Атақты Boeing компаниясының басындағы қиындықтар туралы Quarz сайты сенсациялық материал жариялады. Бұл компанияның мақтаулы ұшақтарында қауіпсіздікке байланысты қандай мәселелер туындағанын Aikyn.kz осы материалға сүйеніп түсіндіреді.
Жыл басына бері Boeing компаниясындағы қиындықтар ұлғайып барады. Әлемдік ақпарат агенттіктері жаһандық ұшақ өндірушісінің өндіріс процесінде қауіпсіздікке қажетті деңгейде көңіл бөлінбегенін жазуда. Қаңтар айында Калифорнияға ұшып бар жатқан Boeing 737 Max 9 ұшағының апаттық шығу есігі әуеде жұлынып кеткен. Мына видеода:
Бұдан бұрын компанияны сотқа берген Boeing-тың бұрынғы қызметкерінің наурыз айында өлі денесінің табылуы да мәселені қиындатып жіберген. «Ер адам өз-өзіне қол жұмсады» деп айтылса да бұл оқиға компанияның қоғаммен байланыс дағдарысын одан әрі күшейтіп жіберді.
Жақында Boeing-те бұрын жұмыс істеген тағы бір инженер компанияға ауыр айыптар таққан. Компанияда он жылдан астам жұмыс істеген бұрынғы инженер Сэм Салехпур қаңтар айында Федералдық авиация әкімшілігіне өзінің шағымын түсірген. Сейсенбіде (9-сәуірде) The New York Times газеті Салехпурдың Boeing 787 Dreamliner ұшағына қатысты мәлімдемелерін хабарлады.
Бұрынғы инженердің айтуынша, «ұшақтың бөліктері құрастыру тізбегінде орнатылып, бекітілу» тәсілінің өзгертілуі мыңдаған ұшулардан кейін ұшақ фюзеляжының ауада «шашылып қалуына» әкелуі мүмкін.
Басылымның хабарлауынша, Boeing-те он жылдан астам жұмыс істеген Салехпур мырза проблемалар үлкен секцияларды құрастыру желісінде орнату және біріктіру тәсілін өзгертуден туындағанын айтады. Ұшақтың фюзеляжі әртүрлі өндірушілер жасаған бірнеше бөліктерден тұратындықтан олар біріктірілгенде бір-біріне сәйкес келмеуі мүмкін екен.
Boeing компаниясы өзінің бұрынғы инженері айтқан өндірістік өзгерістердің бар екенін растаған, бірақ өзгерістердің ұшақтың қауіпсіздігіне әсері жоқ екенін мәлімдеген. Boeing «787 Dreamliner-дің қауіпсіз екеніне сенімді» екендерін және қауіпсіздік мәселелері туралы мәлімдемелер «дәл емес және Boeing компаниясының ұшақтың сапасы мен ұзақ мерзімді қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасаған жан-жақты жұмысын көрсетпейді» делінген. Салехпур өзінің пікірін өзгертпей, келесі аптада Конгресс тыңдауында сөз сөйлемекші. Ол 17 сәуірде Сенаттың Ұлттық қауіпсіздік және үкімет істері комитетінің тергеу жөніндегі кіші комитетіне шақырылған.
«Шындық мынада, Boeing бір жолмен жүре алмайды. Менің ойымша, біз аздап жақсырақ болуымыз керек», – дейді Салехпур.
АҚШ-тың Федералдық авиация әкімшілігінің (FAA) өкілі:
«Үлкен компанияның қысымынан қорықпай, өз еркімен қоғамды хабардар ету авиациялық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі. Біз авиация саласындағы барлық қызметкерлерді ақпарат алмасуға шақырамыз. Біз барлық хабарламаларды мұқият тексереміз».
Әлемдегі ең үлкен ұшақ жасаушы компанияның бірі деп саналатын Boeing-ті алдағы айларда қауіпсіздікке қатысты сынақтар күтіп тұрған сияқты.
Boeing 737 Max 9 ұшағының апаттық шығу есігі әуеде жұлынып кеткенде ұшақ салонындағы бекітілмей бос тұрған заттар жоғары қысыммен борттың сыртына ұшып кеткен.
Сондай заттың бірі 5000 метр биіктіктен iPhone 14 смартфоны еш зақымданбай жерге құлаған.
Америкалық бір алып компанияның қиындығы екінші бір технологиялық алпауытқа керемет жарнама болған. Өмірде бұндай да болады!