«Йерма» – жүгі ауыр қойылым

Таяуда Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Йерма» атты жаңа қойылым көрермен назарына ұсынылды. Испан драматургі Федерико Гарсиа Лорканың «Йерма» пьесасы желісі бойынша сахналанған драма жанрындағы қойылым өзгелерден өзіндік бағытымен ерекшеленеді.

Қойылым режиссері республикалық, халықаралық фестивальдардың үш дүркін Гран-при иегері – Дина Жұмабаева. Бұл – оның Ғабит Мүсірепов театрында сахналанып жатқан үшінші шығармасы. Пьесадағы басты кейіпкерлер Хуан мен Йерманың рөлін театрдың талантты актерлері Елдар Отарбаев пен Ақбота Рахат сомдады. 

Қойылымның бір ерекше-лігі – трилогияның екінші бөлімінің театр сахнасында жарық көруі. Отбасындағы өзекті мәселені арқау еткен қойылым арқылы көкірегін қайғы басқан, сұлулығы мен дерті қатар жүрген нәзік жандылардың жан дүниесіне бойлауға болады. Онымен қоса, сыртқы факторлар әйел заты үшін қаншалықты әсер ететіні ашық көрініс табады. Шығармада Испания ауылдарының бірінде тұратын баласыз әйелдің өмірі баяндалады.

Қойылым басталардан бұрын актерлік құрамның мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино артисі Күлжәмилә Белжановамен әңгімелескен едік. Ол сұхбат барысында өзекті қойылымды жарыққа шығаруда режиссердің ізденісі мен еңбегінің орасан екенін атап өтті. Актрисаның сөзінше, режиссер трилогиялық шығарманы Ғабит Мүсірепов театрында, Қазақстан бойынша тұңғыш рет қойып отыр екен. 

– Елімізде өзіндік қолтаңбасы бар, жас болса да мықты режиссерлердің бірі Дина Жұмабаеваның трилогиялық шығарманы театрымызда қоюы – әрине, үлкен жаңалық әрі мақтаныш. Режиссермен бірлесе жұмыс істеген өте қызық, өйткені ол үнемі ізденіс үстінде жүреді және бізден де сол қасиетті талап ете білетін маман. Ол жалған нәрсені сахнаға жібермейді, керісінше барлығын шындыққа жақындатуға тырысады. «Йерма» – бедеулік туралы қойылым. Басты рөлдегі кейіпкерлер сахнада бүкіл жан-тәнін салып ойнайды. Өз басым актерлердің талантына сүйсініп, олар үшін қуанып отырамын. Режиссеріміз Йерманың рөлін сомдаушы Ақботаның потенциалын сезді, оны одан сайын ашқысы келді. Сондықтан режиссер бұл қойылымды Ақбота Рахат үшін арнап қойған. Өзім қойылымда өмірді көрген, шалқыған кемпірдің рөлін сомдаймын. Ол басты кейіпкерге өзінің ақылын айтады, бірақ алғашқыда барлығын көріп тұрып айтуға қимайды. Алайда соңында бәрібір Йермаға ішіндегісін ақтарып салады. Кемпір аңғал, таза көңілімен Йерманы өзінің келіні болса екен деп, тілегін білдіреді. Бірақ шығарма желісі бойынша Йерманың таңдауы басқа, – дейді К.Белжанова.

Екі сағатқа созылған қойылым соңына жеткеннен кейін көрермен ыстық ықыласын көрсетіп, сүйікті актерлеріне гүл шоқтарын табыстады. Залда көрермен тарқасқаннан соң басты рөлдегі кейіпкерлерді сахна сыртына іздеп бардық. Театр сахнасында 20 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан белді актрисалардың бірі Ақбота Рахатты әңгімемізге тарттық. Осыған дейін «Алтын сақа» театрішілік жаңа қойылымдар фестивалінде «Үздік әйел адам бейнесі» атағына ие болған актриса Йерма рөлін алып шығу оңай болмағанын, оның терең ізденісті талап ететін күрделі рөлдердің бірі екенін айтады.    

– Қойылымның дайындығына үш апта берілді. Үш аптада қойылымды әзірлеп шығаруымызға тура келгендіктен, расында уақыт өте тығыз болды. «Йерма» – психологиялық тұрғыдан өте ауыр, терең қойылым. Сондықтан таңнан бастап түнге дейін осында үздіксіз дайындық жұмыстарын атқардық. Аталған қойылым – менің Дина Жұмабаевамен жасаған екінші жұмысым. Режиссермен тіл табысу, бір-бірімізбен түсінісу мен үшін қатты қиынға соқты деп айта алмаймын. Екеуміздің арамызда жақсы бір тандем болды. Меніңше, ең бастысы – түсіне білу. Арада тығыз байланыс болмаса, сапалы жұмыс жүзеге аспайды. Дайындық барысында режиссер тарапынан берілген тапсырмаларды орындап, оны әрі қарай дамытуға тырыстым. Осындай рөлді бойымнан көріп, жауапкершілік жүгін сеніп табыстағаны үшін режиссерге және қойылымның жарыққа шығуына атсалысқан әріптестеріме алғысымды білдіремін, – дейді ол.

Ақбота Рахаттың айтуынша, қойылым театр сахнасына жол тартар алдында актерлік құрам арасында біршама талдау болған. Әрқайсысы өз қиялына ерік беріп, табысталған рөлді жан-жақты дамытуға тырысады. «Талдау кезінде Хуанды да, Йерманы да кінәлап, соңында бір түйінге келдік», – дейді актриса. Ақботаның сахнадағы серігі, Хуанның рөлін сомдаушы – Елдар Отарбаев. Бұл театр саласындағы екі әріптестің үлкен рөлде алғаш рет сахналық серіктес болуы екен. Ақбота ханым екеуінің арасындағы серіктестік рөлді дамыту үшін бастапқыда қиындықтар болғанын, алайда кейіннен бір-бірін түсініп, рөлді әрмен қарай алып кетуге тырысқанын айтады. Қойылымдағы Йерма түрлі сезімді бастан өткеретін кейіпкер. Күледі, қайғырады, көз жасын тауысып жылайды. Осы ретте мұндай ауыр сахналар актрисаның психологиясына қаншалықты әсер етті деген сауал туындайды.

– Әр режиссердің өзіндік жұмыс істеу тактикасы болатыны рас. Мен өмірде эмоцияға бай адаммын. Көбі сабырлы, байсалдысың деп айтып жатады. Бірақ өзімді іштей эмоцияға бай адаммын деп есептеймін. Қойылымның әсері – кішкене шаршаңқырап, әлсірегенім шығар. Дегенмен кейіпкердің бейнесіне рөл деп қарауымыз тиіс. Қойылымға кіргеннен кейін кейіпкердің бейнесінде өмір сүресің, бірақ рөлден шыққаннан кейін оның бейнесін сыртқа алып шықпауың, екеуін ажырата білуің маңызды. Шыны керек, қойылымдағы әр сахнаны ой-елегімнен өткізіп, түнімен ұйықтай алмаймын. Тіпті, бір күнімді сол қойылымға арнаймын. «Йерма» рөлінде екі сағат бойы көрдің ішінен шықпайсың. Бұл дегеніміз – актриса көрдің ішінде екі сағат бойы өмір сүреді деген сөз. Йерма – сахнада ойнаған сайын тереңдейтін, ашыла беретін кейіпкер, – деп сөзін түйіндеді театр актрисасы А. Рахат.

Қойылымда екі бірдей рөлді алып шыққан театр актрисасы Нұржамал Әбілқиясқызы аталған шығарма мазмұнының біз өмір сүріп жатқан қоғаммен байланысы барын негізге алды. Актрисаның сөзінше, пьеса желісі бойынша Йерма тұратын ауылда жасы үлкен, орта және кіші жастағы қыз-келіншектер бар. Ал Бибігүл сол әйел қоғамының ішіндегі жасы кіші қыздың рөлін сомдайды. Жас қыздың болмысы Йермаға жанашырлық таныта білетін кейіпкер ретінде сипатталады. Екінші рөлі – бетперделі қыз. 

– Негізі, бұл шығармада бетперделі адамның рөлінде қыз, жігіт және бала бейнелері бар. Алайда режиссердің шешімі бойынша біз үш бейнені жинақтап, нәтижесінде бір кейіпкер етіп шығардық. Бетперделі қыздың бойында сайқымазақтық та бар. Бірақ оның басты мақсаты – Йерма мен Хуанды жұбату, бір-біріне жақындастыру әрі көтеріңкі көңіл күй сыйлау еді. Бір жақта трагедия болып жатса, менің кейіпкерім оларға жарық сыйлауға тырысады. Қойылымда әйелдің бала сүюге деген құштарлығы болады, сондықтан ол жақсылықтан үмітін үзгісі келмейді. Өкінішке қарай, оған сыртқы факторлар да қатты әсер етеді. Әйел адам үшін бұл қиын, себебі ол қаласын, қаламасын – сырттың әсері мен ой-пікірін көңіліне алып, жүрегі сыздап ауырады, – дейді актриса Н.Әбілқиясқызы.

Трилогиялық шығарма театрда сахналанатын «Оян, қалыңдық», «Йерма», «Бернарда Альбаның үйі» қойылымдарын қамтиды. Алғаш 1934 жылы жазылған «Йерма» пьесасын автор «трагедиялық поэма» деп сипаттайды. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы