Зейнолла Мүбәракұлы Сәнік – 1935 жылы 15 сәуірінде Қытайдың Тарбағатай аймағы Шағынтоғай ауданында туған. Көрнекті жазушы, фольклоршы, баспагер, этнограф, аудармашы, ұлағатты ұстаз, тарихшы, зерттеуші, ақиық ақын. Қазақстан Жазушылар одағының және Қытай мемлекеттік жазушылар одағының, Қытай мемлекеттік фольклоршылар қоғамының мүшесі. Қырық жылдан астам уақыт аралығында Үрімжідегі жастар баспасында жауапты редактор әрі абыройлы қызметкер болған.
Зейнолла Сәніктің әдебиетте алар орны бір төбе. Жалпы, оның очерктерімен қоса, роман әңгімелері тек өзіне ғана тән. Өзінің жүрекжарды еңбектерінде қазақ әдебиеті мен руханиятына тән құнды, күрделі мәселені көтереді. Көркем кестеленген сөзімен шынайы оқиғаны өзара үндестіріп, бір жерден түйістіреді. Автор әр шығармасында көрегендігімен қатар ойымен түйгенін ашық әрі нақты жазып, жарқ ете түседі. Зейнолла Сәніктің ерекше тұстарының бірі – тілі. Оған себеп, Қазақ елінде тұрмаса да, өз тілін ұмытпай, қазақтық қасиетін жоғалтпауында. Зейнолла Мүбаракұлы – мектептегі білімін кеш алғанына қарамастан, өте зерек кісі болған. Мектепті 8 кластық білімімен аяқтағанына еш өкінбеген. Өзі туған екінші және үшінші округте Қытай Қазақ комсомол бастауыш ұйымының қызметін атқарған. Талапты, талантты, сауатты ұстаз – Пекиндегі Комсомол мектебінде білім алған. Қытай тілін жетік меңгергенінің арқасында, оқудан еш қиналмаған. Зейнолла Сәнік жан дүниесін әдебиетке бұрып, қызметтің бастапқы баспалдағын журналистік зерттеуге арнаған. 1957–1970 жылдары Үрімжідегі «Жастар» баспасында қызмет атқарған. Баспа жастар мен балаларға арналған кітаптарды шығарып отырған.
Қаламгердің баспадағы қызметін атқарған жылдарында зейін қойған мақсаты – жастардың руханиятын оятып, ұлттық құндылықты дәріптеу. Ағартушылық бағытта кей кітаптарды өзі аударып, Қытайдағы қазақ балаларына үлкен қамқорлығын көрсетіп, білім нәрімен сусындатқан. 1970 жылы қаламгерді «Халық жауы» деп айыптаған деседі. Алайда өмірінің қаншама қиындығына қарамай, Бұратала облысының Жың ауданында қара жұмыспен айналыса жүріп, сол ауылдың қарттарынан Қазақ халқына тән жыр-дастандар, шежірелер, батырлар туралы ақпараттарды сұрастырып, қаламына түртіп отырған. Қара жұмыстан қажыса да, ештеңеге дес бермеген қаламгер рухының мықтылығын осыдан-ақ аңғара аламыз. Өзге елде өмір сүрсе де, өз ұлтына өмір бойы қызмет еткен дара жазушы.
1978 жылы ақталып, «Халық баспасында» редакторлық қызметін атқарған. Өз қызметін сүйікті баспасында қатар ала жүріп, «Қазақ балалар» ертегісін 2 том етіп, қазақ тілінде жазған. Сондай-ақ лагерде жүрген аралықта жазған шығармаларын кезең-кезеңімен шығарған.
Қаламгер шығармашылығы екіге бөлінеді. Біріншісі – көркем әдебиет. Даңқты, танымал тұлғаларымыз туралы жазған деректері. Екіншісі – зерттеу жұмыстары, қазақ фальклорына тән өзіндік тарихи мәні бар оқиғаларды зерттеген ғылыми жұмыстары. Қаламгер феномені төрт бағытты құрайды. Біріншісі – жазушы қаламгерлігі, екіншісі – баспагер, ғұмырының жарты бөлігін баспаның бағытына арнаған. Үшіншісі – аудармашы, төртіншісі – этнограф, фольклорист.
Әр зерттеудің бас-көзінде жүріп, ерінбей, талмай тынымсыз еңбек еткен. 2016 жылы «Ан Арыс» баспасынан Зейнолла Сәнік пен Жанат Зейноллақызының «Қазақ этнографиясы» деген қаламалды туындысы ұлтқа тартқан үлкен олжасы бола білді. Қаламгер әрі баспагер болған дара тұлға әр уақытын тиімді пайдаланған. Атап айтқанда, қазақтар шоғырлы қоныстанған аудандарға іс-сапарға барып, тарихи тұлғаларды, батырларды, жазушы, жыраулардың шығармаларын арқау етіп жинап, жазып жүрген.
Зейнолла Сәнік пен Бейсенғали Садықанұлы құрастырған Қабанбай туралы тұңғыш жинақ 1986 жылы «Қабанбай батыр» деген атаумен 6501 таралыммен жарық көрген. Осы кітап 1991 жылы Алматыдағы « Жазушы» баспасынан «Қаракерей Қабанбай» деген атпен көп тиражбен басылып шыққан. Еңбектің негізінде Қабанбай батырдың 300 жылдығы Талдықорғандағы Үйгентаста аталып өткен. Қаламгердің бұл жинағы бізге үлкен көмек көрсетті. Ел болып қалыптасуымызға септігін тигізді. Қаламгер тек бұнымен ғана шектелген жоқ, ғылыми еңбектер мен түрлі тақырыптарда мақалалар жазды. «Басбай», «Сергелдең», «Тау жұлдызы», «Мұралар нені айтады?», «Атаның алтын іздері», «Қазақ этнографиясы», «Хан батыр – Қабанбай», «Тұғырыл хан». Автор осы еңбектері туралы былай дейді:
– Бұл еңбектерімнің екеуі Мемлекеттік сыйлыққа, алтауы Цинь-Цзянь өлкелік сыйлыққа ие болды. Бір бөлім еңбегім қытай, ұйғыр, моңғол тілдеріне аударылып, жарияланды. «Қаракерей Қабанбай батыр» атты кітабым және бірқыдыру еңбектерім Қазақстан басылымдарында жарық көрді. Шындығын айтқанда, қаламгерге жарты ғұмырын арнап, шығарма, ақпарат жазу оңайға соққан жоқ.
«Зейнолла Сәнік – Қабанбайдың жетінші ұрпағы. Үрім-бұтағы Үржардағы Жарбұлақ елді мекенінде қоныстанған. Сол елдің рухын көтерейік деген мақсатпен Алакөлдің басында «Алакөлдегі аламан айтыс» деген Республикалық айтыс ұйымдастырдық. Бұл сол жердегі отандық туризмді де дамытады деген ниетіміз бар. Халықаралық «Өнер және спорт» үшкіндік фестивалін өткіздік. Ат бәйгесі де, айтыс та, Қанат Исламның жекпе-жегі де осында болды. Есірген эстрада алға шығып, кешегі текті сөзіміздің қадір-қасиеті еленбей бара жатқан күнде қолына домбыра ұстаған, сүбелі сөз айта білген бауырларымызды осылай қолдап, қанат бітірмекпіз», – дейді «Зейнолла Сəнік атындағы мəдениет қорының» атқарушы директоры Серік Қалиев.
Өмір жолында аянбай еңбек еткен қайраткер Зейнолла Сəнік туралы қанша жазсақ та аз. Ер есімі – ел есінде!
Бибінұр ҚҰЛМАХАНБЕТҚЫЗЫ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Журналистика факультетінің
2-курс студенті
Жетекшісі: Ермахан Шайхыұлы