Қарағанды облысы Шет ауданында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы материалдық көмек төленді. Зардап шеккен отбасылар 369 200 теңгеден алды. Осы аптада олар толық залалды өтей бастайды, бағалау комиссиясы жұмысты аяқтап, қорытынды дайындайды. Сондай-ақ осы аптада мал шығынына байланысты мәселе шешіледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл туралы Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров аппараттық кеңесте айтып өтті.
Зақым келген үйлердің орнына басқасын сатып алу немесе үй салу мәселесі қарастырылуда. Зардап шеккен халықтың жағдайын жедел қалыпқа келтіру бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатқаны атап өтілді.
Сондай-ақ, кеңесте елді мекендерді су тасқынынан қорғаудың одан әрі шаралары талқыланды.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов 2015 жылдан 2023 жылға дейінгі жеті жыл ішінде облыста республикалық Жол картасы және облыстық инженерлік жұмыстар жоспары бойынша су тасқынына қарсы іс-шаралардың үлкен көлемі жүргізілгенін еске салды.
– 274,1 км қорғаныс бөгеттері мен біліктері тұрғызылды және нығайтылды, 259,8 км өзен арналарының жағалауын нығайту, түбін тереңдету, түзету, кеңейту және тазарту орындалды, 104,3 км су бұру арналары орнатылды және нығайтылды, 309 жол учаскесінде су өткізу қабілеті ұлғайтылды, 68,1 км дренаж жүйелері салынды және жөнделді. Осы іс-шаралардың барлығы, күрделі жағдайға қарамастан, өзен арналарына судың көп түсуі, әсіресе Сарытөбе, Мұстафин, Чкалов, Садовое, Нұраталды, Қызылқой, Қарағайлы, Кертінді, Тассуат, Нұра және басқа да көптеген елді мекендерде бұл көлемді апатсыз өткізіп жіберуге мүмкіндік берді, – деп атап өтті Мұрат Қатпанов.
Биылғы су тасқыны сабақтарын ескере отырып, жоспарларды түзете отырып, жұмыстар жалғастырылады. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожановтың айтуынша, жолдардың 72 учаскесіне су өткізу құбырларын орнату қажет.
– Шынында да, көп жұмыс жасалды, сондықтан біз үлкен суды өткізе алдық. Бірақ бізде қиындықтар бар, олар туралы білеміз. ТЖД-ға аудандар мен қалалар әкімдіктерімен бірлесіп тағы да инженерлік жұмыстар жоспарын жасап, оны жазғы кезеңде іске асыруға кірісуді тапсырамын. Бұл жұмысты жалғастырамыз, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына барлық бөгеттер мен гидроқұрылыстардың техникалық жай-күйін қайта тексеру тапсырылды.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ