Шығыс Қазақстан облысында су тасқынының екінші толқыны басталды. Бұл туралы ШҚО ТЖД ТЖ алдын алу басқармасының аға инженері Аяулым Кекиева Республикалық ақпарат штабы брифингі барысында айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
– Орта таулы аймақта және таулардың оңтүстік беткейлерінде қар жамылғысының еруіне байланысты облыста су тасқынының екінші толқыны басталды. Қазіргі уақытта облыстың солтүстік, солтүстік-шығыс және шығыс аудандарында, Риддер қаласы мен Алтай, Самар, Марқакөл, Глубокое, Қатонқарағай, Күршім, Шемонаиха аудандарында су тасқыны қаупі туындауы мүмкін, - деді ол.
Аяулым Кекиеваның айтуынша, бүгінде қар жамылғысының ауданы облыстың 44%-ын құрайды. Облыстағы аудандардың басым бөлігінде қар қоры және ондағы судың мөлшері нормадан 1,5-2 есе жоғары.
– Су тасқыны жағдайын уақытылы бағалау үшін тұрақты түрде аэровизуалдық тексерулер жүргізіледі. Мобильді топтар күн сайын тәулік бойы мониторинг жүргізеді. Алдын алу іс-шараларының жоспарына сәйкес жағалауды нығайту және өзендердің түбін тереңдету, бөгеттер салу, қапшықтар төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді Кекиева.
Жергілікті атқарушы органдар арналарды, арықтар мен көпірлерді тазарту бойынша жоспарланған жұмыстарды аяқтады.