Тұрғындардың жағдайы – жіті назар­да

Табиғи апат болған өңірлердегі тұрғындардың жағдайы – жіті назар­да. Кейбір елді мекендерде су тартыла бастағанымен, тұрғын-жайлар тұруға жарамсыз болып қалған.

Сондықтан жергілікті жұрт­шылық үйлеріне қайта алмай отыр. Мәжіліс депутаттары олар­мен кез­десуде тасқын салдарынан болған шығындарға берілетін өтем­ақы бойынша түсіндіру жұ­мыс­тарын жүр­гізіп жатыр.

Депутаттар Еркебұлан Мәмбетов, Дмитрий Колода және Бақытжан Базар­бек Солтүстік Қазақстан облысындағы бірнеше елді мекенді аралап, су тас­қынымен күрес жұмысының барысымен танысып қайтты.

Бүгінде Есіл ауданы Покровка ауы­лын­дағы су деңгейі 1,5 метрден асып, қа­уіп төндіріп отыр. Жағдай Есіл өзені­ндегі мұздың жылжуына байла­нысты қиындады. Өзеннің көтерілуінен 24 үй су астында қалып, тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Депутаттар олармен кез­десіп, шығындарды өтеуге қатысты тү­сіндіру жұмыстарын жүргізді.

– Өтемақы Үкіметтің тиісті қау­лы­сы­на сәйкес беріледі. Төтенше жағдай басталғаннан бастап 30 күн ішінде жер­гілікті мемлекеттік органдарға өтемақы туралы өтініш беру қажет, 10 жұмыс күні ішінде залалдың мөлшері айқындалады. Өтемақы төлеуге арнал­ған қаражат жер­гілікті атқарушы орган­дардың резерв­терінде бар. Егер қосымша қаржылан­дыру қажет болса, ол мемле­кеттік ре­зерв­тен беріледі. Мемлекет көмек көрсетеді, ешкім назардан тыс қалмайды, – деді Дмитрий Колода.

Депутаттар көршілес Николаевка ауылын­дағы қалпына келтіру жұмыс­тары­мен де танысты. Мұнда да 20-дан астам үйді су шайып, барлық тұрғын жергілікті эвакуациялау пунктіне жіберілді. Тех­никалар жұмылдырылып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұдан соң депутаттар Қызылжар және Шал ақын аудандарына барып, Новоникольское, Қаратал ауылдары мен Сергеевка қаласындағы су электр кеше­ні­нің жағдайымен танысты. Бү­гінде су қоймасындағы су деңгейі 4,2 метрден асады. Болжам бойынша 1-2 тәулік ішінде көп мөлшердегі су Петропавлға жетеді.

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожа­назаров су астында қалған құлсары­лықтардың жағдайымен танысты. Ол сапар барысында мүлкінен айырылған халықпен кездесіп, мәселелерін тал­қылады. Депутаттың айтуынша, бү­гінде қаланың 40 пайызын су шайып кеткен. 

Депутат қазір қалада түрлі ауру тарау қаупі барын айтты. Осы бағытта жер­гілік­ті эпидемиологиялық орталық тиіс­ті шаралар атқаруға тиіс. Құлсары­дағы су деңгейі соңғы екі күнде төмен­деген. Енді билік тарапынан шығынға ұшы­раған халықтың өтемақысының дұ­рыс берілуі қадағаланады.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында болып, осы өңірді паналауға мәжбүр болған құлсарылықтармен кездесті. Жергілікті мектепке көшірілген тұр­ғын­­дардың хал-жағдайын білді. Мектеп ғимаратындағы эвакуациялық пунктті 700-ге жуық адам паналаған. Мектеп әкім­шілігі оларға барлық жағдай жа­сал­­ғанын, оқушылар үшін сабақ он­лайн форматқа көшірілгенін айтты.

Ал депутат Вера Ким қазір Павлодар облысында жүр. Ол Ақтоғай, Успен, Ертіс және Железин аудандарындағы су тасқынына қарсы іс-шаралар атқа­рып жатқан қызметкерлермен кездесті. Бұл әкімдіктер, төтенше жағдайлар қызметі, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар­ма­лары, білім, денсаулық сақтау, сани­тарлық-эпидемиологиялық қыз­мет және басқа да мекемелер. Кездесу бары­сында жұмыстарды үйлестіруге, соның ішінде өңірлер арасындағы техниканы тасымал­дауға баса назар аударылды. 

Депутат халықпен бірқатар жиын өткізіп, мемлекет тарапынан көрсе­тілетін көмектің алгоритмін түсіндірді. Облыста барлығы 125 отбасы су тасқы­нынан зардап шеккен. Алдын ала есеп­теулер бойынша келтірілген шығын көлемі 207,9 млн теңге. Бүгінде 71 от­басы тұрғын үйді жөндеу және қалпына келтіру үшін 38,3 млн теңге төлем алды. Су тасқынынан әлеуметтік нысандар зардап шеккен жоқ. 

А.ТҰМАР