Қазақ-қырғыз қатынасы дамып келеді

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қырғызстан Жоғарғы Кеңесінің бұрынғы Төрағасы, Қырғыз Республикасының Батыры, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Медетқан Шеримкуловпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар өзара мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуда екі елдің зиялы қауымының рөлін және халықаралық алаңдардағы бірлескен іс-қимыл аясындағы мәселелерді талқылады.

Мәулен Әшімбаев қазақ-қырғыз қарым-қатынасы барлық салада қар­қынды дамып келе жатқанын атап өтті. Бауырлас елдердің екіжақты байланысына жоғары деңгейдегі белсенді диалогтың ықпалы зор. Бұл ретте осы күндері өтіп жатқан Қырғызстан Прези­дентінің Қазақстанға ресми сапары ерекше мәнге ие.

Сұхбат кезінде Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесінің VI отырысында қол жеткізілген уағдаластықтарға баса мән берілді. Атап айтқанда, екі ел арасын­дағы одақ­тастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шарттың маңызы сөз болды.

Сонымен қатар тараптар парламен­т­аралық диалогты нығайту және саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды кеңейту мәселе­леріне де назар аударды.

Сенат Төрағасы ғылым, әдебиет, мә­дениет, өнер, тарих, руханият салаларын­дағы ынтымақтастықты дамытуда және түркі әлемінің бірлігін нығайтуда зиялы қауымның әлеуетін пайдаланудың маңызы зор екенін тілге тиек етті.

Өз кезегінде Медетқан Шеримкулов ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар аясындағы жұмысты жоғары бағалады. Сондай-ақ ол ортақ мәдени және адамгершілік құндылықтарды дәріптеу ісінде Ақсақалдар кеңесі аясын­дағы белсенді өзара іс-қимыл үшін ал­ғысын білдірді.