Диссертация девальвацияланған заман

Қазақстанда енді ғалым атағын алу жеңілдейді: докторлық диссертация қорғау оңайлатылады. Болашақта тіпті ғылыми-зерттеу нәтижелерін шетелдік басылымдарда жариялау талабы алынып тасталуы ықтимал.

Үкімет оларға балама ретінде қазақстандық ғылыми журналдардың дамуын ынталандырып, қолдауға кірісті. Бұл жаңашылдықтар ғалым болуды емес, ғалым атануды қалайтындардың жанына жағып, жайлылық әкелгенімен, отандық ғылымның көсегесін көгерте қояр ма екен?!

Ғылым таппай... қоштасты

Билікте ұзақ уақыт болған тұлға­лардың біразының ғылыми атағы бар екені жасырын емес. Әйткенмен, ста­тистика оларды назарға алмайды, тек жоғары оқу орындарындағы ғалым­дардың санағын жүргізеді. Сонымен, Ұлт­тық статистика бюросының дере­гінше, 2023-2024 оқу жылында рес­публиканың жоғары білім беру ұйым­дарында 37 391 оқытушы қызмет етіп жатыр. Басым көпшілігі, 14 982 адам немесе 40,1%-ы «магистр» академиялық дәрежесіне ғана ие. 10 504 адамның немесе 28,1%-ының «ғылым кандидаты» ғылыми дәрежесі бар. Қалған 4 168-і не­месе 27,8%-ы философия докторы, PhD ғылыми дәрежесін алған.

Кейінгі жылдары докторлық шыңды бағындырғандар қатары сиреп, сұйыл­ды. Бұл мәселені көтерген депутат­тардың айтуынша, жұмыс істегісі кел­мейтін жастар докторантураға грантпен түсіп алады да, ай сайын шәкіртақысын алып отырады. Ақыр соңында диссер­тациясын қорғамай, шығып кетеді. Қазір докторанттардың ай сайынғы стипендиясы 217 мың теңгені құрайды және жыл сайын өсіп тұрады.

Бұл мәселені алғашқылар қатарында белгілі ғалым, PhD доктор Хайрулла Масадиков Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбекке хатында көтерген болатын. Оның айтуынша, еліміздегі жетекші университеттердің бірінде докторантураның білім беру бағдарламасының теориялық оқу курсын толық меңгерген, докторанттың ғылыми-зерттеу жұмысын (ДҒЗЖ) орындаған, бірақ докторлық дис­сер­тация қорғамаған докторанттардың саны көбейді.  

«Қазір университетімізде он жыл­дай, 2012–2021 жылдар аралығында док­торантурасын тамамдаған, алайда қор­ғауға шықпаған шамамен 160 докторант бар. Бұлардың әрбірімен жеке Жол картасы бекітіліп, олардың қорғауға шығуы үшін біздің тарапымыз­дан бар­лық мүмкіндік жасалып жатыр. Мысалы, қорғамаған докторанттары­мыздың ғы­лы­ми негіздемесі қайта бекі­тіледі, тақы­рыптарына түзетулер енгізіледі», – деді ғалым. Ұқсас проб­лема өзге ЖОО-ларда да қалыптасқан. 

Мұны Ғылым және жоғарғы білім министрлігі де, Ұлттық статистика бюросы да растады. Олар ұсынған рес­ми дерек бойынша, 2023-2024 оқу жы­лын­да оқып жатқан докторанттардың жалпы саны 5 966-ны құрайды. Оның ішінде 1 686-сы биылғы оқу жылында қабыл­даныпты. 

Бұл ретте тек бір оқу жылында ғана 424 докторант оқуын бітірмей, шығып кеткен. Тағы 104 докторант – «белгілен­ген мерзімнен артық уақыт даярлықтан өтіп жатыр».

Докторантурада оқып, ай сайынғы шәкіртақысын алып, ақыры осы оқу жылында бітірмей кетіп қалғандардың көбі Алматы (195 докторант) және Ас­тана (136) қалаларындағы жоғары оқу орын­дарының үлесінде. Одан кейін Қара­ғанды (38), Қостанай (25) облыс­тары тұр. Өзге өңірлерде ғылыммен ерте қош айтысқан докторанттар саны онға жетпейді. 

Еліміздің жетекші университет­тері­нің бірінің қауымдасқан профессоры, доктор Сергей Саяпин тағы бір мәселені көтерді: диссертациялық жұмыстардың бір бөлігі көзбояушылық болып келеді. 

Мәселен, Оксфорд университетінде құқық бойынша философия докторы (DPhil) атағын алу үшін 4 жылға дейін докторантурада оқыған адамнан көлемі 75-100 мың сөзден тұратын диссертация жазып, жұртшылық алдында қорғау талап етіледі. Қаріп көлемін 11-12 дейін кішірейткеннің өзінде, бір бетке орта есеппен 450 сөз ғана сыяды. Яғни, дис­сертацияның көлемі 165-ден 220 бетке дейін барады. 

«Гумбольдт атындағы Берлин уни­верситетінде қорғаған менің докторлық диссертациямның көлемі 334 бетті құрады. Бірақ М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң универ­ситетінің Диссертациялық кеңесіне қатыс­қандағы төл тәжірибем көрсет­кендей, бізде PhD докторы дәрежесін алуға жалпы көлемі 120-дан 180-ге дейінгі беттен ғана құралған диссер­тациялар да қорғауға жіберіле береді екен. Бұл ретте қаріптің кеглі құбылып тұрады, салдарынан ол диссертацияның бір бетіндегі сөздердің саны аз болып шығады», – деді доктор Сергей Саяпин.

Сондықтан оның байламынша, Қа­зақ­станда қорғалатын диссер­тация­лардың көлемі мен сапасына талапты арт­тырған жөн. Сонда ғана ол үздік ха­лық­аралық тәжірибелерге сәйкес келетін болады. Мәселен, ғылыми дис­сер­тация­лардың көлемі, сілтемелерін қоса алған­да, ең кемі 75-100 мың сөзді құрауы тиіс деген талап бекітілгені абзал. Сондай-ақ диссертациялар ғылым мен тәжірибеге өзіндік әрі қо­мақты үлесін қосуы шарт. Әйтпесе, ол еңбек ғылым мен ел түгіл, авторы­ның өзіне де керек болмай, архивте шаң басып жата береді. 

Ғылымның қорғаны кім болмақ?

Докторантураға түскендердің бір­неше жыл өзін оқытуға жұмсалатын мем­лекет қаржысын босқа шығындап, соңында ғылымнан тайып тұратынына қатысты ұзақ жыл шешілмей, түйіні шиеленіскен проблема министр Саясат Нұрбектен асып, Үкіметке жетті.

Үкіметте әлеуметтік салаға жауап бе­ретін вице-премьер Тамара Дүйсен­о­ва­­ның айтуынша, кейінгі кезде бұл сала­дағы жағдай жақсара бастады. Со­ған қарамастан, бәрібір док­торан­тураға түс­кендердің жартысынан көбі диссер­тациясын қорғап шықпайды екен. Тамара Босымбекқызының ай­туынша, Қазақстанда ғылыми еңбек қорғаған док­торант­тардың үлесі соңғы 3 жылда 42%-ға дейін өсті. Әлемде бұл көрсеткіш 60%-дай. 

Ол «Дәрежелерді беру қағидаларына» сәйкес, диссертациялық жұмыстарды қорғау үшін оның негізгі ғылыми нә­тижелерін халықаралық рецензия­ланған ғылыми журналдарда жариялау талап етілетінін еске салды. Осы арқы­лы дис­сертант өзінің ғылыми еңбегінің сапа­сын, сондай-ақ ғылыми зерттеу­лерінің әлемдік ғылыми кеңістік үшін маңызын дәлелдейді. 

Алайда докторантурадан ғылыми атақ­ты қорғамай кететіндер үлесінің мол болуы Үкіметті шетін шараға итер­мелепті: диссертация қорғау жеңіл­детіліп жатыр. Біріншіден, әу баста жас дарын­дардың ғылыми зерттеу-жобаларын қор­ғау үшін құрылған «Жас ғалым» бағ­дарламасы аясында енді докторантураны бітірген, бірақ оны қорғай алмағандар тегін грант алып, мемлекеттің қара­жатына өзінің докторлық дәрежесін қор­ғауға мүмкін­дік беріледі. Мұны Т.Дүй­сенова ха­барлады.

Екіншіден, шетелдік беделді ғы­лыми журналдарда мақала басуға бала­ма тәсіл енгізілді: елімізде апта сайын дерлік өтетін «халықаралық» мәртебесі бар конференцияларда баян­дамалар жасаса, жеткілікті.

– Қағидаларда диссертацияларды қор­ғау кезінде талап етілетін шетелдік жа­рия­ланымдарға балама нұсқалар қа­рас­тырылды. Докторанттарға ғылыми қызмет нәтижелерін шетелдік сенімді баспалардың монографияларында, сондай-ақ қазақ тілі мен әдебиетіне, қазақ филологиясына, Қазақстан тари­хына, философияға байланысты да­йын­дық бағыттары бойынша отандық ғылыми журналдарда 5 мақала және халықаралық ғылыми конферен­ция­ларда екі баяндама түрінде жариялауға мүмкіндік берілді, – деді Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Тамара Дүй­сенова.

Мұның сыртында, енді JCR дерек­теріне сәйкес импакт-фактор бойынша бірінші квартильге кіретін және CiteScore бойынша кемінде 75 процентилі бар журналда бір мақала болған жағдай­да, басқа жарияланымдар талап етіл­мейді. Бұған қоса, докторанттардың пән­аралық бағыттағы журналдарда ма­­қа­ла­лар жариялау мүмкіндіктерін кеңей­­­­­­ту көзделген.

Ираннан үлгі алсақ игі...

Үкімет шетелдік ғылыми басылым­дар­да балама ретінде қазақстандық ғы­лыми журналдардың дамуын ынта­лан­дырып, қолдауда. 

Уәкілетті орган ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялауға рұқсаты бар басылымдар тізбесіне қосу үшін отандық журналдарға қойылатын жаңа талаптарды бекітті. Қазірдің өзінде сол «Басылымдар тізбесіне» 162 отандық ғылыми басылым кіріп үлгеріпті.

2011–2023 жылдар аралығында 18 отандық журнал Web of Science және Scopus халықаралық ғылыми дерек­қор­ларына қосылған.

Соңғы 3 жылда Scopus дерекқорына 3 отандық журнал – Kazakhstan archeology, Material and mechanical engineering technology, Physical Sciences and Technology енгізілді.

Тамара Дүйсенованың айтуынша, биыл халықаралық баспа стандарт­тарына жақындату мақсатында редак­циялық қызметті дамыту үшін 10 қазақ­стандық журналмен жеке консуль­тациялар жүргізу көзделген. Ол жур­нал­дардың редакторлары үшін басқа­рып отырған басылымдарын халық­аралық деректер базасына ілгерілету құ­ралдары бойынша семинарлар өт­кізіліп жатыр. 

Вице-премьер мемлекет тарапынан сапалы отандық журналдардың да­муына қолдау көрсетіліп жатқанын жет­­кізді. Бірақ оның не қолдау, қанша қаржы екенін нақтыламады.

Бүгінде ғалымдардың шетелде жа­рия­лану белсенділігі бойынша Қазақ­стан Орталық Азия аймағында көшбас­шыға айналды. Қазақстандық ғалым­дардың жарияланым белсенділігі жыл сайын артып келеді. Тарата айтқанда, Scopus дерекқорында: 2018 жылы –  4 352, 2019 жылы – 5 309, 2020 жылы –  5 913, 2021 жылы – 6 275, 2022 жылы –  6 509 ғылыми мақала жарияланыпты. 2023 жылғы деректер 2024 жылғы шіл­деде шығады. 

Web of Science платформасына кіре­тін дерекқорлар журналдарында: 2018 жылы – 3 519, 2019 жылы – 4 222, 2020 жылы – 4 537, 2021 жылы – 4 036, 2022 жылы – 4 239 жарияланымы шық­қан (2023 жыл қорытындысы биылғы шіл­деде белгілі болады).

Осылайша, отандық ғалымдардың жа­рия­ланымдар саны 2018 жылмен са­лыс­тырғанда Scopus дерекқоры бо­йынша 50%-ға, Web of Science дерекқоры бойын­ша 20%-ға өсті.

Алайда «Жаһандық инновациялық индекс – 2023» рейтингінде Қазақстан небәрі 81-ші орында тұр. Оны құратын Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйы­мы (WIPO) Қазақстанды қуып жетіп, биыл 82-ші орынға шыққан өзбек елі­нің қарқынына ойша қол соқты: Өзбек­стан мен Пәкістан екінші жыл қатары­нан инновация саласында жоғары қар­­қынды нәтиже көрсетіп отырған кө­рінеді. 

Сондай-ақ ондаған жылдан бері ауыр халықаралық санкция қыспа­ғындағы Иранның екпіні мен тепкіні тегеурінді екен: ол жаһандық рейтингте 62-орынға жайғасты. Ұйымның баян­дамасында айтылғандай, Иран «Тауар­лық белгілер» позициясында жаһандық ауқымда бірінші (!) орынға шықты. Жаратылыс­тану, инженерлік ғылымдар бойынша мамандар даярлау жөнінен әлемдегі 3 (!) жетекші мемлекеттің қатарына кірді. Ғылыми ұйымдарының нарықтық капи­талдануы жөнінен әлем­де 5-ші орынға, «ғалымдарының өнеркәсіптік өнімдері» бағытында 11-ші орынға көтерілген. 

Ұзақ жыл санкциялар астында өмір сүріп жатқан каспийлік көршіміздің эко­номикасы мықты ғалымдарының, білікті инноваторларының арқасында жай­рап қалмады, алға басты. Иран бар­лық дерлік шетелдік өнімдерді «импор­талмастырып» шықты. Тауар маркасы бойынша әлемде бірінші орынға шы­ғуының мәні де осында екен. 

Олай болса дамыған елдерде мақа­ласын жариялауға қауқары жарамаса, қазақстандық жас ғалымдар ең құры­ған­да, Ираннан үлгі, тәлім алса артық бол­мас еді.

Елдос СЕНБАЙ