Қанат Бозымбаев су тасқынынан зардап шеккендерге қайырымдылық көмек бөлуге қоғамдық ұйымдарды тартуды тапсырды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Су тасқыны аймағындағы 100 мыңға жуық адам үйінен қауіпсіз жерге көшірілді. Жүздеген эвакуациялау пункттері құрылып, оның әрқайсысы қажетті заттармен қамтамасыз етілген. Онда дәрігерлер, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер кезекшілік етіп жатыр.
Осы қиын сәтте мыңдаған қазақстандық зардап шеккен өңірлерге көмек қолын созды. Гуманитарлық жүктерді жинау әрбір қалада жүргізіледі. Сонымен бірге әлеуметтік желілерде зардап шеккендерге көмектесу үшін қаражат жинау туралы көптеген хабарландырулар пайда болды. Оңай жолмен пайда табуды көздегендердің құрбанына айналудан қалай сақтануға болады?
Ресми түрде жұмыс істейтін және әкімдіктер де, жергілікті белсенділер қауымдастығы да бақылайтын аймақтық қайырымдылық қорлары бар. Республикалық деңгейде Қазақстанда 2 қор бар – олар «Демеу Қазақстан қоры» корпоративтік қоры және «Қазақстан халқына» қоры.
Вице-премьер, Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқынының салдарын жою жөніндегі республикалық штаб меңгерушісінің орынбасары Қанат Бозымбаев «Қазақстан халқына» қоры аталған өңірлерде зардап шеккен тұрғындарға арнап 400-500 үй салуға дайын екенін айтты.
Өңірлерге шетелден немесе ірі компаниялардан келген барлық гуманитарлық көмекті Төтенше жағдайлар министрлігі үлестіреді және ол қоғамдық бақылауда болуға тиіс.
Өңірлерге қолдау көрсету және су тасқыны салдарын барынша азайту жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. 8 өңірде төтенше жағдай режимі жалғасып жатыр. 3,5 мыңға жуық жекеменшік үй су астында қалды. 67 елді мекен көлік қатынасынсыз қалып отыр.
Күштер мен техниканың қосымша топтары жасақталды. Қиын жағдайға тап болған өңірлерге көмек көрсету үшін оңтүстік өңірлерден әскери қызметшілер жұмылдырылды. Сонымен қатар бірқатар облыстарда келтірілген залалды есептеу бойынша өңірлік комиссиялар жұмыс істеп жатыр.
Вице-премьер, Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штаб меңгерушісінің орынбасары Қанат Бозымбаев атап өткендей, тиісті комиссиялар жұмысы аяқталғаннан кейін тұрғын үйлерді жөндеуге және салуға өтемақы төлей бастайды.
Су тасқынынан зардап шеккендердің басқа да мүлкі мен мал шығынын өтеу мәселелері жақын арада шешімін табады.