Оралға жеткізілген азық-түлік сұрыпталған соң, отбасылардың қажеттілігіне қарай теңдей бөлініп, таратылады. Бұл үшін зардап шеккендер тиісті құжаттарын көрсетсе жеткілікті. Қазір көмек алушылардың тізімі реттелген. Бұл жолғы көмек үйін су басқандардың ішінде пәтер жалдап немесе туыстарын сағалағандарға ғана беріледі. Өйткені эвакуациялық орталықты паналаған тұрғындар азық-түліктен өзге де керек-жарақпен толық қамтамасыз етілген. «AMANAT» партиясының атсалысуымен бес күнде 2 мыңға тарта отбасы азық-түлікпен қамтылды. Әр отбасына 30 келі ұн, 5 литр сұйық май, қант, қарақұмық пен макарон өнімдері үлестірілуде. Бұл азық-түлік қоры отбасылар үшін бір аптаға жетеді деп жоспарланған.
«Бірінші күні біз бұл жұмысты журнал арқылы ұйымдастырып едік. Өкінішке қарай, бір отбасыдан бірнеше адам келіп алып кеткен фактілер тіркелді. Сондықтан қазір біздің бағдарламашыларымыз арнайы база дайындап, бір адрестен тек қана бір отбасыға көмек беру керектігі жөнінде алгоритм жасап жұмыс реттеліп, жүйеленді», – дейді «AMANAT» партиясы БҚО филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Афиза Семғалиева.
Ал павлодарлықтар Петропавлға тағы да гуманитарлық көмек жөнелтті. Бұл жолы жалпы салмағы 60 тонна болатын 3 жүк көлігі аттанды. Көмектің негізгі бөлігін азық-түлік пен көрпе жастық құрайды. Одан бөлек, гигиеналық заттар, құрал-сайман, су етік секілді аса қажетті дүниелер бар. Көмектің Солтүстік Қазақстан облысына аман жетуін жүк көліктерінің жүргізушілері өз мойнына алған.
Тасқынға тап болған өңірлерге «AMANAT» партиясы қосымша 150 тонна болатын көмек жөнелткен. Көмек қолын созғандардың қатарында жеке кәсіпкерлер де бар.
«Өзіміз де көмек көрсетейік деп түгел затты тегін ұсынып отырмыз. Өңірдегі жанар-жағармай стансалары да бізге шығып, көліктерді жанармаймен тегін қамтамасыз ететіндерін айтты. Бұл да үлкен көмек болды», – дейді жеке кәсіпкер Нұрболат Жайлаубаев.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл, – дейді жұртымыз. Кереку өңірінен партияластар, қоғам белсенділері, жастар бәрі қосылып, Петропавл халқына гуманитарлық көмек көрсетіп отырмыз. Бұл іске Павлодар тұрғындары ерекше атсалысты. Мүмкін болса, тағы жіберуге дайынбыз», – дейді облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдар Құрымбаев.
Бердібек ҚАБАЙ