Бас прокуратура Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға қайтару бойынша қандай жұмыс атқарылып жатқанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Бұдан бұрын желіде Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға экстрадициялау туралы ақпарат пайда болды. Бұл ақпаратты прокурорлар растаған жоқ.
«Өмір бойына сотталған Ақжарқын Тұрлыбайдың арызы негізінде қытайлық тарапқа оны Қазақстанға жіберу туралы сауал жолданған болатын. Қытай Халық Республикасы Әділет министрлігінің жауабына сәйкес, Ақжарқын Тұрлыбай өмір бойына сотталғандықтан, оны ары қарай жазасын өтеу үшін Қазақстанға беру мәселесі шешілген жоқ. Қазіргі уақытта бұл мәселе бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады Бас прокуратураның халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметі.
Айта кетейік, 2014 жылы наурызда Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай Гуанчжоу әуежайында ұсталған еді. Оған шекарадан 4,5 келі есірткі алып өтпек болды деген айып тағылды. Ол ұсталған кезде 20 жаста болған. 2015 жылғы маусымда Қытай соты Ақжарқын Тұрлыбайды өмір бойына бас бостандығынан айырды.