Қаржылық мониторинг агенттігі ақпараттық жүйеге көрінеу жалған ақпаратты енгізу арқылы жүк көліктерін заңсыз тіркеу мән-жайы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Тергеу барысында 2022 жылдың наурыз айы мен қыркүйек айларының аралығында Қонаев қаласы «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ мамандандырылған ХҚКО қызметкері 413 жүк көлігінің бастапқы тіркеуін жүргізу барысында көлік құралдарының санатына қатысты ақпараттық жүйеге көрінеу жалған ақпарат енгізген.
Нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 3 млрд 156 млн теңге көлемінде көлік құралдарын бастапқы тіркеу алымы түспеген.
Аталған азаматқа қатысты сотпен күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеп-тексеру жалғасуда, өзге ақпарат ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.
Егер сіз өкілеттіктерді теріс пайдалану, қаражатты жымқыру немесе басқа да экономикалық құқық бұзушылықтар фактілері жайлы білсеңіз, "АФМ Insider" телеграм ботына хабарлауыңызды сұраймыз.
Хабарласқан адамдардың жеке дерегі құпия сақталады.