Қазіргі уақытта ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша мемлекеттік айыптаушы, Астана прокурорының аға көмекшісі Айжан Аймағанова Instagram парақшасында жазба жариялады.
Прокурордың айтуынша, ол аз уақыт ішінде танымалдылыққа ие боламын деп ойламаған. Тек жалған парақшалардан аулақ болғысы келген.
"Бұл менің әлеуметтік желілердегі жалғыз парақшам, менде TikTok жоқ. Студенттік кезімнен @zhakiti парақшам бар, осыған орай осындай атау алды. Қазір прокуратура қызметкері ретінде маған жүктелген барлық жауапкершілікті түсініп, бар парақшамды @aimaganova_a деп өзгертуге және қоғамға ашық әрі пайдалы болуға шешім қабылдадым", – деп жазды ол.
Атышулы Бишімбаев ісі бойынша мемлекеттік айыптаушы қазіргі уақытта желіде белсенді бола алмайтынын айтып, көпшілікке көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.
"Өмірде қолданатын көп нәрсе ұқтым. Бір айтып кететін жағдай: адам болып өмірге келген соң адам болу – міндет. Сондықтан болып жатқан істерге бейжай қарау – бір сүйкімсіз адами қасиет. Ең бастысы, жүрекпен сезініп, жақсы ниетіңді аямау. Жан-жақтағы болып жатқан оқиғаларға немқұрайлы қарамайық, қол ұшын беріп көмектесейік", – деп түйіндеді прокурор.