Сананы улаған синтетика

1 наурыздағы дерек бойынша, биыл елімізде Telegram онлайн-платформасында есірткі сататын 24 интернет дүкен және жалпы аудиториясы 50 мыңнан асатын 12 жарнамалық бот жойылған. Бұл есірткімен күрестің алғашқы сатысы ғана.

Мұны мемлекет есірткімен кү­рес жүргізу туралы арнайы бағ­­дарлама қабылдағаннан кейінгі тағы бір ілкімді шаруа деп атауға болады. Ен­ді Премьер-Министрдің орынбасары Т.Дүйсенованың үйлестіруімен Ішкі істер министрлігінде жұмыс тобы құ­рылды, оның аясында нашақорлықтың алдын алу және есірткіге байланысты қыл­мысқа қарсы екі іс-қимыл, оның ішін­де әлеуметтік және басқа интернет-ре­сурстар арқылы есірткінің таралу жо­лын кесу бойынша қосымша шара­лар кешені әзірлену үстінде. 

Шынымен де, ғаламтор арқылы сан алуан құйтырқы әрекетке баратын есірт­кі саудасын құрықтап оған тос­қауыл болу бір министрлік емес, барша ел­дің бірігіп, жұмыла жүргізетін әрекеті болуы керек деген ой келеді. БҰҰ мә­лі­­­метінше, әлемде 275 млн нашақор бар. Әрине, бұл нақты сан емес. Деген­мен бұл санның артып кетпесе, кемі­мей­тіні өкінішті. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды отырыстардың бар­лы­ғын­да дерлік есірт­­кінің ұлт сау­лығына үлкен зиян әкеліп отырғанын ай­тып, сананы улаған осы бір кеселмен барынша кү­ресу керектігі туралы тиісті тапсырмалар да беріп келеді. Президент тапсырған соң Үкімет Қаулысымен Қа­зақ­стан Республикасының нашақ­ор­лыққа және есірт­кі бизнесіне қарсы кү­рес­тің 2023-2025 жыл­­дарға ар­нал­ған ке­шенді жос­пары бекі­тілді.

Нәтижесінде, 2025 жыл­­ға қа­рай есірткі тұты­ну­шы­лар­дың са­нын азайту, есірт­кіге тәуел­діліктен ұзақ­мер­зім­ді ре­миссия­сы бар кәмелетке тол­­­­ма­ғандар санын 15%-дан 20%-ға дейін арттыру, сондай-ақ есірткі тұ­ты­ну­шыларды 26%-дан 30%-ға дейін ме­дициналық-әлеуметтік оңалтумен қам­ту жоспар­ланған. 

Бұдан бөлек, жаңа синтетикалық пре­параттарды, сондай-ақ азаматтарды медициналық куәландыру аясында алы­натын қан үлгілері мен басқа да био­материалдарды зерттеуді жеделдету үшін сот сараптама органдарының ма­териалдық-техникалық базасы ны­ғайтылмақ. Кешенді жоспарда көрсе­тіл­ген өзге де шараларды жүзеге асыру үшін бюджет есебінен 53,1 млрд теңге бөлу қарастырылған. Қазір алғашқы қадамы жүзеге асырылу үстінде. 

Жастарды құрықтаған жаңа түр

Мамандардың айтуынша, есірткінің уа­қыт озған сайын жаңа түрі пайда бо­лып жатқан көрінеді. Тіпті, дүние­жү­зінде мыңнан астам есірткі түрі ресми тір­келген екен.  Қазақстанда шамамен со­ның 700-ге жуық түрі немесе ана­лог­тары бар. Бүгінде бақылаудағы пси­хи­калық белсенді заттардың тізіміне 89 син­тетикалық есірткі түрі енгізіліп отыр. Бұл кеселдің адам психоло­гия­сы­на санаулы секундта өте қатты әсер ете­­­тінін неврология ғылымы баяғыда-ақ дәлелдеп берген. Полиция есірткінің бұл түрімен күресудің қиындығын ай­тып отыр. Ал сарапшылар әлем бойын­ша аптасына синтетикалық есірткінің 10 жаңа түрі шығарылатынын алға тар­­­туда. 

Біздің елде 2015 жылдан бастап «син­тетикалық есірткінің» жаппай таралуы байқалған көрінеді. 2019 жылы Қазақстанда шамамен 11 келі синтетика тәркіленсе, 2020 жылы 100 келі  болған. 2021 жылы 160 келі есірткі тәркіленсе, өт­кен 2023 жылы құқық қорғау орган­дары 168 келі 494 грамм мефедрон мен альфа-PvP тәркілеген. ІІМ деректеріне сәйкес, бүгінде Қазақстанда ең көп та­рал­ған есірткі түрі – «синтетика» екен. 

Алғашында Қазақстанға темекі қос­па­лары бар «спайс» деген түрі  келген. Уа­қыт өте түтіні жоқ темекі деген түр – «снюс» құпия саудаланған. Кейіннен есірткі әлемін «кристалл», «жылдам­дық», «ваннаға арналған тұз» деген түр­лі атау жамылған синтетикалық зат­тар тез жаулап алды. Ең сорақысы, бұл дерттің тырнағына ең бірінші болып жа­ны жаңалыққа құмар жастар ілігіп жатыр.

«Син­тети­каның» тартқызар зар­да­бы өте ауыр. «Не иісі, не дәмі біліне бер­­мей­тін синте­ти­калық заттар ақыл­дан айы­рып, ағ­заны тіпті ірітіп жібере­ді», – дейді онколог дәрігерлер. Адамға 2-3 жылда өлім құш­тыруы мүмкін мұн­дай қауіпті түрге еліктеген жастарды құт­қару өте ұзаққа созылады екен. 

Денсаулық сақтау министрлігінің ақ­паратына сәйкес, 2024 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанда психоактивті заттарды қолдану салдарынан психи­ка­лық мінез-құлық бұзылыстары диаг­но­зымен 108 722 адам динамикалық ба­қы­лауға алынған. Оның ішінде 18 329 адам есірткіге тәуелділікпен тіркеуде тұр. Оның 91%-ы – ерлер (16 817), қалғаны – әйелдер (1 512). Сондай-ақ тәуелділердің ішін­де 2 734 адам – (15%) 18 бен 29 жас ара­лығындағы жас болса, тіркеуде 66 ба­ла мен жасөспірім бар екен.

Кейбір деректер бойынша, Қазақ­станда бас бостандығынан айырылған аза­маттардың 10 пайызы – есірткі қыл­мы­сы үшін жазасын өтеп отырған­дар. 

Курьер кінәсі

Желілерде курьер, яғни жүк жет­­­­кізуші болып жұмыс іс­тей­­тін жа­сөспірімдердің қолға түсіп қа­­лып жат­қандығын көзіміз шалып қа­­лады. Әрине, ол есірткі тасы­мал­дау­шы ретін­де заң алдында жауап беруі хақ. Бірақ ең өкініштісі, сол жастарды бұл жұ­мыс­қа жегіп отырғандардың кім екені көп жағдайда белгісіз болып қала бе­реді. Мысалы, осыдан бір жылдай уа­қыт бұ­рын атыраулық оқушы есірткі та­сы­малдағаны үшін 7,5 жылға сот­талып кет­кен болатын. Оқушы Telegram желі­сін­дегі хабарламаны көріп, табыс тап­пақшы болған. 

Ал жуырда алматылық 27 жастағы ер адам басқарған осындай курьерлік топ­­тың қолға түскені белгілі болды. Ал­­­ма­ты қаласы бойынша есірткі қыл­мы­­сына қарсы күрес басқармасының бас­­шысы Ерлан Әлмағамбетовтың ай­туынша, күдікті синтетикалық есірткі та­сымалдаумен айналысқан. 

«Күдікті біздің көзімізге біраз уақыт бұ­рын түскен болатын. Ол син­те­ти­ка­лық есірткіні белсенді қолданушы ғана емес, оның тұрақты таратушысы екені де алдын ала анықталған. Мақсатты же­дел және арнайы шаралар сотталу­шы­ның қылмыстық әрекетінің басқа бағы­тын анықтауға мүмкіндік берді. Ол «синтетиканы» өндіруші болып шықты. Ер адам Алматы облысы Қарасай ауда­ны Іргелі ауылындағы үйлердің бірінде өндіріс ұйымдастырған. Бір сөзбен айтқанда, әмбебап есірткі сатушыны әшкереледік», – дейді ол.

Ұлт болашағына төнген қауіп

«Синтетикалық есірткі тұтынатын­дар­дың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төн­діруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соң­ғы үш жылда тәркіленген «син­те­ти­ка­ның» көлемі 10 есе артқан. Ең өкі­ніштісі, уақыт өткен сайын мұндай есірт­кі арзан әрі қолжетімді бола бас­таған. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-ер­кін сатып алып жатқан көрінеді. Есірт­кі­ні, тіпті үйге әкеп беретіндер де бар екен. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеу­меттік кесел. Синтетикалық есірт­кіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс», – деген еді Мемлекет басшысы өз Жолдауында. 

ҚР ІІМ мәліметінше, синтетикалық есірткіні тарату бойынша Ақмола, Пав­лодар, Алматы Қарағанды өңірлерінде жиі тіркеледі екен. 

«Бұл есірткі түрін әсіресе жастар мен жасөспірімдер көп қолданады. Се­бебі сатып алу да, қолдану тәсілі де аса бір жағдайды қажет етпейді. Кез келген жерде қолдануға ыңғайлы. Оны иіскеп те, тартып та, тіпті ішіп те қолдануға бо­лады. Сондықтан жасөспірімдер әуес­тігі жоғары болмақ. Ал әсері өте жо­ғары. Бірден орталық ми жүйесінің қал­пын бұзады», – дейді Пси­хикалық денсаулық орталығы Нар­кологиялық қызмет бойынша Бас дәрі­гердің орын­басары Гаухар Бектаева. 

Елімізде есірткіден оңалту бойын­­­ша 14 оңалту орталығы жұ­мыс істеуде. Мамандардың айтуын­ша, соң­ғы кездері орталыққа осы син­тетикалық есірткіге құмарлар көп келе бас­таған. Бірақ кәмелетке толмағандар арасында қан­ша адам есірткі дәмін татқаны ту­ралы мәлімет болмай тұр. Мамандардың айтуынша, мұндай дерек болған кезде алдын алу шараларының да нәтижелі болуы мүмкін екен. 

«Алғаш пайдаланған кезден бастап тәуелді болып қалдым. Ата-анамды ал­дадым. Жақындарымды алдап ақша тап­тым. Киімдерім мен  жеке заттарым­ды сатып сол дүниені алып отырдым. Қа­зір ойлап қатты өкінемін. Кейде қи­наламын. Сол кезде әлі де іздеп тұр­ған­дай күй кешемін. Бірақ бұрынғыдай емес», – дейді оңалту орталығында ем қа­был­дап жүрген бойжет­кен. Ең өкі­ніш­тісі сол, бұл дертке қыз­да­ры­мыздың да шырмалып қалып отыр­ғаны. 

БҰҰ мәліметтеріне сүйенер болсақ, соңғы 10 жылда есірткіге тәуелді адам­дардың саны 22 пайызға өскен. Ал қа­зіргі уақытта әлемде шамамен 275 млн нашақор адам бар көрінеді. Оның 500 мыңнан астамы осы дертсалдарынан көз жұмады екен. Ал Қазақстандағы мә­ліметтерге тоқталсақ, ресми дерек­терге сәйкес, қазір бізде есірткіге тәуел­ді 110 мың адам есепте тұр. Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне зер сал­сақ 20 мыңға жуық нашақор ем алу үс­тінде екен. Оның 1,5 мыңнан астамы – әйел, ал 43-і буыны қатпаған жа­сөс­­пірім екен. Түсіне білген жанға осы деректің өзі ұлт денсаулығы мен ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатердің зор еке­нін байқатады.

Бердібек ҚАБАЙ