гуманитарлық көмек Алматы, Түркістан, Атырау, Астана, Қызылорда облыстарынан көрші мемлекеттерден (Қырғызстан) келіп жатыр. «Ақтөбе қаласында волонтерлік штаб құрылып, бірнеше бағытта жұмыс істей бастады. Жалпы, жұртшылықтың қолдауымен 300 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жиналды. Оның 250 тоннадан астамы жапа шеккен жандарға берілді», – деп мәлімдеді Ақтөбе облыстық Жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Ақбаян Әбішева.
Жалпы, Ақтөбе облысы аумағында 1 061 үйді су басқан. Тасқыннан эвакуацияланған 1 636 адам уақытша орналастыру пункттеріне орналастырылып, 10 663 бас мал қауіпсіз жерлерге көшіріліпті. Табиғи апаттан зардап шеккендерге кәсіпкерлер де көмегін беруде. «Арнайы ашылған есепшотта жиналған қаржы «Қамқор-Ақтөбем 2024» қоғамдық қорының бақылауында. Қазіргі кезге дейін халықтан, кәсіпкерлер мен компаниялардан қорға 316 997 394, 78 теңге қаражат жиналды. Қаладағы 30-ға жуық мектеп эвакуациялық орталыққа айналды. Волонтерлер мен студенттер жүк жинау мен құтқару жұмыстарына белсене атсалысып жатқанына куәміз», – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының маманы Жоламан Асанұлы.
Еріктілер ұйымдары жоғарыда аталған қызмет түрімен шектеліп қалмай, жағдайға орай түрлі акция ұйымдастырып отыр. «Ұлттық волонтерлік желісі» Мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл департамент басшысы Айбек Досымбетов тасқын су зардабын жою ісінде де волонтерлер қарқынды жұмыс істегелі отырғанын жеткізді. «Осы жұмыстарға қосымша тағы бір акция ұйымдастырып жатырмыз. Ол – волонтер pro-bono деп аталады, яғни бұл қоғам игілігі үшін қосымша қызмет. Енді көмекке мұқтаж азаматтар волонтер-заңгерлердің қызметіне жүгіне алады. Бұл жерде де қызмет тегін көрсетіледі. Pro-bono волонтерлер тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың құжаттарын қалпына келтіруге, өтемақы алуына көмектесіп, қағаздарын реттесуге қол ұшын береді. Біздің бұл акциямызды қолдап тегін заңдық қызмет көрсету ісіне атсалысайық деп өтініш беріп жатқан азамат да көп», – дейді ол.
Одан бөлек, волонтерлер су басқан 9 облыс аумағында қиындық көрген тұрғындарды, арнайы эвакуацияланған азаматтардың орналасқан жеріндегі жатын-орнын ұйымдастыру, ыстық тамақ әзірлеу және оны уақытылы жеткізіп отыру, жылы киімдерді тарату секілді міндеттерді мойнына алған. Сондай-ақ еріктілер құтқарушы мамандардың, әскерилердің уақытылы тамақтануын да ұйымдастыруға атсалысып жатыр.
Әзірлегендер:
Бауыржан БАЗАР,
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ