Мемлекет басшысы бірінші кезекте Аралдың құрғаған ұлтанына сексеуіл көшеттерін егу жұмыстарын жедел қолға алу қажеттігін баса айтты. Соның негізінде теңіз табанына 15,3 млн түп сексеуіл көшеттерін егу жұмыстары жоғары қарқында жүргізіліп, өңір жұртын зор қуанышқа бөлеп отыр.
Теңізді өлкедегі толағай тірлікті Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бақылауында ұстап, баянды бастаманың өз деңгейінде жүргізілуіне баса мән беріп отыр. Іргелі істі аймақ басшысы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, Экология және табиғи ресурстар бірінші вице-министрі Нұркен Шарбиевпен бірге аралап, жоғары бағасын берді. Сондай-ақ арнайы делегация Арал, Қазалы аудандарына жасаған сапарында теңіздің құрғаған ұлтанының орамдарын әуеден бақылап, сексеуіл көшеттерін отырғызды.
Негізінен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 1,1 млн гектар сексеуіл екпелерін егу кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, республикалық және облыстық бюджет есебінен 2021 жылы 101 мың гектар, 2022 жылы 250 мың гектар, ал 2023 жылы 193,2 мың гектар жерге фитоорманмелиорациялық жұмыстары жүргізілген. Жоспарға сәйкес, 2024-2025 жылдар аралығында қосымша 556,2 мың гектар жерге фитоорманмелиорациялық жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр.
Жалпы, бүгінгі күнге дейін тартылған теңіздің құрғаған ұлтанының 51,6 мың гектарына 15,3 млн дана көшет отырғызылыпты. Сондай-ақ теңіз табанындағы 150 мың гектар жердің топырағын зерттеу және жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 58,4 млн теңге бөлінген. Күз мезгілінде 50 мың гектар жерге сексеуіл тұқымын себу үшін 180 тонна орман ағаштарының тұқымы жиналады деп күтілуде.
Өңірде орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары да назардан тыс емес. Осы мақсатта аймақ басшысының тапсырмасымен облыстық бюджеттен 1,8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген.
Аралдың экологиялық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарға инвесторларды тарту бастамасы көңіл қуантады. Атап айтқанда, теңізді аймақ келешегі үшін маңызды жобаны жүйелі жүргізуге белгілі кәсіпкер, меценат Т.Турлов ықылас танытып, 2 млн АҚШ долларын бөлу туралы шешім қабылдаған. Сол сияқты арнайы жүргізілген келіссөздер нәтижесінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ компаниясы да 500 млн теңге бөлетін болды.
Жалпы, құрғаған ұлтанға сексеуіл егу тәжірибесі білікті мамандар тарапынан қолдау тауып тұр. Ел келешегіне негізделген ортақ іске кәсіпкерлерді жұмылдыру да назардан тыс емес.
Алдағы аптада 20 елдің Қазақстан Республикасындағы елшілері Арал ауданына арнайы келеді деп күтілуде. Елшілер өз кезегінде аймақтың экологиялық мәселелерімен танысып, оны жақсартуға инвестиция тарту бағытында жұмыс жасайтын болады.
Бүгінде бірегей жоба Арал тағдыры-на алаңдаған жамағаттың кеудесіне үміт сәулесін себелеп тұр. Теңіз ұлтанынан көтерілген тұз бен шаңды дауылға сексеуіл сеп болады деп үміттеніп отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы