Қомсынбасақ, қоқыс та кәделі

Елімізде шешімін күткен көп мәселенің бірі – қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарды өңдеу. Ашық ақпарат көздеріндегі дерек бойынша, қазір 5 мыңға жуық полигонда жиналған қоқыс көлемі 22 миллиард тоннадан асады. Ол жыл сайын тағы 5 миллион тоннадан астам қалдықпен толығып отырады.

Экология және табиғи ре­сурстар ми­нистр­лігінің мәліметін­ше, былтыр елі­мізде 4,1 млн тон­наға жуық коммуналдық қал­дық тү­зілген, оның 1 млн тоннасы сұ­­рып­­­­­та­лып, қайта өңделді, қалғаны по­лигон­дар­ға төгілген. Ал өңдеу көлемін арт­тырмай, по­лигондарда қоқыс жи­най беретін бол­сақ, жеріміз көп ұзамай қо­қыс алаңына ай­налуы мүмкін. Эколог-ма­мандар елі­міз­дегі қоқыс поли­гон­дары­ның 80 пайызы экологиялық және са­ни­тарлық талаптарға сай келмей­ті­нін, оның үстіне, басым бөлігі қо­­­қыс­қа толғанын ай­тып дабыл қағуда. 

Сенатор Закиржан Кузиевтің пікірін­ше, қазір қоқыс мәселесімен күрес бойын­­ша қабылданып жат­қан шаралар тиіс­­ті нә­тиже бермей келеді. Қауіпті жә­не меди­ци­налық қалдықтарды жою және за­­лал­сыз­­­дандыру кезінде қолдала­ны­ла­тын тех­­­­но­логия нормативке сай емес. Бюд­­жет­тен қан­шама қара­жат қа­рас­тырылған зауыт­тар­­дың жұмысы тоқтап тұр. 

– Бұл ретте ауқымды бюджет қаржысы игеріліп жатыр. Қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу жөнін­дегі Орталық Азиядағы ірі зауыттың Алматыда салынуы бірден-бір маңызды жетістік екені белгілі. Алайда қазір, өкінішке қарай ол жа­былып қалды. Ақтөбе мен Се­мейде бес миллиард теңгеге салын­ған екі жаңа зауыт та тоқтап тұр. Экология министрлігінің қоқысты сұрыптаудағы табыс жөніндегі есе­бі үміт отын жағады, алайда шын­дықтың ауылы алыста жатыр, – деді Закиржан Кузиев Үкімет бас­шысына жолдаған депутаттық сауалында.

Ал Тәжірибешіл эко­логтер қауымдастығы төрайымы Лаура Маликова: «Полигондарда 125 млн тонна жиналған қалдық бар. Олар өңдел­меген күйінде экологияны бұзып, ауаға жағымсыз иіс таратып, өзен-суларымызды ластап жатыр», – дейді.

Егер полигондарда миллион тонналап үйілген қоқыстар болса, неге Алматы, Семей және Ақтөбе қалаларындағы зауыттардың жұмысы тоқтап тұр. Тау-тау болып үйілген қоқысты өңдеп, неге кәдеге жаратпаймыз?! Әлемде қалдық­тар­ды өңдеп, одан қыруар пайда көріп отырған мемлекеттер көп. Тіпті, АҚШ, Жапония, Сингапур, Ир­ландия, Аустралия секілді мем­лекеттерде тиісті инфрақұрылым жасалып, халықтың қалдықта­рымен жұмыс істеу мәдениеті қа­лыптасқан. Швецияда тұрмыстық қалдықтардың 99%-ы қайта өңдеу­ден өтіп, пайдаға асып отыр екен. Біздің де жасыл эко­номикаға көшеміз, қалдықсыз экономика жа­саймыз деген арман-мақсат­тары­мыз бар. Бірақ эколог-мамандар полигондарда қоқыс бейберекет шашылып жатыр, зауыттар тоқтап тұр десе, қоқысты жи­нап өндіруші кәсіпкерлер ши­кізат жоқ деп шырылдайды. Мә­се­ленің мәнісін білмекке еліміздегі тиісті нфрақұрылымды дамыту және қалдықтарды басқару сала­сындағы мемлекеттік экологиялық саясатты іске асыруға жауапты «Жасыл даму» АҚ-ына хабарласқан едік. «Жасыл даму» АҚ бас­пасөз қызметінің бізге берген мәлі­метінше, «Оператор РОП» ЖШС өндірушілерінің (импорт­тау­шы­ла­ры­ның) кеңейтілген міндетте­мелерінің бұрынғы жеткізуші 2020 жылы қоқыс сұрыптау кешеніне арналған еуропалық жабдықты сатып алып, Семей және Ақтөбе қалаларының әкімдіктеріне берген. 

«Еуропалық жеткізуші мін­дет­темелерді орындады және одан әрі монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстары үшін дайын барлық қажетті жабдықты жеткізді. Жаб­дықтың қуаттылығы Семей қала­сында – жылына 100 мың тонна, Ақтөбе қаласында – жылына 60 мың тонна», – деп жазылған «Жа­сыл даму» АҚ баспасөз қызметінің бізге берген ақпаратында. Яғни, жауапты тарап өндірістің жұмыс істеуі үшін қажет барлық құрал-жаб­дықтарды сатып алып, әкім­дікке жеткізіп берген. Бірақ Ақтөбе мен Семей қалаларының әкім­діктері өз мінде­тіне селқостық танытып отырған сыңайлы. 

«Бұл ретте Семей және Ақтөбе қалаларының әкімдіктері ғимарат­тарды, құрылыстарды тұрғызу және оларға инфрақұрылым жүргізу, рұқсат беру құжаттарын дайындау, жабдықтарды тиісінше сақтау, ғи­мараттарды пайдалануға беру және жабдықтарды іске қосу-баптау жөніндегі жұмыстарды жүргізу бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізу бөлігінде міндеттемелерді орындамаған.

Бұдан басқа, Семей және Ақ­төбе қалаларының әкімдіктеріне Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының (бұдан әрі – ВАП) мемлекеттік аудит нә­тижелері бойынша:

– 2024 жылғы 20 мамырға дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды тиісті есепке алу мен сақтауды қам­тамасыз ете отырып, оларды бөлек жинау мен сұрыптауды енгізу жө­ніндегі жобаларды одан әрі іске асыру үшін жабдықтың жарам­ды­лығы тұрғысынан техникалық аудит жүргізу;

– 2024 жылғы 20 мамырға дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды пай­далануға бере отырып, оларды бөлек жинау мен сұрыптауды енгізу жөніндегі жобалар аяқталсын деген тапсырма жүктелді.

Осыған байланысты «Жасыл даму» АҚ сот тәртібімен жоғарыда аталған әкімдіктерді шарт бойынша өз міндеттемелерін орындауға мін­деттеді, – дейді «Жасыл даму» АҚ  баспасөз қызметі.

Демек, бұдан былай тек Ақтөбе, Семей секілді қала әкімдері ғана емес, басқа да өңірлердің әкімдері қоқыс өңдеу зауыттарының жұмы­сын қадағалау және қоқыс өңдеу механизмін жетілдіру мәселесіне тікелей жауап беретін болады. Үкімет басшысы Олжас Бектенов: «Проблемаларды шешу үшін қалдықтарды жинаудан бастап, қайта өңдеуге дейін кәдеге жа­ратудың тиісті механизмдерін әзір­леу қажет. Министрлік пен өңірлер бұл жұмысты созбалаңға салып жіберді. Кәсіпорындардың көпші­лігі қайталама шикізатты жинау­мен, оны буып-түйіп, шетелге сату­мен ғана айналысады. Ал қал­дық­тарды қайта өңдеп, түпкілікті өнім шығарып отырғандар аз. Мұ­ны тиімді іске асыру об­лыс­тар мен қалалардың әкімдеріне бай­ла­нысты. Экология министрлігі әкім­діктерді үйлестіріп, осы ба­ғыттағы жұмысты бақылауға алуы қажет», – деді.

Сонымен қатар Үкімет қоқыс өңдеу зауыттарының салынуына қаражат қарастырып, қанша зауыт салынатынын да жоспарлап қойды. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ми­нистрлік 45 жобаны пысықтағанын айтты.

«Оның 37-сі жаңа зауыттың құрылысы болса, 8-і жұмыс істеп тұрған зауыттардың қуаттылығын арттыруды көздейді. Жобалардың жалпы қуаттылығы жылына 1,2 млн тоннадан асады. Ал құны – 171,6 млрд тенге болады. Оның ішін­­де жеке инвестициялардың кө­­лемі 34,3 млрд теңгені құрайды», – деді министр. 

Қоқыс өңдеу зауыттарының жұмысы тоқтап тұр

Әрине, жылына миллиондаған тонна қоқыс үйінділері жинақта­латын мемлекетте қоқыс өңдеу зауыт­тары салынуы керек. Ал қап­таған полигондар бола тұра шикізат жетіспеушілігін қалай түсінуге бо­лады деген сұрағымызға, Тә­жіри­­бешіл экологтер қауым­дас­тығы төрайымы Лаура Маликова: «Елімізде 2013 жылы бекітілген «Жасыл экономикаға көшу» кон­цепциясы деген құжат бар. Сол концепцияға сәйкес, біз 2030 жыл­ға қарай қалдықтардың өңдеу деңгейін 40 пайызға, 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізуіміз керек. Бірақ «Оператор РОП» ЖШС-ның үстінен жүріп жатқан саяси процес­тердің кесірінен 2 жыл бойы қал­дық жинаушыларға, өңдеушілерге ешқандай төлем төленген жоқ. Содан 100-ге жуық кіші кәсіпорын қалдықтарды өңдеу саласында банкрот болды. Петропавлдағы, Шымкенттегі басқа өңірлердегі қап­тама қалдықтарды, яғни пласт­мас­са өңдейтін компа­ния­лар жұ­мы­сын тоқтатты. Себебі қал­дық жи­наушылар жұмыс істе­месе, өңдеу­ші компаниялар жұмыс істей алмайды. Мәселен, Қазақ­станда түзілетін барлық картонның 40 па­йызы ғана өңделеді, яғни 60 пайыз­ға жуығы Өзбекстанға, Ре­сейге кетіп жатыр», – деп жауап берді.

Сала мамандары қоқысты сұ­рып­тап, қайта өңдеу саласындағы мәселені зауыттар салумен ғана шешеміз деуге болмайды, салаға реформа керек деп санайды. Қоқыс реформасы осы секторда жұмыс істейтін он­даған мың адамның жұ­мысын заңдастырып, салық төлем­дерінің артуына септігін тигізер еді.

Тәжірибешіл экологтер қауым­дастығы төрайымы Лаура Мали­ко­ваның айтуынша, 2020-2021 жыл­дары ЭКО қолдау жобасы іске қо­сы­лып, жеке операторлыққа бір­ша­ма реформа жасалған екен. Сол жыл­дары Экологиялық кодекс талап­тарына сәйкес жұмыс істеп тұрған өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі механизмі қазір күшін жойған. 

«Сондықтан мәселелерді шешу үшін бірінші кезекте өндіру­ші­лердің кеңейтілген жауапкершілігі механизмінің Экологиялық кодекс талаптарына сәйкес жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек. 2020-2021 жылдары ЭКО қолдау жобасының арқасында бір жылдың ішінде қап­тама қалдықтарды жинау 6 пайызға дейін өскен еді. Бірақ бұл реформа ары қарай жалғаспады да, эко­ло­гия­ның құлдырауына әкелді», – дейді маман. 

Оның айтуынша, Үкімет қал­дықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеу тех­нологияларын енгізу, қал­дықтарды қайта өңдеу зауыттарын салу, ұйым­дардың материалдық-техни­калық базасын жетілдіру жө­­ніндегі жобаларға бөлетін қар­­жысын «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы несиеге беруге болмайды. 

«Енді 37 зауыт саламыз деп жатыр. Еліміздің полигондарында түзіліп жатқан қалдықтарды өңдеу үшін зауыттар керек. Мысалға, Астана қаласының өзінде тәулігіне 1 150 тонна тұрмыстық қатты қал­дық түзілетін болса, соның 60 па­йызға жуығы – тамақ қалдықтары. Экологиялық кодекске сәйкес, қап­тамаға және тамақ қалдықта­рына ултиалым жоқ. Ол болуы да мүмкін емес, сондықтан жиналып жатқан тамақ қалдықтарын өңдеуді халықтың ай сайын төлеп отырған тариф есебінен қолға алу қажет немесе инвесторларды шақыру керек. Ал қазіргі «Жасыл даму» АҚ-ның Үкімет арқылы өткізген баста­масы, яғни қалдық өңдейтін, сұ­рып­тайтын, жинайтын компа­ния­лар­ға ултисбор ақшасын 3 пайыз кредит ретінде береміз деп жатқаны экологиялық кодекстің талаптарына сай емес. Бұл – заңсыз шешім. Сон­дықтан біз «шешім күшін жоюы ке­рек» деп құзыретті органдарға ша­ғым­дарымызды жібердік», – деді Лаура Маликова.

Зауыттар салынса, экология тазарады

Айтқандай, елімізде 37 зауыт іске қосылатын болса, поли­гон­дарда үйліп жатқан қоқыс­тардан тазарармыз. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, салынуға тиіс қоқыс зауыттары еліміздің бар­лық өңірін қамтымақ. Биыл­дың өзінде Қызылорда мен Алма­ты облысында екі зауытты іске қосу жоспарланып отырса, 2027 жылға дейін бөлінген қаржы то­лық иге­ріліп, зауыттар салынып бітеді.

Алайда өңірлерде қоқыс зауыт­тарын салуға кейбір ауыл тұр­ғын­дары тарапынан қарсылық туындап жатқанын да айтуымыз керек. Мәселен, Ақмола облысы Аршалы ауданы Елтоқ ауылы маңайына қо­қыс өңдеу зауыты салынады деген сыбыс шыққалы бері, жергілікті тұрғындардан маза қашқан.

«Халық арасында егер зауыт салынатын болса, сасық иіс жайы­лып, ауаны ластайды деп алаңдау­шылар көп. Онысыз да экология­лық ахуал күрделі болып тұрғанда, қоқыстың исін жұтып, тұншық­қымыз келмейді. Тіпті болмаса, ауылдан көшеміз бе? деп қамданып, буынып-түйініп жатқандардың да қарасы байқалып қалады. Ауылдың тұсына қоқыс зауытының салы­нуына ауыл тұрғындары 100 пайыз қарсымыз. Барлығымыз түгел қар­сылық хатын жазып, қол қоюға дайынбыз», – деп атын айтпауды өтінген Елтоқ ауылының тұрғыны жерлестерінің өтінішін арқалап, хабарласқан еді.

Біз өз тарапымыздан Экология және табиғи ресурстар министр­лігіне халықтың арыз-талабын жет­кіздік. Министрліктің баспасөз қызметі: «Ақмола облысы әкімді­гінің ақпаратына сәйкес, Ақмола облысы Аршалы ауданы Елтоқ ауылында қалдықтарды сұрыптау кешенін салу бойынша жұмыстар жоспарлануда. Қазір осы кешенді салуға жер учаскесін бөлу бойынша және тиісті мемлекеттік органдар­мен құрылысты келісуге қатысты жұмыстар атқарылуда», – деп жауап берді. Сондай-ақ министр­ліктің хабарламасында «халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілетіні және салынатын зауыттың эколо­гиялық қауіпсіздігі жан-жақты қа­рас­тырылатыны» туралы жазы­лыпты.

Ал эколог-маман Лаура Ма­ликованың айтуынша, халықтың денсаулығын сақтау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігінің тарапынан қабылданған санитар­лық қорғау аймағы туралы бұйрық бар. Сол бұйрықта әр зауыттың және мұндай объектілердің елді мекеннен, тұрғын үйлерден қандай қашықтықта орналасуы керектігі көрсетілген. Экологиялық ко­декске сәйкес, категорияның сани­тарлық-қорғау аймағы 1 000 метр­ден кем болмауы керек. 

«Егер санитарлық талаптарды сақтаса, ол жерде проблема бол­мауы керек. Ал фильтрлерге қатыс­ты мәселе заң тұрғысында жаңа Эко­логиялық кодекс аясында ше­шілген. Тәжірибешіл экологтер қауым­дастығы негізінде 2018-2021 жылдары жұмыс тобының белсенді мүшесі болдық. 35-ке жуық норма­ның авторымыз. Кодекске сәйкес, еліміз дамыған 30 елдің тәжіри­бе­сіне сүйене отырып, 2025 жылдан бастап үлкен алпауыт компания­ларға міндетті түрде жасыл техно­ло­гиялар енгізу міндетін жүктеу арқылы ауаны және суды ластаушы қал­­дықтар деңгейін азайту көз­дел­ген. Қалдық жинаушы, өңдеуші компаниялар GPS навигаторын орнатуы керек. Бұл нормалардың жүзеге асуын экология департ­таменттері, Экология министрлігі, Экология комитеті қамтамасыз етіп, қарауы керек», – деді маман. 

Қысқасы, қоқыс өңдеу ісінде бет­бұрыс болатынға ұқсайды. Деген­мен «үйдегі ойды сауда бұзады» деген де бар... 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ