Өлексе басқан өңір

Теріскей аймақтың облыстарын түгелге жуық қамтыған биылғы жұт­тың ауыр салдары енді басталатын сияқты.

Қыстың қытымыр аязы мен жем-шөптің тапшылығынан, әсіресе қыс бойы дала төсін еркін жайлайтын жылқының жаппай қырылғаны көптің көкейінен әлі де болса шыға қойған жоқ. Бұл орайда елді мекендерде арнайы мал қорымдарының талапқа сай болмауы да үлкен қиындық туғызып тұр. Жылқышылар мен ауылдардың қарапайым халқы айналада малдың өлекселері қаптап кеткенін айтып дабыл қақты. Жергілікті билік орган­дарынан еш қарекет болмаған соң өңірде эпи­демиялық түрлі жұқпалы аурудың өршіп кетуінен қауіптенген тұрғындар мен жылқышылар өз күші­мен өлекселерді жинап, өртеп жат­қанын айтады.  

Қыс бойы қалың қардың бетіне жауған жаңбырдан дала түгел мұз басып, тісіне ілігер шөп таппай жүдеген жылқы жаппай қырылған. Айналада жылқының  өлекселері толып  кеткенін айтып, жылқышылар мен ауыл адамдары  дабыл қаққалы қашан. «Жығылғанға – жұды­рық» болып тұтас елдің шыбын жанын шүберекке түйгізген су тасқынынан Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарына қарасты су басқан ауыл­дардың ірілі-ұсақты малы мыңдап суға ақты.  Қазір ылғал дегдіген соң шығып та жатыр. Ахуал Ақмола облысының бірқатар ауданында аса алаңдатарлық.  Әсіресе, қыл құйрықты Қамбар ата түлігі көп қырылған Зеренді, Степногор, Біржан сал, Бурабай және Ақкөл аудандарында өлекселердің қолқаны қабатын күлімсі иісі қазірдің өзінде ауылдағы ағайынға сезіне бастаған. 

«Дала түгел жылқылардың өлексе­леріне толып кеткен. Жылқы көп қырыл­ған Зеренді ауданының Ақадыр, Ұялы, Абай, Васильков сияқты ауылдарында, жалпы Омбы тасжолының бойымен жүргеннің өзінде дала түгел өлекселерге толы. Оларды тазартып жатқанын өз ба­сым көрмедім. Жергілікті атқарушы ор­ган­дарға талай мәрте айттым. Бірақ әкім­дік «арнайы комиссия қарайды, тексереді» деп уақытты созбақтатып жатыр. Ертең мамыр айына таман шыбын-шіркей шыққан соң түрлі эпидемияның таралып кетуі әбден ықтимал. Қазір жылқышылар өлген жылқыларды өткен айлардан бері көлік тіркемесімен тасып үйіп жатырмыз. Күніне екі-үш өлексені алып келіп өртеп, шұңқырға көміп тас­тамақпыз. Бірақ жаппай далада толып жатқан өлекселерді тазартуға шама жет­пейді. Оның үстіне, маңайдың бәрінде жаппай өлген еліктің өлекселері де толып жатыр. Оны алып жат­қан да ешкім жоқ. Жағдай өте қиын», – дейді Васильков ауылынан жылқышы Темірбек Ғалымов. 

Жылқылар жүздеп қырылған аймақ­тың бірі Степногор және Біржан сал аудан­дарында елді мекендердегі қазіргі жағдай аса күрделі болып шықты. Әсіресе, Бестөбе кентінің тұрғындары ауыл маңын­­дағы қоқыстар мен далада шашы­лып жатқан өлекселердің еріген қар сула­рымен ағып ауызсу ретінде тұтынып жүр­ген Сілеті өзеніне түсіп эпидемиялық ауру­лар тудыра ма деген қауіпті жасыр­мады. 

«Жұтта қырылған жылқылар мен бас­қа да ірілі-ұсақты мал қоқыстарда, тіпті ауылдың ішіне дейін толып жатыр. Қазір Бестөбе кентінің айналасындағы қоқыс­тар жаппай өлексеге толған. Жеті мыңға жуық халық тұратын елді мекенде заңды тіркелген қоқыс полигоны да жоқ. Сон­дықтан қазір ауылдың айналасын түгел­дей кемінде 20 шақырым шаршы аумақты қоқыс басып жатыр. Тіпті, елді мекенге дейін таяп қалды. Онда жылқылардың өлекселері үйіліп те, шашылып та жатыр. Мал қорымы деген атымен жоқ. Кезінде Кеңес Үкіметі тұсында болған екен. Бірақ қазір өлген малды жұрттың көбі сүйреп апарып қоқысқа тастай салған. Степно­гордың іргесіндегі Қарабұлақ сияқты ауылдарда тұрғындар өздері бас болып өлекселерді өртеп тазартып алды. Бірақ Бестөбедегі жағдай аса қауіпті. Егер СЭС, ветеринария мен жергілікті әкімдік қаре­кет қылмаса, эпидемиялық аурулар күрт таралуы әбден мүмкін. Қазір су тасқыны кезінде еріген қар суларымен өлекселердің Сілеті өзеніне түссе, ауыр індеттің бас­талып кетуі де ғажап емес», – дейді Бес­төбе кентінің тұрғыны Николай Катчиев. 

Елді мекендегі жағдайды білу мақса­тында Бестөбе кентінің әкімі Сырым Қабаймен де тілдестік. Әкімнің айтуын­ша, ауылда арнайы заңдастырылған мал қорымы жоқ. 

«Жұт кезінде өлген мал мен жылқы­лардың өлекселерінің ауылдың айна­ласында көп екені рас. Дегенмен қазір  барлық қоқыс басындағы шашылып жат­қан өлекселер мал қорымы болмағанымен, қазылған шұңқырға тасымалданып, бәрі тазартылып жатыр. Мұнда өлген малдың бәрі Степногор қалалық ветеринария стан­сасы өкілдерімен бірге өртеледі. Ке­шелі бүгін осы шаруаны ұйымдас­тыру­дамыз. Кенттің бір жақ бөлігіндегі өлек­селер бүгін тағы тасымалданып, бәрін бірге шұңқырда өртейтін боламыз», – деді Бестөбе кентінің әкімі  Сырым Қабай. 

Өңірде өлекселердің тым көп екенін Ақмола облысының Ветеринария басқар­масының басшысы Талғат Жүнісов те мойын­дады. Басқарма басшысының мәлі­метінше, қазір облыс әкімдігі барлық аудан округ әкімдіктеріне жұт кезінде қырылған малдың өлекселерін жинап тазарту, чиптері бар малдың санын анықт­ап, зардап шеккен мал иелеріне қара­жат беруді қарастыруды тапсырғаның жеткіз­ді. Облыстың бас ветеринарының айтуын­ша, өңірде нақты заңдастырылған мал қорымдары саусақпен санарлық. Әрі өлген малды оған сыйғызу да мүмкін емес. Сондықтан облыс әкімінің тапсыр­масы­мен барлық өлексені арнайы қазыл­ған шұңқырларда өртеп жіберу жүктелген. 

«Иә, өңірде жұттың салдарынан қы­рыл­ған өлексенің көп екені рас. Облыс әкімі барлық аудан әкімдеріне жұттан қырылған малдың өлекселерінің тізімін алып, зардап шеккен адамдарға өтемақы төлеуді жүктеді. Қазір аталған бағытта өңір­дің барлық ауданында жұмыс жүргі­зіліп жатыр. Облыс бойынша нақты заң­дас­тырылған тек 8 мал қорымы бар. Қал­ғаны қарапайым шұңқырлар. Жел­тоқсан-қаңтар айынан басталған жұттан өлген малдың санағы жасалып, тізімде бар малдың иелеріне тиісті өтемақы тө­лен­бек. Қазір бұл жұмыстармен жергілікті аудан­дар мен округтарда әкімдіктер ай­налысып жатыр. Аштықтан өлген малдан қан­дай ауру шықсын. Ешқандай эпи­демиялық қауіп төнеді деп айта алмай­мын», – дейді Ақмола облысы Ветеринария басқар­масының басшысы Талғат Тоқ­байұлы. 

Жағдайды одан әрі анықтау мақса­тында облыстың Санитарлық-эпидемия­лық бақылау департаментінің басшы­лығы­мен де тілдестік. Ведомство мәлі­ме­тінше, күні бүгінге дейін облыста малдың өлекселерінен аурулар таралу тіркел­меген. Дегенмен егер мал өлекселері көп қалған жағдайда күн жылынған шақта түрлі эпидемиялық жұқпалы індет тара­луы әбден мүмкін. 

«Қазірге дейін бізге өлекселердің көбейіп кеткені туралы ақпарат түскен жоқ. Сондай-ақ өлген малдан аурулар да тіркелген жоқ. Негізі, аталған мәселемен облыстың ветеринария қызметі мен жергілікті атқарушы органдар айналы­сады. Ауызсуға өлекселердің түсіп кетуіне келсек, қазір су тасқынына байланысты облыстың барлық аймағында ауызсуға онсыз да тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр», – дейді Ақмола облысының Са­ни­тарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Серік Омарханов. 

Жұттан жұтаған жұртқа енді  қосымша індет қосыла ма деген ойдың өзінен тұла бойың түршігеді. Құзырлы органдар дереу әрекет етіп, жұттан қырылған малдың өлек­селерін күн жылынбай тазартып ал­маса, іс насырға шабуы әбден мүмкін екені тағы ақиқат. Сондықтан тез арада ортақ істе жұмыла әрекет ету қажет сияқ­ты... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы