Бұған дейін облыс орталығында ауданаралық, қалааралық жолаушылар көлігіне қатысты шешімін күткен мәселелер аз емес еді. Соның ішінде жолаушыларға сапалы қызмет көрсететін автобекет жайы көпті толғандыратын.
Бұған дейін қаладағы ескі автобекеттің талапқа сай болмауынан ауданаралық және қалааралық автобустар ашық аспан астында жұмыс істеуге мәжбүр болды. Жолаушылар тасымалы бір ғимаратқа зәру болғанымен, бұл келеңсіздікті жедел шешу мүмкін болмады.
Көп жылдан бері шешімін таппай келген бұл мәселенің түйіні биыл ғана тарқатылды. Игілікті бастамаға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ұйытқы болды. Қызылорда қаласының сол жағалауынан жаңа автобекет ғимаратын салуға дереу шешім қабылданып, көпшіліктің үзілген үміті қайта жалғанды. Жаңа автобекет халықтың талап-тілегі мен сұранысына сай сол жағалаудан бюджет қаржысы есебінен 975 млн теңгеге заманауи үлгіде бой түзеді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында «Көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс» деген болатын. Бұл тұрғыда автобустармен жолаушы тасымалдау – үлкен сұранысқа ие қызмет. Соған сәйкес, жолаушылар мен жүк тасымалын ұлғайту, қызмет сапасын жақсарту мақсатында былтыр жаңа автовокзал салу жөнінде шешім қабылданды. Осылайша, Сырдың бас шаһары тағы бір әсем, заманауи нысанмен толықты. Құрылысшыларымыздың құрыш қолынан шыққан әсем ғимараттан алыс жолға аттанған жолаушылардың жолы ақ, сапары сәтті болсын! Аймақ экономикасының кірісін еселейтін көліктер легі толастамасын! Ел мен елдің, ағайын мен туыстың арасын жалғайтын татулықтың тұтқасы, сауда-саттық пен іскерлік байланыстың алтын көпірі болсын!», – деді автобекет ғимаратының ашылу рәсімінде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуге негізделген жаңа ғимаратта жүргізушілерге, мүгедектігі бар азаматтарға барлық жағдай қарастырылған. Жолаушылар автовокзалдан халықаралық және түрлі бағыттағы 38 маршрут бойынша сапарға шыға алады.
Сол жағалауда бой түзеген жаңа автобекет ғимараты жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіп қана қоймай, әсем келбетімен қала көркін айшықтай түсті. Тұрғылықты халықтың да көптен күткен тілегі қабыл болып, зор ризашылығын білдіруде. «Қаладағы автобекет ғимаратын салу көп жылдан бері шешімін күткен мәселе еді. Заман талабына сай жабдықталған жаңа ғимарат көпті қуанышқа бөледі. Енді ауданаралық, қалааралық сапарға шыққан жолаушылар жайлы қызмет алатын болды. Бұрынғыдай аптапты ыстық пен аязды күндері ашық аспан астында әбіржіп тұрмаймыз. Осы орайда халықтың талап-тілегін ескеріп, елдің жайын ойлаған аймақ басшысына көпшіліктің алғысы шексіз. Күн санап көркейіп жатқан қаламыздың тағы бір көрікті ғимаратпен толығып жатқанына қуаныштымыз», – деп ризашылығын білдірді қала тұрғыны Сапар Әли.
Жалпы, соңғы жылдары Сыр өңірінде барлық сала бойынша ілгерілеу байқалады. Соның ішінде жолаушылар тасымалы саласының материалдық-техникалық базасын нығайтып, аймақта автопаркті жаңарту ісі басымдыққа ие. Атап айтқанда, Қызылорда қаласындағы қоғамдық көліктің мәселесін түбегейлі шешу үшін жаңадан 300 автобус, мектеп оқушыларына 30 автобус, денсаулық сақтау саласына 70 жедел жәрдем көлігі берілген. Бұдан өзге, орманшыларға 95 техника, ветеринария саласының мамандарына – 30, құқық қорғау органдарына 92 қызметтік автокөлік, төтенше жағдайлар қызметіне 17 арнайы техника алынды. Сол сияқты «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауының жеңімпаздарына күнделікті ел тұрмысына ең қажетті деген заманауи үлгідегі 29 арнайы техника берілді. Осы орайда айта кету керек, биыл облыс тұрғындарының сұранысына сәйкес барлық елді мекендегі денсаулық сақтау ұйымдарына 200 санитарлық автокөлік сатып алынбақ.
Сонымен қатар қала тұрғындарына арзан бағамен қызмет көрсететін 100 экотакси 1 млрд теңгеге алынған. Электр қуатымен жүретін бұл көліктер ортақ желі арқылы жұмыс істейді. Ең бастысы, жолаушыларды діттеген жеріне сенімді әрі қауіпсіз жеткізеді.
Өңірде атқарылған өрелі істер мұнымен шектелмейді. Биыл «Қазақстан темір жолы» компаниясының және жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 600 млн теңгеге жуық қаржыға тоғыз жолдың торабындағы бас қақпа – теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өткізілді. Бүгінде вокзал аумағы абаттандырылып, жаңадан жарық шамдар орнатылған. Сондай-ақ жуырда «Қызылорда – Семей» бағытындағы жолаушылар пойызына 44 заманауи вагон алынып, толығымен жаңаланды.
Сыр халқы асыға күткен әуежайдың жаңа терминалының құрылысы да аяқталуға жақын. Терминал құрылысы «Болат Өтемұратов» қорының қолдауымен 17 млрд теңгеге жуық қаржыға халықаралық талаптарға сай етіп салынып жатыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы