Су тасқыны: «Самұрық-Қазына» қандай көмек көрсетті?

«Самұрық-Қазынаға» қарасты компаниялар тобы су тасқынына қарсы күреске 15 млрд теңге бөледі.

Сондай-ақ, әуе билеттері құнына да  шек қойылды – ол су тасқыны кезінде 40 мың теңгеден аспайтын болады.

«Самұрық-Қазына» қоры су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 15 млрд теңге бөледі. Қордың корпоративтік орталығы, «Қазмұнайгаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақстан темір жолы», QazaqGaz, KEGOC, «Қазақтелеком», «Эйр Астана», «Самұрық-Энерго» көмек көрсетті.

 

Бұл ретте қор қызметкерлері қаражат жинайды және гуманитарлық көмек сатып алады, сондай-ақ өңірлердегі авариялық-құтқару жұмыстарына қатысады. Бүлінген инфрақұрылым мен тұрғын үйлерді қалпына келтіруге көмектеседі.

 «Қордың тобына кіретін авиакомпанияларда авиабилеттерге арнайы төмендетілген тариф енгізілді. Бұл көптеген қазақстандықтарға су тасқыны болып жатқан жерлерден кетуге мүмкіндік береді. Ол үшін «Эйр Астана» тобымен 40 қосымша рейс және «Qazaq Air» 2 қосымша рейс ұйымдастырылды, – деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

 

Айта кетейік, авиакомпаниялар сұраныстың артуына қарамастан тарифтердің құнын көтерген жоқ, керісінше, 13-24 сәуір аралығында Атыраудан тікелей рейстерге арнайы тариф енгізді. «Эйр Астана» және FlyArystan билеттерінің құны бір бағытта эконом-класта 40 мың теңгені құрайды. Qazaq Air-да билеттердің құны 24 сәуірге дейін су тасқыны болып жатқан барлық бағыттар бойынша 40 мың теңгеден аспайтын болады.

«Эйр Астана» мен FlyArystan су тасқыны басталғаннан бері 60 тоннадан астам гуманитарлық жүк тегін тасымалдады, бұл ақшалай түрде ондаған миллион теңгеге тең.

Сонымен қатар қор табиғи апатпен күресу үшін қажетті техникалар мен адамдарды ұсынды. Топ бойынша барлығы 25 мыңнан астам адам жұмылдырылып, 865 бірлік техника және 414 тонна ЖЖМ бөлінді.

Штаттан тыс жағдайларға жедел ден қою үшін 45 шайып кетуге қарсы және 47 өрт сөндіру пойыздары ұйымдастырылды. «ҚТЖ» ҰК» АҚ арнайы техниканы Қазақстанның басқа өңірлерінен су басу аймақтарына жедел тарту үшін вагондар бөледі.

Бұл ретте теміржол көлігімен 22 мыңға жуық адам тасымалданды, оның 12 мыңы – тегін. Су тасқыны кезінде теміржол билеттерінің құны көтерілмегенін және сол деңгейде қалатынын атап кетеміз.

Мәселен, купе вагондарында Орал-Қызылорда және Атырау-Алматы пойыздарына билеттер құны 13 915 теңгені, плацкартта - 9 216 теңгені құрайды. «Атырау -Астана» пойызында жол жүру купе үшін 18 114 теңге және плацкарт үшін 11 898 теңге тұрады.