Білімдегі былықтың бетін ашты

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Биғайдаров білім саласындағы жемқорлыққа қатысты түсініктеме берді.

Спикердің сөзіне сүйенсек, білім беру саласында 2023 жылдан биылғы жылдың бірінші тоқсанына дейін ең­бекақы қорындағы қаражатты ұрлауға қатысты бірқатар тұрақты қылмыстық іс-әрекет әшкереленген.

«Есепшілер мектептегі бухгалтерлік есеп жүйесі, ұлттық білім беру деректер базасы және тұтынушылардың қазына жүйесі арасындағы интеграцияның жоқтығын пайдаланып, төлем құжат­тарына қолмен түзетулер енгізіп, бюд­жет ақшасын жымқырған. Ұрлық мақ­са­тындағы қаражат жыл сайынғы бюд­­жеттік өтінімдерді жасау кезінде де кепілге қойылған», – деді спикер бри­финг барысында.

Данияр Биғайдаров бұл ұрлық схе­масы арқылы олар белгіленген нор­мадан асатын жалақыны бөгде тұлғалар мен қайтыс болған жандарға аудар­ғанын хабарлады. Осыған байланысты мемлекет қазынасына 15 айда 14 мил­лиард теңге залал келтірген.  

«Агенттік білім беру саласында осын­дай 206 қылмыстық істі тіркеді. Бұл бойынша келтірілген залал 14 млрд теңгеден асады. Жалпы, ұрлықтың ең көп мөлшері Түркістан, Жетісу, Қызыл­орда, Алматы, Ақтөбе облыстарында және Алматы қаласында тіркелген. Ұрлық фактілері әлі де анықталуда. Мәселен, жақында ғана Жетісу өңірі бо­йынша сыбайлас жемқорлыққа қар­сы қызмет Сарқан аудандық білім бас­қармасының бюджеттік бөлімі басшы­сының заңсыз әрекетін тоқтатты. Ол осы бөлімнің есепшілерінің шотына артық белгіленген жалақыны заңсыз аудару жолымен аса ірі мөлшерде 1 млрд теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді», – деп жалғастырды ол.

Антикордың хабарлауынша, тергеу амалдары барысында 156 миллион теңге көлеміндегі қаражат анықталып, тәркіленген. Күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Бұл іс бойынша тергеу жалғасуда.

«4 сәуірде Жаңақорған соты аудан­дық білім бөлімінің басшысы Ибра­гимовке, ММ бас есепшісі Аязбаеваға және 24 мектеп есепшісіне қатысты шығарған үкімі заңды күшіне еніп, олар ерекше тәртіпте бюджет қара­жатын ұрлағаны үшін кінәлі деп таныл­ды. Олар жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асатын ірі көлемдегі қаражат жымқыр­ған. Сот үкіміне сәйкес, басшы мен аталған мекеменің есепшілері 8 жылға, тағы бір есепші 7 жылға бас бостан­дығынан айыру жазасына кесілді. Бұл ретте сотталғандар мемлекеттік қыз­мет­те және басқа да ұйымдарда қызмет ету құқығынан өмір бойына айы­рыл­ды», – деп сөзін түйіндеді Данияр Биғайдаров.

Азат ҚАЗАҚ