Көмектен кенде қалмады

Қарағанды облысының Шет ау­данында қарғын судан келген залал есептеліп, арнайы құрылған комис­сия шешімімен зардап шеккен тұр­ғындарға үйлер сатып алынды.

Бюджет қаражаты есебінен баспанасы жарамсыз болып қалған бес отбасы өз­де­ріне үй таңдап алды. Алдағы күндері тағы бір отбасына жаңа үй салына бастайды. Басты себеп – ауылда сатылатын үй бол­ма­ғандықтан, жаңасын салу туралы ше­шім қабылданды.

Ал апатты деп танылмаған басқа 54 үйде жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Тұр­ғындар осы мақсаттар үшін өтемақы алып, мәселені өз бетінше шешуге ниет білдірген.

Красная поляна  ауылының тұрғыны Ақмарал Мусина өз отбасы үшін қолайлы үй таңдады. Көпбалалы ана мәселенің тез арада шешілгені үшін алғысын айтты.

– Біз өтемақы мен материалдық көмек алдық. Үйді өзіміз таңдадық. Әкімдік ұнаған үйдің біреуін сатып алып береміз деді. Айта кетейін, мүліктік өтемақы мен тұрғын үйді біз өте тез, бір апта ішінде алдық, – дейді Ақмарал Мусина.

Стадниченко отбасы үшін де Красная поляна ауылынан үй сатып алынды.

– 30 наурыз күні таңертең үйге су кіре бас­тады. Техникадан біз тек тоңазытқыш пен пешті алып үлгердік, қалғанының бәрі жарамсыз болып қалды. Бір-екі күн құр­бымның үйінде тұрдық. Қазір біз жөн­деуден өткен 2 бөлмелі үй алдық. Үл­кен залы бар, дәретхана мен жуынатын бөл­ме, орталық су құбыры, монша, көмір бар. Ауласына бақша салуды жоспарлап отыр­мыз. Сондай-ақ материалдық көмек пен бүлінген мүлік үшін өтемақы алдық. Қазір біз туыстарымызда тұрамыз, бірақ жаңа үйге көшеміз. Барлығы тез шешіл­геніне өте қуаныштымын, – дейді көп­балалы ана Надежда Стадниченко.

Сондай-ақ Шет ауданында су тасқы­нынан зардап шеккендерге 100 АЕК мөл­шерінде біржолғы әлеуметтік көмек және бүлінген мүлік үшін өтемақы төленді. 

Қырылған мал шығыны өтелді. Өлген мал барлық ветеринариялық-санитария­лық нормаларды сақтай отырып жойылды.

– Біз су тасқыны кезінде бес сиыр мен бір құлыннан айырылдық.  Жақында мал ал­дық. Сондай-ақ бізге генератор, теле­дидар әкелінді. Бізде ағаш өңдейтін тех­никамыз, мұздатқышымыз бұзылды. Бұл за­лал бізге толығымен өтелді, – дейді Ақсу ауылының тұрғыны Айжан Қашкен­баева. 

Су басқан елді мекендерде құдықтар мен ұңғымаларды түгендеу жүргізіледі. Аптаның соңына дейін дезинфекциялық жұмыстар атқарылады.

Кентішілік жолдарды қалпына келтіру жалғасуда.

Осылайша, аудан тұрғындары көмек­тен кенде қалмады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, 

Қарағанды облысы