Батыс Қазақстан облысы Жайық өзенінде су деңгейі көтеріліп, салдарынан саяжайда орналасқан 2 994 үй су астында қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Орал қаласының төңірегіндегі саяжайлар Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінің жайылмаларында орналасқан.
Жайық өзені бойынша секундына 3 мың текше метр су келіп жатыр.
«Су тасқыны басталғаннан бері 13 732 адам эвакуацияланса, соның 5 703-і – бала. Эвакуациялық пункттерде 2 300 адам орналасты, соның 1 062-сі – жеткіншек. 11 432 адам туыстарына барды. Облыс бойынша 4 915 бас мал қауіпсіз жерлерге айдалды. Барлығы 1 млн 020 мың текше метр еріген қар суы сорылып, 844 мың дана қапшық және 5 857 мың тонна инертті материал төселді. Апаттық-құтқару жұмыстарына 6 507 адам, 1 201 техника, 196 су сору құралы, 101 дана жүзу құралы және 3 тікұшақ жұмылдырылған. Апаттық-құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды жүргізу үшін 7 өңірден қосымша күш-құралдар тартылды», – деп хабарлады ведомстводан.
Қазір Орал қаласында Перевалочный тоғайы, Коминтерн, Курени ауданы, әуежай, теміржол вокзалы, Жас натуралистер станциясы, Жайық өзеніндегі көпір тұсына ерекше көңіл бөлінуде.