Өмірінде 60-қа жуық шайқасқа қатысып, әлемнің 200-ге жуық қалаларын бағындырған батыр әрі батыл қолбасшы. Тарихшылар оған ымырашыл, бейбітсүйгіш адам ретінде баға береді. Дешті Қыпшақ даласын билеген хандардың да өмір жолын оқып-ақ олардың арғы атасы Жошының қандай болғанын аңғарамыз. Биыл – Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл. Осы орайда ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаевпен сұхбаттасқан едік.
– Берекет Бақытжанұлы, ең әуелі Жошы ханның тұлғалық болмысына тоқтала кетсек. Жошы қандай қолбасшы болды?
– Шыңғыс ханның тұңғышы Жошы ХІІ ғасырдың 80 жылдары, нақтырақ айтқанда 1182 жылы туған. Жошы жас күнінен-ақ қолбасшылық қабілетімен көзге түседі. Әкесімен бірге көптеген шайқасқа қатысты. Ең әуелі Шыңғыс хан 1206 жылы Моңғолия аумағындағы барлық қарсыластарын жеңіп, билікке келгенін баяндасақ. Сол кезде моңғол-түркі тілдес тайпалардың бәрі қаласын-қаламасын Шыңғыс ханды түгел мойындайды. Тіпті, «Моңғолдың құпия шежіресі» кітабында өлеңмен:
«Тимучин, бейбіт заманда жарлығыңызға құлақ аспасақ, онда бүкіл малымыз сізге садаға. Ал соғыс кезінде жарлығыңызға құлақ аспасақ, онда малымыз да, жанымыз да садаға», – делінген сөздер кездеседі. Оның астарында үлкен мән жатыр, өйткені Шыңғыс хан осылайша тұтас Моңғолия жерінде жеке-дара атқарушы билік орнатқанын көрсетеді. Ендігі кезекте солтүстігіндегі орман тайпалары, оңтүстігі және батысындағы тайпалар, яғни біздің ата-балаларымызға қарсы жорық ұйымдастырыла бастады. Соның ішінде 1207-1208 жылдары алғашқы орман тайпаларына қарсы жорықты тұңғыш ұлы Жошыға сеніп тапсырады.
Олардың құрамында сол кездегі қырғыз тайпалары, буряттар да болды. Жердің шалғайлығына қарамастан, жас әрі батыл Жошы атақты қолбасшылармен бірге жауға тұтқиылдан шабуыл жасап, қарсыласын тез арада бағындырып алады. Бұл Жошының ең алғашқы сәтті жорығы болды. Одан кейін 1213-1215 жылдары моңғол әскері қытайдың солтүстігіндегі патшалықтарға шабуыл жасады. Бұл жорықтарда да үш бағытқа бөлінген әскердің бір бөлігін Жошы басқарды. Мұнда да ол өзінің соғыс тактикаларын шебер меңгергенін көрсетіп жеңіске жетеді. Сол сәтте Шыңғыс хан ұлының батырлығы мен ержүректігіне тағы да куә болып, қолбасшылық өнеріне дән риза болады.
Ал 1216 жылы Дешті қыпшақ аумағына келіп, бұрын бағынбай қашып кеткен меркіт тайпаларын Орталық Қазақстандағы Ырғыз даласында талқандайды. Ол кезде Жошының қол астында көп болса, бір түмендей (15-20 мыңдай) әскері болған. Дәл сол кезде Дешті Қыпшақ аумағына оңтүстіктегі Мауренахр аймағынан Мұхаммед Хорезм-шах 80 мыңға жуық әскерімен жорыққа келеді.
Екі елдің арасында әлі ешқандай да байланыс орнай қоймаған, мемлекетаралық келісімшарттар жасалмаған кез. Жошы соғыспай бейбіт тарасуды ұсынады. Бірақ соған қарамастан Мұхаммет Хорезм-шах өз әскерінің көптігіне сеніп ұрысты бастап жібереді. Әрине, Жошы сол жерде шайқасуға бел буады. Тіпті, Хорезм-шахтың ставкасы қолға түсе қала жаздап, алғаш рет моңғол атты әскерінің соғыс шеберлігіне куә болады.
Арада бірнеше жылдан кейін Шыңғыс ханның 15 мың әскеріне қарсы шықпай, әр қалада жеке-жеке горнизонға бөлініп соғысу тактикасын қолданады. Бұл бүкіл империяның бас-аяғы екі-үш жыл ішінде ойсырай жеңіліп моңғолдардың қолына өтуіне алып келді.
Кейіннен 1219-1222 жылдары Шыңғыс ханның батысқа, яғни Дешті Қыпшақ, Хорезм жерлеріне жорығы барысында да Жошы моңғол әскерінің бір бөлігіне қолбасшылық етеді. Шыңғыс ханның өз әскерін үшке бөліп шабуыл жасауын сегіз ғасыр өткен соң Екінші дүниежүзілік соғыста Гитлер қайталағанын көреміз.
Зерттеулерге сүйенсек, Шыңғыс ханның шайқас алаңына шығатын әскерлерінің саны 120 мың, тағы 30 мың қосымша әскері болған. Ал Мұхаммед Хорезм-шахтың әскері 350-400 мыңға жуық. Сол кездегі соғыс заңдылығына сүйенсек, шабуылдаушы жақтың әскері қорғанушы тараптан үш есе көп болуы керек. Ал бұл жағдайда, керісінше, Шыңғыс әскері үш есе аз болса да, Хорезм еліне соғыс жариялап отыр. Бірақ геосаясатта «Соғыс қажет болса, сылтау табылады» деген қағида бар. Шыңғыс ханның негізгі мақсаты Жібек Жолы бойындағы маңызды қалаларға иемдік ету, бақылау орнату болды. Оны билікке әкелген ірі феодалдық топтардың мүддесі де жоқ емес. Өйткені оларға да мал шаруашылығымен айналысатын көшпелі тайпаларға қажетті жер тауып беру керек. Осылайша, моңғол әскерінің бірінші тобын басқарған Жошыға әкесі «Сырдария өзенінің ортаңғы және төменгі ағысындағы қалаларды бағындырып, Хорезм астанасы болған Үргенішке оралу» туралы тапсырма береді. Әскердің екінші бөлігіне Шағатай мен Үгедей жауапты болса, үшінші бөлігін Шыңғыс ханның өзі мен кіші баласы Төле басқарады.
Соның ішінде Жошы әбден қалыптасқан қолбасшы, стратегиялық, тактикалық тұрғыдан тиімді шұғыл шешімдер қабылдай алатын, өжет, батыр, ержүрек тұлға екенін көрсетті. Ол өзіне жүктелген міндеттерді бұлжытпай орындай алды. Сыр өңіріндегі қалалардың кейбірін соғыспен алса, енді бірін бейбіт жолмен 1221 жылы толық бағындырды. Одан бөлек, жаулап алған халықтарының ішінен тағы бір түмен әскер жасақтап, оларды Үргенішке аттандырады.
– Шыңғыс хан осы себепті Жошыға дәл осы аумақты басқаруды тапсырды ма? Тарихта оны өз әкесі өлтірген деген деректер шындыққа жанаса ма?
– Негізі Шыңғыс ханның батысқа жорығында оның әскері Солтүстік Иран, Кавказ, Дербент арқылы оңтүстік орыс жерлеріне жетіп, 1223 жылы сол жерде қыпшақ және орыс әскерлерін талқандап, Каспийдің солтүстігіндегі Еділ-Жайық арқылы қайтып оралады. Бұл «барлау арқылы соғыс» деп аталады. Осылайша, Әмударияға дейінгі барлық жер Моңғол империясының құрамына қосылады. 1224 жылы Шыңғыс хан әрі қарай еліне қайту үшін құрылтай жасап, сол аумақты заңды әйелі саналатын бәйбішесінен туған төрт баласына бөліп береді. Тұңғыш баласы Жошыға Дешті қыпшақ даласынан Ырғызға дейінгі жерлерді берді. Әрине, бұл жерде этникалық және шаруашылық принципті негізге алғаны түсінікті, себебі бұл аймақты мекен еткен тайпалар да көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын. Жазда жайлауда болса қыста Сырдарияның төменгі, орта ағысы бойын мекендейтін. Осы өңірлердің барлығын ұлы Жошыға тапсырды.
Жошы 1216 жылғы меркіттермен шайқаста өзі көрген Ұлытау өңірін орталығы ретінде таңдап алады. Бірақ ол 1227 жылғы Қытайға қарсы соғысқа қатысқан жоқ. Әрине, Жошының ерлігі жауларының көбеюіне әсер етпей қоймайды. Соның әсерінен әкесі мен баласының арасына от салушылар пайда болды. Деректерде Жошы 1227 жылы ақпан айында немесе ерте көктемде қайтыс болғаны айтылады. Ал оның қалай көз жұмғаны жайында аңыз-әңгіме өте көп. Халық арасында ақсақ құлан теуіп өлтірген, Шыңғыс ханның өзі жіберген адамдар омыртқасын үзіп өлтірген, у берген деген сынды нұсқалары тарайды. Бірақ одан көп ұзамай сол жылы Қытайға жорығында Шыңғыс ханның өзі де көз жұмады.
– Ел арасында Ұлытаудағы Жошының зиратына қатысты алып-қашпа әңгіме көп. Бұл шынында да Жошының кесенесі екені ғылыми тұрғыда дәлелденді ме?
– Жошы билік еткен кезде әлі де мұсылманшылықтың белең ала қоймағаны рас. Жошының ұлдары өте көп, бір дерек бойынша 18, 13 немесе 14 деп кездеседі. Оның ішінде заңды ұлдары: Орда Ежен, Батый, Шибан, Берке және тағы басқа осы өңірде қалғаны белгілі. Бірақ таққа неге бірінші ұлы Орда Ежен емес, екінші ұлы Батый отырды деген қарама-қайшы пікірлер кездесіп жатады. Бұл туралы «Шыңғыснама» еңбегінде де, «Рашид-ад-дин» жылнамалар жинағында да кездеседі. Бірақ Жошы ұлысының тағына Батый отырғаны анық.
Ал қазір Орталық Қазақстанда орналасқан Жошы ханның мавзолейі деп аталатын ескерткішке алғаш рет 1940-1950 жылдары толыққанды зерттеулер жүргізгендердің бірі – Әлкей Марғұлан.
– Бұл зерттеу экспедициясына Қаныш Сәтпаевтың да қатысы бар ма?
– Қаныш Сәтпаев бұл өңірлерді геологиялық тұрғыдан зерттеді. Ғалым болғандықтан ол көрген-білгендерін түртіп жүргені белгілі. Мысалы, Ұлытаудағы тасқа жазып қалдырған Әмір Темірдің жазбасын алғаш рет тауып, сол жайында ақпарат берген – Қаныш Сәтпаев. Ол тасты кейіннен Мәскеуге алып кетті. Ал оның көшірмесін Жезқазған қаласындағы музейден көре аласыздар.
Әлкей Марғұлан зерттеулерінің қорытындысы өте құпия сақталған, сондықтан онда жерленген адамға қатысты түрлі нұcқа кездеседі. Мысалы, бір деректерде, бір қолы жоқ шолақ адам жерленген десе, енді бір еңбектерде ересек адам мен жас баланың сүйегі табылған делінеді. Дегенмен қазір біз осы зират Жошы ханның мавзолейі деген нұсқаға келіп тоқтадық. Әрине, жасыратыны жоқ ХІХ ғасырдан бастап, еліміздегі барлық мавзолей мен қорған мен төбе, Ресейден келген алтын іздеушілер тарапынан тоналды. Бүгінде Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» кездейсоқ аман қалған, ал Шілікті жерінен табылған ескерткіш ол тоналып содан қалғаны ғана. Ресей империясы тұсындағы түркология ғылымының негізін қалаушы ғалым Василий Радлов та көптеген қорғанды жабайы алтын іздеушілердің төбеден тесіп, тонап жатқанының куәгері болған. Ол мұны тоқтату қажеті туралы кейіннен Үкіметке хат жазады.
Осылайша, еліміздегі барлық ескерткіш пен обаның 90 пайызына жуығы тоналып кеткен. Осыдан кездейсоқ аман қалған тарихи жәдігерлерімізден қазір сенсация жасап отырмыз. Жошы ханның кесенесі де ғылымға белгілі болғаннан кейін, оның қирамай аман қалғанының өзі біз үшін бақыт. Сондықтан кім не десе де, біз үшін ол Жошы ханның мавзолейі болып қалуы керек.
Мысалы, Жапониядағы императорлық әулеттің тарихы 2 600 жылға созылып жатыр. Салыстырып айтқанда, Ресей империясында да бірнеше әулет ауысты, бізде де Ашина әулеті, Шыңғыс әулеті, кейіннен большевиктер басқарды. Қытайда да билеуші әулет өте көп. Жапонияда әлі күнге дейін билік құрып отырған әулеттің негізін қалаған адам күн нұрынан жаратылған деп сенеді. Бүкіл жапон қоғамы осыған иланады. Ғылыми тұрғыдан оның ет пен сүйектен жаралған жан екеніне көзі жетіп отырса да, осындай ұлттық құндылықтарына күмән келтірмейді. Сондықтан біз де өз тарихымызға үңілер кезде халықтың санасына ғасырлар бойы сіңіп қалған құндылықтарды сақтап тырысқанымыз абзал.
Деректерде ХVІ ғасырда Шайбан елінің ханы Абдулла ІІ Ташкент билеушісі Бабаханмен соғысып жүріп Ұлытау өңіріне келгені жөнінде айтылады. Сол жорығында Жошының мавзолейі тұрғанын көреді. Бұл сол кездегі жазба деректерде бар. Одан кейінгі еңбектерде де осындай мәліметті кездестіруге болады. Демек ол көптеген ғылыми еңбекте баяндалғандықтан, бұл Жошы ханның кесенесі деп айтуға толық негіз бар. Дегенмен мавзолейдің архитектурасына қарайтын болсақ, бұл классикалық үлгідегі Қазақстандағы діни ескерткіштердің қатарына жатады. Ал Жошының өзі ХІІІ ғасырдың бірінші ширегінде әлі де ислам діні етек жаймаған кезде өмір сүрді. Демек бұл ХІV-ХV ғасырда салынған. Мәселен, ХІV ғасырдың бірінші жартысында Өзбек ханның билігі тұсында Ақ Орда, Көк Орданың гүлденгені және Ақ Орданы билеген Ерзен хан өзі билік құрған кезеңде көптеген ғимарат, ханака мен мешіт-медресе салғызғаны айтылады. Сол кезде ата-баба әруағына құрмет ретінде Жошы ұрпақтарының бір өкілі хан-бабасының басына кесене тұрғызған болуы мүмкін.
– Жошы негізін қалаған Алтын Орда секілді алып империяның 2,5 ғасырға жуық салтанат құруының сыры неде?
– Ғалымдардың арасында Алтын Орданың билік құрған жылдарын нақты қай жылдан бастаймыз деген талас-тартыстар кездеседі. Біреулер осы Жошы ұлысы құрылған 1224 жыл дейді. Бірақ ол кезде Жошы ұлысы Моңғол империясының бір бөлігі ғана болды. Кейіннен 1235-36 жылы Жошы ұлысының негізінде Моңғол империясының аумағы Дунайға дейін жетіп, екі есеге ұлғайды. Бірақ ол жылдары да орталық әлі Қарақорымға қарайтын. Демек оны жеке-дара Алтын Орда империясы деп қарастыра алмаймыз. Тек Ертіс пен Еділ аралығындағы Жошы ұлысы бар. Ал Моңғол империясының заңды ыдырауын 1269 жылғы Талас құрылтайынан бастаймыз. Оған дейін 1959 жылы соңғы қаған Мөңке қайтыс болған соң, бір мезгілде Қытайда және Қарақорымда екі қаған: Қытайдағы моңғол ақсүйектері Құбылайды, ал Қарақорымда Төленің ең кіші ұлы Арықбұғаны сайлайды. Осындай талан-тартыс кезінде қаласын-қаламасын Үгедей мен Шағатай ұрпақтарын екі жақ өздеріне одақтас етті. Дәл сол сәттерде Үгедейдің немересі Хайдудың да таланты байқалады. Оған Шағатайдың ұрпағы Барақтан жеңіліс тауып отырған жерінен Берке хан 50 мыңға жуық әскер жіберіп, көмек берді. Үгедейдің Қадан деген ұлынан тарайтын Қыпшақ атты немересі екеуінің арасына түсіп татуластырып, бір келісімге келуге шақырады. Осылай Жошының, Үгедейдің және Шағатайдың ұлдары бірігіп Талас құрылтайында өздері билік құрып отырған аумақтарды бөлісіп алады. Төленің ұрпағы Құбылай Қытай жерінде, Құлағу Иран жерінде өз биліктерін жүргізіп отырғандықтан, бұл жиынға қатысқан жоқ. Сондықтан тарихшылар 1269 жылды Шыңғыс ханның тікелей ұрпақтары арасында қалыптасқан саяси шешім нәтижесінде Алтын Орданың құрылған жылы деп санайды.
Дегенмен бұған кейбір ғалымдар Алтын Орданың негізі 1242 жылдан бастау алады деп есептеген. Неге десеңіз, Батый 1241 жылы Үгедейдің қайтыс болуына байланысты жеті жылдық жорығын тоқтатады. Бірақ қайтар жолда 1242 жылдың соңына таман Сарай Бату қаласының маңына жеткенде Қарақорымда бүкіл моңғол ақсүйектері ант беріп, Үгедейдің жесірін жаңадан қаған сайлап қойды деген хабар жетеді. Оған наразы болған Батый өзі де Қарақорымға бармай қалып қояды, Жошының өзге ұрпақтарына да баруға тыйым салады. Сондықтан тарихшылар осы датаны Алтын Орданың құрылған жылы десе, 1269 жылы ол Моңғол империясының құрамынан толық бөлініп шықты деп есептейді.
Шығыстағы шекарасы Ертіс өзіне болса, батыстағы шекарасы Днепрдің арғы жағына дейін созылып жатты. Дегенмен Батый екінші ұл болғандықтан Алтын Орданың өзі Еділдің оң жағалауы мен сол жағалау болып екі қанатқа бөлінген. Батысында Батый ұрпақтары, шығысында Орда Ежен мен оның ұрпақтары билік құра бастайды.
– Жошы ұрпақтары Египетте ислам әлемін қорғап қалған мәмлүктермен қандай байланыста болды? Бұл қазақ тарихына қатысты құнды деректердің араб тілінде көптеп кездесуіне әсері етті ме?
– Алтын Орда мен мәмлүктер арасындағы байланыстың негізін қалаған – әрине Сұлтан Бейбарыс. Ол 1260-1277 жылдар аралығында бар болғаны 17 жыл билік құрды. Ол билікке келген кезде Египет пен бүкіл мұсылман әлеміне үлкен қауіп төніп тұрған болатын. 1258 жылы шығыстан Құлағу келіп Бағдадты, 1259 жылы Алеппо, 1260 жылы Сирияны алды. Әрі қарай Иерусалимге келе жатқан болатын. Франция королі де сол кезде Таяу Шығысқа крест жорығына аттанған. Осындай қиын кезеңде Египет мұсылманның туын ұстап қалды. Себебі Бейбарыс сұлтан крест жорығына төтеп беріп, 1260 жылы Иерусалим жақта Құлағудың әскеріне соққы береді. Осы сәтте Кавказдан келген саудагерлермен бірге Египеттің жансыздары Құлағудың солтүстігіндегі мемлекеттің билеушісі мұсылман екенін анықтайды. Мұны естіген Бейбарыс сұлтан Берке ханға: «Сен де мұсылман екенсің, ендеше, Бағдат халифін өлтіріп, мұсылмандарға қысымшылық жасап отырған туысқаның Құлағуға қарсы соғыс ашуға міндеттісің. Себебі Мұхаммед пайғабарымыз (с.ғ.с) да ақиқаттың жолында туысқандарымен қан төгіскен. Бұл ғазауат шаруасы», – деп хат жазады. Сонымен қатар Бейбарыс сұлтан өзінің де Дешті қыпшақ өлкесінен шыққанын жеткізеді. Әрине, бұл екі ел арасындағы қарым-қатынастың нығаюына әсер етіп, Берке оған өзінің қызын береді.
Қазір Бейбарыс сұлтанның шыққан жері жайында тарихшылар арасында көптеген келіспеушілік бар. Біреуі кавказдық десе, енді бірі хорезмдік дейді. Бірақ дәл осы мәлімет оның Дешті Қыпшақ жерінен екенін, оның ішінде Еділ мен Жайық арасын мекендеген елбөрі тайпасынан екендігін дәлелдейді.
Осылайша, 1262 жылы бірінші болып Берке Құлағуға қарсы соғыс ашады. Нәтижесінде, Құлағу Египетпен соғысудан бас тартады. Сол кезеңнен бастап Тоқтамысқа дейін Алтын Орда мен Египет арасында дипломатиялық, саяси, экономикалық берік байланыс орнайды. Сол себепті де Алтын Ордаға қатысты деректердің көпшілігі араб тілінде сақталып қалған.
– Жошының үлкен ұлы Орда Ежен қазақ халқының қалыптасуына үлкен негіз болған деп жатамыз. Еділдің оң жағалауында билік құрған Ақ Ордада саяси ахуал қалай болды?
– Әрине, Ақ Ордада салыстырмалы түрде саяи тұрақтылық болды. Алғашында батыс өңіріндегі тайпалар Шымтайды алауыздықты басуға шақырған болатын. Бірақ тек Шымтайдың баласы Орыс хан ғана барып, сол өңірге баласын басшы етіп өзі ордасына қайтып оралды. Себебі оңтүстіктен Әмір Темір қауіп туғыза бастады. Одан кейін Орыс хан Ақ Орданы жеке мемлекет етіп ресми ақша шығара бастады. Бірақ Әмір Темірдің күші басым түсіп, Шағатай ұрпақтарының басын біріктірді. Одан Хорезм, Моғолстан соңынан төрт рет соғыс ашу арқылы Ақ Орданы бағындырды. Дегенмен Тоқтамыс Әмір Темірдің арқасында билікке келсе де 15 жылдай Алтын Орда мен Ақ Орданың басын біріктірді. Бірақ бәрібір 1391 жылы және 1392 жылы екі рет жорық жасап, соңғы шайқаста Алтын Орданы толық талқандады. Тарихшылар бұл жорық Алтын Орданың омыртқасын үзді деп баға берген.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Кәмила ЕРКІН