Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынына байланысты жағдай әлі де күрделі. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Евгений Журавлев мәлім етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Облысымыздағы жағдай әлі де күрделі. Сергеев су қоймасы 149 % толып, су бөгет шыңынан 2 метр 61 сантиметр асты. Тәулік ішінде 9 сантиметр төмендеді. Есіл өзенінде су деңгейі көтеріліп келеді. Өзен жағасының маңында орналасқан Қызылжар ауданының елді мекендері мен Петропавл қаласында үйлерді су басу деректері тіркелген. Қазіргі сәтте облыста 2401 үй және 1115 үй маңындағы аумақтарды су басқан», – деді департамент өкілі.
Облыс аумағында жалпы саны 12 235 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Оның 2 919-ы – бала. Бір тәулік ішінде 2 947 адам, оның ішінде 488 бала эвакуацияланған.
Әзірге тек 44 адам үйіне қайтып барған.
Өңірде 3 590 бас мал қауіпсіз жерлерге көшірілген.
«Тасқынның негізгі толқыны Қызылжар ауданының Тепличное, Прибрежное кенттеріне келді. Бұл елді мекендерде 565 үйді су басып, 2 287 адам эвакуацияланды. Соңғы тәулік ішінде су Большая малышка, Соколовка, Вишневка, Ольшанка елді мекендеріне кіріп, 317 үйді су басты, 1562 адам эвакуацияланды. Су деңгейі әсіресе Петропавл қаласында көтеріліп тұр. Алайда жуыр маңда біртіндеп түседі деп отырмыз», – деді ол.