Ақмола облысының бес ауданы мен Көкшетау қаласында төтенше жағдай жарияланды

Қазіргі уақытта әсіресе Астрахан ауданына қарасты Старый Колутон селосындағы жағдай аса ауыр.

Ақмола облысында Көкшетау қаласында және бес бірдей ауданында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Атап айтқанда Есіл, Жарқайың, Атбасар, Бұланды, Астрахан және Көкшетау қаласында төтенше жағдай жарияланды. 

Қазіргі уақытта әсіресе Астрахан ауданына қарасты Старый Колутон селосындағы жағдай аса ауыр. Арнасынан асып кеткен Колутон өзені бірнеше шақырым жерді басып кеткен. Арқыраған ағын су жол бойын тұтастай шайып кеткені белгілі болды. Қазір бұл ауылға тек қайықпен ғана жетуге болады. Старый Колутон селосында екі көше толықтай суға батқан. Төтенше жағдай қызметінің мәліметінше, жалпы саны 160 адам құтқарылған. Старый Колутон ауылымен қатар бұл ауданда Жаңа Тұрмыс, Ягодное, Зеленое, Астрахан ауылдары мен Колутон стансасы ішінара суға кеткен. 

Ал соңғы деректер бойынша Атбасар қаласында жағдай ушыға түскен. Мұнда қазіргі уақытта 19 көшені су басып қалған. 111 адам эвакуацияланған оның ішінде 1 жүкті әйел мен 25 балалар. Алдын ала есеп бойынша жүзге жуық үй мен бір мектеп суға кеткен. 

«Атбасарда су тасқынымен күреске жеке құрам, жергілікті атқарушы органдар және азаматтық қорғаныстан құралған 123 адам жұмылдырылған. Тәулік ішінде ғана 20 мың текшеден астам су сорылып, 2500 қап қапталып, 1500 қап құм төселіп, бөгендер қойылды. Тасқынға қарсы күрес жалғасып жатыр», – деді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінен. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы