Ауызбірлік апаттан сақтады

Ойыл өзенінің тасқынымен үш күн, үш түн бойы алысқан қызыл­қоға­лықтар қиын сәтте нағыз ерліктің үлгісін көрсетті. Біз тасқын сумен алы­сып жатқан қызылқоғалықтарға арнайы барып, ахуалды білдік.

1 575 тұрғыны бар Көздіғара ауылдық округінің орталығы – Қоныс­тану ауы­лына 3 сәуір күні бардық. Біз жеткен кезде ауыл тұр­ғындары екін­ші түн тасқынмен алысып жатты.

Ауылды судан қорғау үшін соғылған екі бөгетті қатты ағыс бұзып кетіп, ауыл тұр­ғындары тайлы-таяғы қал­мас­тан үшін­ші бөгетті биіктетіп жатыр екен. Ауыл­ халқы, тіпті әйелдер мен мек­теп­тің жоғары сынып оқу­шы­лары да бірі қал­мастан күні-түні бел шеш­пестен тас­қын­нан қорғануға үлес қосып жатты.

Өкініштісі, ауыл іргесінде жаңадан са­­лын­ған мешіт, салынып жатқан дене-шы­­нықтыру-сауықтыру кешенінің құ­ры­­лысы, тұрғындарға үй салу үшін ин­­же­нерлік желі тартылып, арнайы дайын­­далған үлкен учаске мен ауылды та­биғи газ­бен қамтамасыз ететін ар­найы торап­ты толықтай су алып кетті. Ауылдың ше­­­тіндегі төрт үйді де су бас­ты. Бірақ ха­лықтың бекем бірлігі тұтас ауылды су шаю­дан аман алып қалды.

Қызылқоға аудандық Төтенше жағ­дайлар бөлімі басшысының уақытша мін­детін атқарушы Төлеген Бақтыбектен білгеніміздей, Көздіғара ауылдық окру­гіне қорғаныс бөгеттерін бекітуге Төтен­ше жағдайлар департаментінен техни­ка­лардан бөлек, 50 қызметкер жұмыл­ды­рылды. 

«Дегенмен ауылға Ойыл өзенінен ке­­ліп тұрған су әлі де қауіп төндіруде. Су­дың деңгейі 80 см-ге дейін көтерілді. Құт­­­қару жұмыстарына Атырау қала­сы­нан Ұлттық ұланның әскери сарбаздары да жұмыл­дырылды», – деді Төлеген Бақ­тыбек.

Ел болып бөгет соғып жатқан қарба­лас тірлікте біздің назарымыз екі кіш­кен­тай балаға ауды. Қапты құммен тол­тырып, әлі жеткенше бөгетке тасып жүр­ген кішкентай батырлардың есімі Азат пен Ералы болып шықты.  6-сы­нып­та оқитын балалар ата-әжелеріне қа­райлап, ауыл малын да қарап жүр.

«Біз ата-әжемізді тастап кеткіміз кел­­­­­меді. Олардың қасында адам жоқ қой. Азын-аулақ қой-ешкіні, бұзауды ба­ғып, көмектесіп жүрміз. Мұндай су тас­қынын бірінші рет көріп тұрмыз. Шы­ны керек, қорқынышты, екі күн са­ба­­­ғымыз да болмай қалды. Ең бастысы, аман­дық болсын, күні ертең бәрі жақсы бола­ды», – деп екеуі біздің журналистер ар­қылы достарына сәлемін жолдады. 

Құлсары қаласы бойынша айтылатын мә­селе көп. Атырау облысының жедел шта­бы мәліметінше, 8 сәуірдегі ресми ақ­парат бойынша су басқан Құлсары қа­ласынан және Тұрғызба ауылынан 31 мың­нан астам адам эвакуацияланды. Таби­ғаттың тосын мінезінен зардап шек­кен тұрғындар Жылыойдың Май­көм­­ген ауылына, Атырау қаласына, Теңіз кенішіне, Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына көшірілді. Жергілікті ат­қарушы билік бір кісідей жұмыла ең­бек еткен құтқарушыларды қоспағанда, Атырау облысының әкімдігі «Қазақстан темір жолы» компаниясымен келісіп, Құл­сары – Мақат бағытында тегін пойыз тасымалын ұйымдастырды. Ма­қат­қа жеткен жылыойлықтарды Аты­раудан ұйымдастырылған еріктілер тегін көлікпен тасымалдап, тұрғындар эвакуа­ция­лық пункттерге орналастырылды.

Осындай қысылтаяң уақытта Маң­ғыс­тау жерінде сегіз жылыойлық сәби өмір­ге келді. Маңғыстау облысы денсау­лық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, 5-7 сәуір күндері Бейнеу аурух­а­­­насында алты, 8 сәуір күні Маңғыстау об­лыстық перинаталдық орталықта бір сә­би дүниеге келді. Қазір аналар мен сә­­­­билердің жағдайы жақсы.

Тағы бір керемет жаңалық, алапат тас­қыннан Құлсары қаласы маңындағы Береке ауылы аман қалды. Құлсары қа­ла­сын Жем өзенінің суы басқанда та­би­ғат­тың дүлей апатына төтеп берген бе­ре­келіктердің құпиясы да қарапайым. Ауыл­дың орналасқан жері өзен суының дең­гейіне жуықтағанмен, тұрғындардың ауызбірлігі тасқынға тосқын қоя алды.

«Қазір елімізде су тасқынына бай­ланысты келеңсіз оқиғалар болып жа­тыр. Үйлер суға кетіп, халыққа ауыр тиіп тұр. Осындай шақта бірлік керек! Жұ­ды­рықтай жұмылғанның арқасында тасқын су­ды бөгеп, жеңгендей болып отырмыз. Бірін­ші кезекте сабыр керек. Келеңсіз шақ­тың тез өте шығатынына үмітіміз зор», – дейді ауыл тұрғыны Түнғатар Лұқ­па­нов.

Қазір Жылыой ауданында тасқын су­дың келтірген зардаптары пысықта­лып, нақты іс-шаралар жасалуда.

Өтемақы қалай төленеді? Бұл мәсе­ле­ге Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов жауап берді. Аймақ басшысы қазіргі уақытта Жылыойда тасқын ас­тын­да қалған үйлерді судан тазарту жұ­мыстары жүріп жатқанын айтты. 

«Судан тазарту жұмыстары аяқтал­ған­нан кейін, заң аясында шығынды ба­­ғалау жұмыстары жүргізіледі. Ол жұ­мыстардың барлығы тұрғындарға ха­бар­ланады. Қазір өтемақыға байланысты мессенджерлер арқылы көптеген жалған ақпарат тарап жатыр. Сондықтан бар­шаңызды ресми ақпаратқа сенуге шақы­ра­мын. Барлық шығындар жағдай тұрақ­тан­ғаннан кейін мемлекет тарапынан өте­летін болады», – деді Жылыой ауда­ны­ның әкімі Жұмабек Қаражанов.

Қысылтаяң шақта жұдырықтай жұ­мы­лып әрекет етіп жатқан атырау­лық­тар­дың әрекеті көпшілікті тәнті етіп отыр. Атырауды тасқын судан қорғауға жұ­мылғандардың арасында «Атырау ба­рыстары» командасының канадалық ойын­ш­ысы да бар. Волонтерлер қата­ры­на қосылған Канада азаматы Майкл Ока­фордың айтуынша, мұндай қиын­дық­ты бірлікпен ғана жеңуге болады. 

«Мен – «Атырау барыстары» бас­кет­бол клубының ойыншысымын. Кана­да­дан келдім. Қазір өзім тұратын Атырау қа­ласына тасқын судың қаупі төнді. Бұ­ған атыраулықтармен бірге мен де алаңдап отырмын. Өйткені шетелдік бол­сам да осы елдің тыныштығын, әр қа­зақстандық пен қонақтардың көңілі кө­теріңкі жүргенін қалаймын. Сол се­бептен, Жайық өзенінің жағалауындағы бөгетті биіктетіп жатқан волонтерлерге кө­­мектесуді ұйғардым. Біз Атырау қала­сын тасқын судан бірліктің нәтижесінде қорғап қаламыз», – дейді Майкл Ока­фор.

Айтпақшы, Атырау облысында 7 сәуір­ден бастап  төтенше жағдай жария­лан­ды. Бұл қадам – жергілікті атқарушы органдар мен тиісті қызметтердің алдағы су тасқынына қарсы дайындығын кү­шейту мақсатында жасалып отыр.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы